Осыдан жүз он жыл бұрын   жиырма үшінші шілдеде Абай, он жыл бұрын отызыншы маусымда Қайым Мұхамедханұлы бақиға аттанды.

Абай мұрасын зерттеуді өзіне парыз санаған Қайым мен хәкім өлімінің арасында бір ғасыр жатқанын тылсыммен байланыстырғанымыз артық болар. Десек те осы бір кездейсоқты неге жорырымызды білмей қаламыз. Әке мұрасына соншалықты адал, қай еңбегінің қай бұрышта жатқанын бес саусағындай білетін Дина Қайымқызы  қазір бірыңғай Қайым Мұхамедханұлының еңбегін насихаттаумен айналысады. Қайым есімі насихаттауды қажет етпесе де, әркім өз атасын жоқтап кеткен заманда осы да жөн шығар деп ойлайсың. Дина Қайымқызымен болған сұхбатымыз сіздің алдыңызда…

 

Жақында Абайдың шөбересі дүниеден өтті. Қайым ағаға ол кісілер туыстай болып кеткен шығар. Қаза қайырлы болсын!

Екі апта бұрын Ишағы Жағыпарқызы дүниеден озды. Әкем Абай ұрпақтарымен өте жақын араласушы еді. Абай мен Шәкәрім ұрпақтары оған үлкен сеніммен қарайтын. Дүниеден бір адам кеткеніне әлі сене алмай отырсақ та, енді тек еске алау ғана қолымыздан келетінін іштей мойындап, әкем мен Ишан апайдың жазысқан хаттарын ақтарып шықтым. Ақын ұрпақтарының шежіресін кестемен сызған хаты бар екен.

Абайдың 165 жылдығы аталып жатқан күндердің бірінде Қайым Мұхамедханұлының Семейде ескерткіші ашылды. Ишан апай мен Ғазел апай сол кеде қарттықтың үлкен бір белінде тұрса да,  сол салтанатқа келіп, әкеме арналған шаралардың бәріне қатысты. Мен бұны ақын ұрпақтарының әкеме деген құрметі деп түсіндім. Ишан апайдың суреттері мен хаттары тарихтың бір парағына айналғанын қазір терең түсіне бастағандаймын.

Әкем Абайды, Шәкәрімді, Әуезовті қасиетті санады. Жетпісінші жылдары бір салтанатты жиында көпшілікке Мұғамила Әуезованы таныстырды. Ол кезде ешкім жазушының ондай қызы бар екенін білген жоқ.

Адам өмірі көбінесе әйел адамға байланысты деп жатады. Әкеңізден бұрын анаңыз туралы айтыңызшы?..

Бұл өмірде әйел адамның ақылы, мәдениеті, парасаты көп нәрсенің  шешіміне қатты әсер етеді. Анам Фархинұрдың әкесі Ахметжан Семейде екі мұнаралы мешіт салдырып, соның имамы болған. Үлкен нағашымыздың бәрі шариғат жолын ұстанған екен. Мұхамеджан Сейітқұловтың үйіне жастай келін болып түскен. Сол үйде жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялылары бас қосатын. Абай шәкірттері, «Алашорда» партиясының мүшелері Мұхамедхан атамыздың үйінде бас қосатын орталыққа айналдырып алған еді. 1948 жылы Всеволод Иванов ресми іссапармен Семейге келгенде де біздің әулеттің үйіне түсіпті. Әуезов те Семейге келген сайын осы үйге тоқтайды екен. Анам Мұхаңның жейдесін жуып, киімдерін жуып қояды екен. 1939 жылы Естай анамды көріп ән арнаған екен.

Атам  Мұхамедхан 1937 жылы  «халық жауы» аталып, атылып кеткен екен. Үйдегі бай кітапханасында әлем классикалары сол кездегі «Тәржіман», «Айқап», «Шора», «Абай», «Уақыт», «Дала уалаяты», «Қазақ», «Патша географиялық қоғамының жазбалары» сияқты мерзімді басылымдар, Абай мен Шәкәрімнің тұңғыш жинақтары, дін, философия кітаптары болған екен. «Абай» журналы, «Сарыарқа» газетінің  шығуына демеушілік те жасапты.

Әуезовтің «Қаракөз», «Еңлік-Кебек» пьесаларының алғашқы дайындықтары да атамыздың үйінде өткен. Сол кездері Әуезов Семейдегі мұғалімдер училищесінде оқиды екен. Әкем бес-алты жаста болса керек. Өзінің өмірлік ұстазын сол жерде көрген екен. Осындай отбасына анам келін болып түскен. Әжем Мақыпжамалдан анам Сейітқұловтар отбасының дәстүрін үйренеді. Дастарханды үнемі кең жасайтын. Өйткені, жастайынан күтетін қонағы үзілмейтін. Әкемнен ақыл-кеңес сұрауға тек қана оқыған азаматтар ғана емес, қарапайым адамдар да жиі келетін. Солардың бәріне құрмет көрсетіп, күтіп отыратын.

Әкеңіз «Карлагта» болған кезде де өлең жазумен, аудармамен айналысқан екен?

Бәріңізге белгілі,  әкем 1951 жылдың 1 желтоқсанында сталиндік режиммен жиырма бес жыл бас бостандығынан айрылды. Басты айып Абайдың ақындық мектебін зерттегені. Ғалымның сотталғаны, сол кездегі өмірі бөлек зерттеуді қажет етеді деп ойлаймын. Түрмеде әкем бірқатар өлеңдер жазған. Н.Карамзиннің «Сормаңдай Лизасын» аударды. Лермонтовтың «Вадимін» Абай, Пушкиннің «Дубровскийін» Шәкәрім аударғаны секілді қазақ әдебиетіне қосқан  сүбелі үлесі еді. Анам әкеме үнемі демеушілік көрсетіп отыратын. Декабристердің әйелдері сияқты әкемнің қиын ғұмырына ортақтасты. Әкем түрмеге айдалып кеткенде  анам жеті баласымен үйде қалады. Тіпті үйді де «халық жауының отбасы» деп тартып алады.Тар, бір бөлмелі үйде әкем ақталғанша тұрдық.

«Карлагта» жатқанында Хрущев пен Фадеевтің атына хат жазған екен…

«Карлагта» болғанда, «Карлаг» деген көп лагердің ортақ атауы. Біз сақталған хаттар арқылы әкеміздің қайда болғанын айта аламыз. «Дария», «Құлайғыр», «Шерубай», «Қарабас», «Долинка», «Просторное», «Теміртау». Тұтқындарды әр жерге ауыстырып отырған. Бұл ең ауыр, азапты жылдар еді. Ол көп жерге хат жазған. Бірақ оның хаттарына ешқандай жауап болмаған. Жалғыз ғана сол кездегі бір тұтқынның әйелі арқылы ғана Мәскеуге беріп жіберген жалғыз хаты Фадеев пен Хрущевтің атына жазылған, Фадеевтің қолына тиеді. Сол арқылы ақталып шығады. Оның өзінде ақталды деген үкім шыққаннан кейін, бір жылдан кейін босап шықты. Ол хатты сол жердегі бір тұтқынның әйелі теріп берген екен. Хатын теріп беру үшін сол әйелге жазған сәлем хатында: «Құрметтім 1,5-3 интервалмен мына хатты теріп беруіңізді өтінемін. Менің арызымда есімдері ұқсас екі тарихи тұлғаның аты кездеседі. Ол ақын Абай және хан Абылай. Қате кетпеуіне назар аударсаңыз.  Бұл арыз – менің тағдырым. Сіз мұны, әрине, терең түсінесіз. Менің тілегімді терең орындау арқылы сіз маған үлкен жақсылық істейсіз. Сормаңдайыңыздың бұл өтінішін орындаусыз қалдырмайсыз деп үміт қыламын» деп жазған екен.

Өзіңіз немен айналысасыз?

Мен Ленинградтағы Педагогика ғылымдары академиясының үлкендерге білім беру институтында оқып, Бостон университеті мен Монтана штатының университетінде Phd докторлығын қорғадым. Копенгаген бизнес мектебінің тәжірибесін қарап, менеджменттік саланың тиімді жақтарын зерттедім. «Мәдениет және әлеуметтік жауапкершілік», «Мақсатты менеджмент», «Бизнес этика», «Педагогика», «Психология» сияқты курстардан АҚШ-та, Семей мен Алматыдағы жоғары оқу орындарында сабақ бердім. Соңғы жылдары әкемнің атындағы қорды құрып, оның мұраларын зерттеуге,  жүйелеуге өз үлесімді қосу мақсатында жұмыс істеп жатырмын. Жыл сайын қуғын-сүргіндерді еске алу шараларын, олардың мерейтойлары кезінде жиындар өткізіп жүрміз.

Қайымның мұрасы қаншалықты зерттеліп жатыр?

Қайым Мұхаметхановтың поэтикалық мұрасы тақырыбында кандидаттық диссертация мен  «Ғалым мұрасы» (Ақмарал Смағұлова) атты монография жарық көрді. З.Сабированың «Қайым Мұхамедхановтың психологиялық портреті» атты ғылыми зерттеуі бар. Жыл сайын студенттер мен магистранттар бітіру жұмыстарына тақырып етіп алып жатады.Семей Педагогикалық институтында «Қайымтану» курсы оқытылады.

Рахманқұл Бердібаев: «Қайым көп қырлы тұлға. Оның әр қыры жіті зерттелуі керек. Абайды жетік білген абайтанушы. Ол ешқандай идеологияның қыспағына түспей, ғылыми шындығынан айрылған жоқ. Алашордалықтар мен Шәкәрім мұрасын жарыққа шығаруда Қайым сияқты еңбек сіңірген адам аз. Бүкіл алаштықтар қырғынға ұшырағанда Әуезов пен Қайым қалды. Қайым арқылы біз Бұхар жырау, Шортанбай, Дулат сияқты ақындармен таныстық. Ұлттың рухы Қайым секілді азаматтардың  бойында сақталды. Оның мұрасы біздің халқымыздың тарихы мен мәдениетінің қасиетті бөлшегі» деген болатын.Әкем туралы кітаптар, деректі фильмдер, мақалалар аз емес. Бірақ әлі де зерттеуді қажет етеді.  Жастар тарапынан қызығушылықтың бары қуантады.

Әкеңіздің абайтануға қосқан үлесі, еңбегі туралы айтсаңыз?

Әуезов әкемді «Талантты інім Қайым» дейді екен. Бала күнінен білетін шәкіртіне 1938 жылы жиырма екі жастағы Қайымға Әуезов үлкен үш тапсырма береді. Бірінші, «Абайдың ақындық мектебін» зерттеу, екінші, Абай музейін ашу, үшінші, Абай мұрасына түпнұсқа негізінде текстологиялық анализ жасау. 1930 жылдары Абайдың ақын шәкірттерінің мұрасына қауіп төнді. Көбіне халық аузында жүрген өлеңдері мен дастандарын  тезірек қағазға түсіру керек болды. Олардың өмірбаяны туралы да әлі ештеңе жазылы қоймаған уақыт еді. Әкем сол тапсырманың бәрін орындады. Әкемнің «Абайдың шәкірттері» атты еңбегі туралы Мұхтар Әуезов: Абайдың айналасындағы ақындардың ұмыт болып бара жатқан шығармаларын жинау мен зерттеуде, олардың өмірбаянын жазуда Қайым үлкен еңбек сіңірді. Болашақ абайтанушыларға пайдалы ғылыми тұжырымдар мен нақты деректер осы еңбекте молынан кездеседі» деп жазды. Академик Сильченко: «Мұхамедхановқа дейін Абайдың шәкірттері туралы зерттеу еңбегін жазу мүмкін емес еді. Өйткені, олардың шығармалары да, өмірбаяндары да белгісіз еді. Қайым солардың бәрін зерттеп, жүйеге түсірді»,-деді. Бұл шын мәнінде үлкен еңбек болатын. Қырқыншы жылдардың өзінде Қайым зерттеген ақын шәкірттері ғылыми айналымға еді. Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлұс», «Қисса Жүсіп», Мағауияның «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», Көкбайдың «Сабалақ», «Кенесары- Наурызбай», Әсеттің «Сәлиха-Сәлмені» мен «Евгений Онегин» аудармасы, Әріптің «Біржан-Сара», Тұрағұл мен Әубәкірдің өлеңдері мен аудармаларын жарыққа шығарды. «Абайдың ақындық мектебі» деген түсінікті Әуезовтің ақылымен ғылымға енгізеді.

Абайдың ақын шәкірттеріне орыс және әлем әдебиетінің ықпалы қандай болды дегенді де әкем назардан тыс қалдырмады. Ақылбай мен Мағауияның «Дағыстан» және «Медғат-Қасым» поэмаларына Пушкин мен Лермонтовтың  Кавказ поэмалары әсер еткенін, Ақылбайдың «Зұлұс» поэмалары әсер еткенін, Ақылбайдың «Зұлұс» поэмасының ар жағында Хагтардың «Сүлеймен патшаның қазынасы» жатқанын жазды. Және Абайдың өзінің қалай әсер еткенін де, оның сыны мен талабының жоғары болғандығын нақты дәйектер арқылы келтірді. Ол қазір барлық әдебиетшіге мәлім. Ғылымдағы осы бағыты үшін 1951 жылы жиырма бес жылға бас бостандығынан айырылды. Псевдоғалымдар:«Абайдың ақындық» мектебі жоқ. Тек марксизм мен ленинизм мектебі ғана бар. Абайдың шәкірттері буржуаз ұлтшылдар,  панисламистер, байлар» деп ұрандатты. Әкемді түрмеден ыстық, суық камерамен азаптап,  тырнағының астына ине тығыпты. Абайдың ақындық мектебі бар деген ұстанымынан бас тартуды талап еткен. Әкем Абайы да, ұстазы Әуезовті де сатқан жоқ. «Карлагта» өткізген бес жыл өмірін көп еске алмайтын. Ұмытуға тырысатын. «Алаштықтар атылып жатқанда, менің өмірім не дейсің» деп ойладым деп отыратын. Бір адамдық камерада отырғанын Әуезовке айтқанда, Мұхаң: «Біз Ташкентте түрмеде отырғанда Ахметтермен бір сағаттай жолығып, әңгімелесетін едік, сенің өзің жалғыз отырғаның қиын болыпты» деп жаны ауырса, әкем:  «Мұха-ау менікі люкс қой» деп әзілге сүйейді екен. Бұнысы өмірге деген құштарлықтан, болашаққа деген сенімнен болса керек. Өткенмен өмір сүруге болмайтынын сөзімен де, ісімен де дәлелдеп кетті ғой…

1940 жылдары Әуезов әкемді Абайдың жүз жылдық мерейтойын ұйымдастыратын комитеттің ғылыми хатшысы етіп тағайындайды. «Абай жолын» жазғанда нақты деректерді, архив құжаттарын әкеммен хат жазу арқылы біліп отырған екен. Абай музейінің директоры болған кезінде Абай атының кірлемеуімен көп күрескен. Қазір Абай ұлттың әкесіне, данышпан, данаға айналған. Ал ол кезде Абайды қаралауға, жоққа шығаруға құмар топтардың болғанын несіне жасырамыз. Абайды әрқашан қорғауға тура келеді. Абайдың әр кездері жазылған кей хаттары сақталған. Солардың бәрін жинап, Абай мазарын жаңарту жөнінде, ескерткішін ашып, көшеге атын беру туралы алғашқы бастамаларды әкем қозғап билік басындағыларға хат жазған. Солардың бәрі бүгін орындалды. Бұл – абайтанудан бөлек жұмыстар еді.

Абай өлеңдерінің мәтіндері алғашқы басылымында да, одан кейінгі жиырмасыншы жылғы жинағында да өзгеріске ұшыраған болатын. Солардың түпнұсқасымен салыстырып, қалпына келтірді. Абай лексиконындағы араб, парсы, көне түркі сөздерін ол кісі жақсы білген. Ақынның отыз өлеңін тауып, екі томына ғылыми түсініктеме жазғанының өзі сүбелі үлес деп есептеймін. Әкем болғандықтан айтып тұрған жоқпын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Әкем болғандықтан да, абайтанушы болғандықтан да айтып отырмын.

Хакімнің алғашқы кітабы Ілияс Бороганский деген башқұрт зиялысының баспасынан шыққан екен. «Абайтануға Абайдың алғашқы кітабын шығарған баспагердің есімі де маңызды» деп сол кісі туралы Қайым Мұхамедханұлы еңбек жазған екен.

Абайға қатысы бар дейтін кез келген нәрсе әкем үшін маңызды еді. 1909  жылы шыққан алғашқы жинағы ол кісінің  үйінде болған екен. Мұқабасында  «Электропечатная  Бороганского, Санкт-Петербург 1909 г.»  деген жазу болған. Соны оқығаннан бастап, әкем ол кісі туралы көп ізденді. Бороганскийдің аты сол кездері белгісіз, ұмыт болған еді. Жиырма жыл бой іздеген екен. Кеңес үкіметінің кітапханалары мен архивтеріне, Мәскеудегі Ғылым академиясына, Қазандағы, Башқұртстандағы ғалым, жазушылардың бәріне хат жазған.1970 жылы Ілияс мырза туралы бар деректі жинап, бір мақала арнайды. Абайдың алғашқы кітабын шығарған баспагер, каллиграф,  Петербор университетінің профессоры болған екен. Түркияда тұрған, Қырымда, Башқұртстанда, Петерборда қызмет қылған. Башқұрт ұлтынан шыққан аса зиялы, ғалым болған кісі екен. Әкемнің бір қызметі – осындай аты ұмытыла бастағандарды жарыққа шығару болған сияқты. Абайдың «Мал түгіл жанға мырза еді» дейтіні осы шығар бәлкім.

 Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік музей Қайым Мұхамедханұлы ашқан музей болды. Сол музейді ашу, жабдықтау да оңайға соқпаған болар…

Әр  нәрсені алғашқы болып бастау өте қиын. Абайдың, шәкірттерінің қолжазбаларын, тұрмыста қолданған заттарын, кітаптарын жинау үшін ауылдарды аралады. Көзкөргендердің аузынан сол затты ақын тұтынды ма, соны анықтаған. Әйтпесе, мынау Абайдың бәкісі деп кез келген ескі бәкіні біреу тықпалап жіберуі де мүмкін ғой. Сол музейді ашуға атсалысқан әкемнің әріптесі Б.Акерманның да орасан еңбегі айтпай кетуге болмас. Бүгінгі күні абайтану-шәкәрімтану-әуезовтану-қайымтану логикалық жағынан да мызғымас, сабақтас үрдістер. Бұл – ғылыми факт.

 Абайтануда Қайым айтқан, бірақ бүгін есерілмей келе жатқан мәселелер бар ма?

Абай туралы жинаған материалдары, абайтануға жазамын деген жоспарлары көп еді. Өмірінің соңына дейін бір тоқтаған емес. Отызыншы жылдардың соңынан бастап ауылдарды аралап, Абайды көрген адамдар мен өмірі, шығармашылығы туралы әңгімелесетін. Сол қолжазбалар әлі сақтаулы. Оларды жарыққа шығару керек. Әкемнің архиві өте бай. Игерілмеген материалдар өте көп. Сотталғанда кәмпескеленген еңбектерін айтпағанның өзінде. Өкінішке қарай, әкемнің аты көп айтылмайтын болды. Абайтанушылар қазір көп. Солардың бәрі өздерінің атын қалыптастыруға, есімдерін тарихта қалдыруға жанталасып жатқандай әсер етеді. Әкемнің атын, еңбегін айтса, көп адамның жағдайы белгілі болып қалады деп ойлайтын шығар.

Алдағы жылдары әкеңіздің мерейтойы. Қандай жоспарларыңыз бар?

 Біз, ұрпақтары шамамыз келгенше, әкеміздің атын, еңбегін ұмытуға, ұмыттырмауға үлес қосып келеміз. Бірақ Қайым біздің әкеміз ғана емес. Мемлекет тарапынан, ғалымдар мен зерттеушілер жақтан үлкен жұмыс істеледі деп ойлаймын. Абай, Шәкәрім, Бұхар жырау, Махамбет шығармаларына жазған ғылыми-текстологиялық еңбегін, «Абайдың ақын шәкірттері» деген бес томдығын қайта басып шығару керек. Мерейтойы қарсаңында «Ер Білісай», «Толқын», «Майданнан майданға» сияқты автордың авторлық пьесалар мен У. Гаджибековтың «Аршын мал алан», Ш.Камалдын «Қожа  әфенді үйленеді» секілді аудармалардың бірі қайта сахналанса деп ойлаймын. Тарихи фотосуреттері, құжаттары бар. Солардың басын құрап, фотоальбомы шықса.

    Әкемнің жүз жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтеді деп үміт етемін. Семей, Алматы, Астана қалаларының әкімдіктері, Мәдениет министрлігі тарапынан үлкен қолдаулар болатын шығар. Өзінің шәкірттері де аянбай қалмас.

Қайым Мұхамедханұлының еңбектері түгел жарыққа шықты ма? Неше кітабы шығып, қандай қолжазбалар сақтаулы?

Он томдығы шыққан. Бірақ оған барлық еңбегі сыймайды. Мұрасын тақырып бойынша сұрыптау – қайта жинақтау керек. Архив материалдары мен қолжазбалары әлі зерттеуді қажет етеді. Өлкетану, театр, тарих, абайтану, әуезовтануға арналған және өзге де аты көпке мәлім емес авторлардың қатысты жазбалары бар.

Айтып кеткен өсиеті бар ма?

Әкем өмір-бақи ғылымға адал болуға тырысты. Шәкірттерінен барынша ғалым шығарғысы келді. Ғылымдағы нақтылықтарды сүйді. Ұмытып бара жатқан есімдерді қалпына келтіру үшін мен әділетсіз айтылмай жүргендерді шығаруды ойлайды. Өз әкесі туралы өте көп білді. Екеуі де халық үшін ғұмыр кешкен жандар еді.

 «Адал өмір сүріңдер, қарапайым болыңдар, адам қалпында қалыңдар!» деген сөз әкемнің аузынан жиі шығатын.Тіпті, бала күнімізде естіген сөзіміз. Ұмыту мүмкін емес. Соңғы бір сұхбатында: «Бақыт деген еркін болу, шындықты айтудан қорықпау. Тек  солай ғана өмір сүру керек. Адам үшін осы маңызды» деген болатын. Ол осындай тәрбие көрді, осылай ғұмыр кешті, балаларын да соған тәрбиеледі.

 Қайым Мұхамедханұлының баласы болу қандай міндеттерді жүктейді?

Әкем  ешқашан бізді бір нәрсеге мәжбүрлеген емес. Бірақ үнемі «оқыңдар!» дейтін. Әкемнің өз принципіне адалдығы бізге үлгі болды.

Бес ұл, бес қыз өстік. Бәріміз әке жолымен ғылымға бардық. Жалтақтамауды, тілемсек ғалым болудан аулақ жүрдік. Әкем өзі ештеңе айтпаса да, Қайым Мұхамедханұлының баласы болу өзінен-өзі бір міндетті жүктейтін сияқты сезіледі. Жұрттан бұрын әке мұрасын балалары білу керек деп ойлаймын. Соның өзі үлкен міндет, әрі жауапкершілік.

Бала күніңізде зиялы қауым өкілдерін көп көрген шығарсыз. Бүгінгі зиялы қауым мен бұрынғылардың арасында қандай айырмашылықтарды байқайсыз?

Әкем бірнеше тілді білді. Он төрт жасында Ыдырыс Мұстамбаевтың тапсырмасымен арабша жазылған бір кітапты көшіріп шығыпты. Үш күн ұйықтамай жазған екен. Бұндай тапсырмалар жиі болатын дейтін. Атамызды төрт рет кәмпескелеген. Бірақ ешқашан көшу, Семейден кету туралы ойламаған екен. Бұның бәрін не үшін айтып отырмын. Бұрынғылар аса ұстамды, салихалы, сабырлы еді. Бүгінгі зиялылар ұшқалақтау. Баяғы қазақтардай ұстамды, сабырлы емес. Бұрынғылар терең білімді болатын. Бүгінгілер көп нәрсені ат үсті біледі. Бұл жақсылық емес.

 Әңгімеңізге рахмет.

 

Мұхамедхан Д. Әке жолы/Сұхбаттасқан Тұрсынбайұлы Бағашар// Қазақ әдебиеті.-2014.-27 маусым.-Б.11