Қайым ағаның сексен жасқа толатын мерейтойын асыға күткендердің бірі біздің «Семей таңы», Ұстазым туралы жазуды қалап сұрап алғам. Әрине, жазу үшін ежелден білгенің аз, қайта кезігіп, әңгімелесу керек. Ал, Қайым аға болса Алматыда. Редакцияға келе беретін баласы 6 қаңтар күні қайтатынын айтқан. Жиі-жиі үйіне телефон шалып қоямын. Тықылдаған ұл бала: – Үйде менен басқа ешкім жоқ ,- деп бір сөзден жаңылмай жауап береді де тұрады.
Ауырып келе алмай жатыр ма деген хауіппен Алматыға телефон шалдым. Алматыға телефон шалдым. Шынында 6 қаңтар күні қайтыпты. Семейге. Баяғы нөмірді қайта алдым.
-Атың кім , айналайын?
-Мұхамед.
-Нешедесің?
-Сегіздемін.
-Нешінші класта оқисың. Сабағың қалай?
-Екінші класта. Беске оқимын.
-Өзің бір ақылды бала екенсің. Атаң бар ма үйде?
-Атам ба… Атам…
Мақтауға марқайып қалған бала жалтара алмай мүдіріп тұр.
Біраздан соң Қайым ағанын дауысы естілді. «Сұрағандарға мені жоқ деп айт» деп телефонға кезекшілікке қойған сүйікті немересінің жағдайын түсінді деп ойладым іштей.
Қайым аға жолдан шаршаңқырап келген сияқты. Сексендегі адамға жол жүру де оңай емес. Әрі Алматы мен Семейдің ауа –райы екі басқа.Үйренгенше кез-келген адамға ауыр тиеді.
Уәде бойынша келесі күні үйіне іздеп барғанда мерейтойымен құттықтап қолын алдым.
-Өзіңнің де мерейтойың өтті. Теледидардан көрдім, қайырлы болсын!
Біз институтқа келіп түскен жылдары ол кісі қазіргі менің жасымда екен. Содан бері Қайым ағаның 50,60,70,75 жас мерейтойларына қатысыппын. Соның бәрінде ұстазымның талантына, парасаттылығына,адамгершілігі мен ақыл-ойының биіктігіне, кісілігіне бас иіп, табынған қалың қауымның ортасында үнсіз жүрген екенмін. Осы жылдар ішінде Қайым аға да газетімізге көп жазыпты. Қайым аға туралы да көп жазылыпты. Бірақ ол кісі туралы айтылар сөз таусылмақ емес.
Қайым аға балалық шағын айта бастаса тұтас бір тарихи дәуір еске түседі. Семей қаласының Жаңасемей жақ бөлігінде сол кезден күні бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатқан мешіт бар. Кезінде оны салдырған кісінің атымен Тінібай мешіті аталған.Сол мешіттің жанында Қайым ағаның әкесі Мұхамедханның үйі болған. Хат танитын сауатты, орысша, мұсылманша көп кітаптар, хиссалар жинаған және сол кезде шығып тұрған «Абай», «Айқап» журналдарын, «Сарыарқа», «Қазақ» газеттерін алдырып тұратын, ауқатты адамның үйіне қазақтың сол кездегі сүт бетіне шығар қаймақтары, оқымысты зиялылары жиі болып тұрады екен. Ол кісінің туған інісіндей болған Мұхаң, Мұхтар Әуезов оқудан демалысқа келіп, шығармашылығымен шұғылданып жүргенде, «Мұха, Сіздің үйге жолдастарыммен қонаққа баруға бола ма» деген мазмұнда хат жазып жібереді. Жолдастары он-он бес адам болады. Бәрі де қазақтың жақсылары мен жайсаңдары. Жандарында әнші-күйшілері ере жүреді. Бір-екі күн қона жатады. Шығармаларын талқылайды, пьесаларды қоюға дайындық жасайды. Қызықты әңгіме-дүкен құрады. Жаңағы Мұхамедтің жасындағы кішкене бала Қайым аға сол қызық думанды толық түсіне алмаса да әкесінің жанына еріп, ішінде жүреді. Семейде Құлжановтар өткізген Абайдың қайтыс болғанына жиырма жыл толуына арналған кешке де әкесімен бірге еріп барады.
1924 жылы бастауыш қазақ мектебіне оқуға түседі. Онда Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтардың оқулықтарымен оқиды. Кейін осының бәрін қайыра еске түсіріп, зерттеп халыққа жеткізген, «Абай» деген журналдың болғанын айтып қайта ашылуына ұйтқы болған және соған талмай атсалысып келе жатқан сол Қайым аға 1939 жылдан бастап жиырма жыл бойы М.О. Әуезов өзінің қазақ әдебиеті мен Орта Азия халықтары әдебиетінің тарихы туралы телегей теңіз білімімен сусындатты. Сол кісінің ықпалымен болашақ ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары айқындалды ,- деп жазады ол кісі 1989 жылы жазған өмірбаянында.
1940 жылы Абайдың ақын шәкірттері туралы мақалалар сериясын жариялайды. Жеке өмірінің бақыты да, біршама уақыт соры да болған осы тақырыпты ғұмыр бойы зерттеп келеді.
Қайым ағаның өз сөзімен айтсақ қазақта ақын көп, бірақ солардың Абайдан басқа бірде бірінің ақындық мектебі болмаған. Қазірге дейінгі барлық ақын өздерін Абайдың шәкірттеріміз дейді. Бірақ өзінің алдын көрген, ақылын алған, сөзін тыңдаған, ақын ұсынған тақырыптар бойынша шығармалар жазған, яғни Абай мектебінен тәрбиеленіп шыққан бір топ таланттар болған. Олар Шәкерім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл.
-Шәкерім ешбір мектепте оқымыған, университеті Абайдың алды болған. Ал, білім қандай дер еді Қайым аға.
Ұлы Мұхаңның бағыттауымен ғылыми-зерттеу жұмысына кірісіп кеткен Кәкең 1951 жылы осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап шығады. Үлкен айтыс болады. Бірақ бетпе-бет айтыс та ақиқатты айдай етіп дәлелдеп шығады.
Жеті-сегіз айдан кейін қайта айтыс басталады. Бұл жолы қасқайып тұрып айтысуға төтеп бере алмасын сезген қарсыластар құрығы ұзын үкіметті пайдаланады.
-«Абайдың шәкірттері» атты кітап баспада басылып жатқан. Алғысөзін Мұхтар Әуезов жазды. Жинаған мен. Алғашқы данасын қарап, қол қоюға маған Семейге жіберген екен.Соны қарап отырғанда ұстап әкетті ,- деп еске алады Қайым аға. Бес адам кеттік. Тарихшы Е.Бекмаханов, Е.Исмаилов, Б.Сүлейменов, Қ. Жұмалиев. Содан бес жылын Карлагта өткізеді.
Ол кезді еске алудың өзі ауыр. Теміртау деген тауды қашап шығардық. Жұмыстың ауырлығына шыдауға болады. «Барлығына Әуезов кінәлі» деп айт деп қинап, көрсетпейтіні жоқ. Мұхаңды құртқысы келеді ғой. Бірақ мен ол сөзді айтпадым. Не көрсем де өзім көрдім.
1955 жылы ақталып келсем, отбасымның баспанасын тартып алыпты. Үйімізге облыстық атқару комитетінің төрағасы кіріпті. Бала-шағам бір бөлмеге тығылған екен. Одан да куып шығарғалы жатқанда келіппін.
Азаттыққа шыққан соң Абайдың шәкірттері туралы зерттеуін қайта жалғастырады. Өзі ұсталғанда баспадан шығуға дайын тұрған кітаптар түгел өртелген. Өзіндегі жалғыз данасы КГБ да сақталған екен. Соны іздеп тауып алады.
-Бұл екі арада саясат өзгерді. Зерттеу аясы кеңейді. Сөйтіп, қайтадан жазуға тура келді. Бірақ жазғандарымды кітап қып бастырып шығара алмай келген едім. 150 жылдыққа «Абайдыңақын шәкірттерінің» төрт кітабын шығардым, 5-6 кітап етіп шығарамын ба деп едім, шама келмей жатыр. Мұның өзі күдер үзіп қойған шаруа еді. Заман өзгеріп, сәті келді ғой ,- дейді Қайым аға.
Әңгімеміз алғашқы басталғанда «бүкіл ғұмырымды Абайтануға арнадым» деген аға. Бұл сөзді аса мақтанышпен, ерекше бөлектеп айтқан жоқ. Кәдімгі жұмысқа барып келдім дегендей жәй ғана естілді. Ар жағында «бұл менің парызым еді,соны өтедім» деген сөз жатқан.
Абай сияқты алыпты тануды әркім-ақ мойнына ала бермейді. Алғысы келуі мүмкін, бірақ шамасы жетпейді. Шашылып қалады. Ұзақ ғұмырының жарты ғасырдан астамын Абайтануға арнаса, бітірген шаруаларының бірі, әрі Абайдың 150 жылдық тойына тартуы Абай шығармаларының текстологиясы.
Ұзақ жылдар бойы зерттеп, бір сөз емес, бір харіп үшін айтысып-тартысып келе жатқан осы тақырыпты да Мұхаң ұсынған. Абайдың алғашқы жинақтарында қате жазылған, жинақтарға енбей қалған өлеңдер барын Мұхаңның дана көкірегі бірден көрген. Өзінің мойнында да Абайға байланысты ұлан-ғайыр жүк тұрған Мұхаң бұл тақырыпқа « Талантты да талапты інім» деп көңілі құлаған, болашағына кәміл сенген Қайым сияқты шәкіртін бағыттаған.
Қайым аға алғашқы кезден-ақ осы бағытта өндірте жұмыс істейді. Абайдың жаңадан жеті өлеңін тауып, Мұхаңның алдында ғылыми негіздеп дәлелдеп, 1945 жылы шыққан жинағына енгізеді. Қолжазбалармен салыстырып, Абайдың стиліне қарап, бұрынғы шыққан жинақтарда қате басылған, бұрмаланып кеткен сөздерді зерттеп, кездесетін араб, парсы сөздерінің мағынасын ашады. Азап лагерінен келген соң жадап-жүдеген жағдайымды түзеп алайын деп алаңдамай, сол ізденісін жалғастырып, Абай өлеңдерінің текстологиясын жазуға кіріседі.
-Текстологияны бір жылда жазып шықтым. Бірақ, 1959 жылы 1200 дана болып азар басылып шықты. Қазір бұл кітап кезікпейді ,- дейді Қайым аға.
Қазір әркімнің-ақ Абайтанудың білгірі атанғысы келеді. Бірақ бәрінің де сайып келгенде Мұхамедхановтың алдына жүгінуге тура келетін жерлері аз емес. 150 жылдық мереке қарсаңында жетпістің жуан ішіндегі Кәкеңді Алматыға арнайы алдыртатыны да содан. Астанада бес жыл демалыссыз сарылып отырып жұмыс істеді. Сонда жатып «Абай» журналын шығаруға атсалысты. «Абай энциклопедиясын», «Жалын» баспасы шығарған «Қалың елім қазағым» атты Абайдың бір томдық шығармалар жинағын шығаруға қатысты. Ал,
негізгі жұмысы Абайдың екі томдық академиялық шығармалар жинағын шығару болды.
- Осы жақтан шығармалар жинағын төрт том етіп шығаруды жоспарлап барып едім,- дейді Қайым аға. Екі томдықты ғана шығаруға мүмкіндік болды. Ақын өлеңдерінде бұрмаланып, қате басылып жүрген 250 сөзді түзеттім. Көп өлеңдерінің қай кезде, қандай жағдайда жазылғанына, 120 сөзге түсінік бердім. Жаңадан сегіз өлеңін тапқам. Комментарий бөліміне болса да енгізілді.
Қайым аға осылайша атқарылған жұмыстарды айтса да көбейіп кетеді. Ал, алда атқарылар шаруаларды айтса одан да асып түседі.
– Алдағы мақсатым Абай өлеңдерінің текстологиясының толықтырылған жаңа нұсқасын шығару. Мұхтар Әуезовтың ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін 100 жылдық тойы келеді. Тойдың өтетіні жария болғанымен дайындық жұмысы әлі қолға алынған жоқ. Ал, Қайым ағаның өз жоспары өзінде.
– Мұхаңның ғылыми өмірбаянын жазу керек ,- дейді аға. Жала жабылып, сергелдеңмен жүрген кездерін жұрт біле бермейді. Абай, оның әулеті туралы біле тұра заман ағымына қарай бұрмалап айтқан көп сөздері бар. Көзі тірі болса соның бәрін өзі айтар еді. Қайта жазар еді.
Қайым аға үлкен жұмыстың шет жағасын ғана шығарып отыр.
- Алматының ауа райы денсаулығыма келмейді ,- деген бір сөзінде. Семейге қайтқысы да келеді. Менің түсінгенім еркі өзінде емес. Абайтануда атқарылмай қалған шаруаларды тәмамдап, Мұхтар аға тойының да жүгін өз еркімен мойнына алмақ. Парызға адалдық деген осы. Жанкештілік деген осы.
Ғылыми қызметі жөніндегі әңгіме аяқталуға жақындаған соң айналып келіп тағы да денсаулық жағдайы туралы сұрадым. Сол баяғы полигонның дерті, қан қысымы ма деп ойлаймын ғой.
– Қан қысымым қалыпты.Бір әлсіздіктің бойымды көтертпей жүргені.
– Оның жарасы жеңіл ғой, аға. Сексен жылдық мерейтойыңыздың қарсаңында курортқа барып демалып қайтпадыңыз ба?- дегем.
- Қымбат тұрады екен. Көп ақша керек,- дейді жайымен ғана Қайым аға.
Иә, былай қарап тұрсаң заман сол. Екінің бірі санаторий курорттатып жүрген жоқ. Қолы жеткен барады. Қолы жетпеген қалады. Бірақ екінің бірі Қайым Мұхамедханов емес қой.Бүкіл ғұмырын Абайтануға арнап, ұлан-ғайыр іс тындырған, Ертіс бойының ертеде болған зиялы азаматтарының өмірін зерттеп, жарыққа шығарған шежіре жанның жанкештілік еңбегі ешқандай ақшамен есептелмейді. Шіркін-ай, осындай адамның жолынаақшаны пішен ғып шашып қоятын байлар шықса, сол арқылы өзінің де абыройын көтерер еді-ау деп ойлаймын Қайым ағаның жүзіне қарап отырып.
Тілеубекова М. Ғұмырын ғылымға арнаған адам// Семей таңы.- 1996.- 16 қаңтар.- Б.2