Таяуда Қазақстан — Британ Техникалық университетiнде “Қайым Мұхамедханов атындағы бiлiм және мәдениет орталығы “Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ғалым, публицист, қоғам қайраткерi Қайым Мұхамедхановтың “Тағдыр және Қарлаг” атты кiтабының тұсаукесерi болды. Үстел басындағы әңгiме түрiнде өткен бұл жиында ғалымдар: академик Р.Сыздықова, профессорлар — А.Ісмақова, Г.Сайынқызы, С.Қорабай, қаламгерлер: Ғ.Қабышев, Иран-Ғайып, Д.Әшiмханұлы, әйгiлi алаш көсемдерiнiң бiрi Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Дәулет Тынышбаев өз ойларын ортаға салып, естелiк әңгiмелер айтты.
Төменде осы жиында сөйлеген КБТУ профессоры Гүлтас Сайынқызы Құрманбайдың сөзiн назарларыңызға ұсынуды жөн көрдiк.
Халқымыздың аяулы перзентi, абайтанушы ғалым, аудармашы, жазушы Қайым Мұхамедхановтың есiмiн есте сақтау аз. Қайым Мұхамедхановтың өмiр жолы да қазақ халқы үшiн атқарған еңбегi де тәуелсiз Қазақстанның елжанды ұландарын арлы, намысты етiп тәрбиелеуге көмектесетiн бiрден бiр үлгi, бiрден бiр жол. Егер бiздiң халқымыздың Қайымдай азаматтары болмаса, дәл бүгiнгi тәуелсiздiгiмiздiң баянды болмағы да екiталай едi. ХХ ғасыр — қазақ халқы үшiн, бiр жағынан шер мен мұңның да ғасыры болды. Елiм, жерiм дегендер қамалған, “Абай” дегендер Қарлаг түрмесiне түскен, бастылары атылған, тектiлерi тентiреген заман болды. Ұлы жазушыларымыз Мұхтар Әуезовтiң де басынан бұлт арылмағандығын жақсы бiлемiз. Сондай ұлы тұлғаны қажет кезiнде жанымен де, арымен де қорғай бiлген адамдар болған. Солардың бiрi — Қайым Мұхамедханов. Ол өз естелiгiнде: “…Тергеушiлер бiр күнi менi жеке бөлмеге қамап кеттi. Iшiнде еш нәрсе жоқ. Тек қана ортасында турник құрулы тұр. Бұл не, менi турник ойнасын деп қойған ба деп таңдандым. Байқасам, бiр уақтарда бөлмем қатты жылынып, бiрте-бiрте ысып барады. Табаным күйiп барады. Саса бастадым. Не қыларымды бiлмей, жан қысылған соң, құрулы тұрған турникке асыла кеттiм. Көп тұруға қолым шыдамай барады. Турниктен қолымды жiберейiн десем, табаным ыстыққа тиiп күйетiнiн сезiп тұрмын. Жандалбасамен турникке асылып, қолым қарысып қалыпты. Бiр кезде өздерi келiп менi босатып алды. Тағы да есiм кiрген соң, “қол қойдың” асытына алды. Көнбедiм. Екi-үш күн өткен соң кешегi бөлмеге тағы апарып қамап қойды. Бiрақ турник жоқ. Ендi үй ысыса не лаж табамын деп ойланып тұрғанда, бөлменiң суи бастағаның сездiм. Бөлме суығы үдеп барады, тiсiм тiсiме тимей қалтырап барамын. Өлместiң қамын жасап, үйдiң iшiнде зыр жүгiрдiм. Тоқтасам қатып қаламын. Жүгiре-жүгiре, талып түссем керек. Ес-түссiз жатқанда тағы да өздерi сүйреп алып шықты. Шамасы сырттан бақылап тұрса керек. Әрең дегенде есiмдi жиып, басымды көтергенде тағы да қағазды алдыма қойды… Таңертең тағы да тергеу басталды. Тергеушi түлкi бұлғаққа салды. Жылы сөйлеп: “Өз басыңды, бала-шағаңды ойласаңшы” деп, қамқорси түстi. “Мына қағазға қол қой да, бiзбен қоштасып үйiңе кетсеңшi”, — деп қағазды нұсқады. Менiң қоймайтынымды бiлгенде, белгi беретiн түймесiн басып қалып едi, еңгезердей екi жiгiт келдi де, резина қапшықты басымнан аяғыма қарай кигiзiп жiбердi, менi құлатып, қапшықтың аузын байлап тастады. Үшеуi таяқпен жабыла ұрды. Есiмнен таңдым… Тағы тергеу, мақсаттары — қол қойғызу. “Мына қағазға қол қой, сенiң бiзге керегiң жоқ, қолыңды қой да, үйiңе кете бер. Бiзге керегi — Мұхтар Әуезов” дейдi. Қол қоймаған Қайым Мұхамедхановты Қарлагқа 25 жылға қамауға алады. Азап та, тозақ та ұлтын сүйген ұлы жүректi тұншықтыруға шамасы келмейдi. Жастайынан ұлтжанды қазақтың бiртуар азаматтары: А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтермен бiрге халық тағдырын, ел азаттығын ойлаған, Абай дананың даналығымен, Шәкәрiмнiң ұлағатымен ой өсiрген қазақтың арда ұлдары аңсаған, армандаған ел тәуелсiздiгiн көзiмен көрдi. Тәуелсiздiктiң бағасын шын түсiнген екi жан болса, бiрi Қайым атамыз едi. Жалғыз кiсi болса, ол да Қайым Мұхамедханов едi.
Бiр сөзбен айтқанда, Тәуелсiз Қазақстанның үлкен перзентi, батыр перзентi Қайым Мұхамедхановтың екiншi нұрлы ғұмырын бүгiнгi ұрпаққа түсiндiру, ұғындыру, үлгi ету — бiздiң парызымыз. Қайым Мұхамедхановтың музей үйiн, оның атындағы қоғамдық қорды құруға Мемлекет мұрындық болса екен деген тiлегiмiз бар. “Кешегi күннен алыс жоқ, ертеңгi күннен жақын жоқ” деген бабаларымыздың сөзiнiң өтiрiгi жоқ. Жыл артынан жыл қуып, күн артынан күн қуып, өмiр өте бередi. Келешек ұрпақ тарихын iздесе, қайдан табады? Тарихты ұрпаққа аманат ету, жеткiзу де парыз емес пе?


Гүлтас САЙЫНҚЫЗЫ

Қазақстан – Британ Техникалық

университетінің ассоциативтік

 профессоры

 

      Сайынқызы Г.   Қайым ағаның Қарлагтағы тағдыры // Түркістан.- 2009.- 4 маусым.- 3 б.