Бұдан сексен бес жыл бұрын, 1878 жылы Семейде облыстық статистика комитеті кұрылды. Статистика комитеті бір жағынан сол кездегі бірден-бір ғылыми зерттеу қоғамы болатын. Комитеттің бірінші секретары – XIX ғасырдың алпысыншы жылдары Сибирьге жер аударылған, орыстың революцияшыл интеллигенииясының көрнекті өкілдерінің бірі Евгений Петрович Михаэлис еді. Статистика комитетінің мүшелері халықтың тұрмыс-салтын, шаруашылық жағдайын, облыстың табиғат байлығына ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізеді.
Е.П.Михаэлис комитеттің жұмысына өзінің досы Абайды да тартады. Абай комитеттің толық мүшесі болып, оның зерттеу жұмысына атсалысады.
Комитет облыстық тарихи, табиғи-географиялық жағдайына байланысты ғылыми мағлұматтар, өткен ғасырлар тарихын танытатын заттық мұралар, археология және зоология коллекцияларын жинақтап зерттейді. Сол сияқты Комитеттің ғылыми қорына бағалы кітаптар жиналады.
Төрт-бес жыл ішінде істелген игілікті жұмыстың нәтижесі енді Семей қаласында мәдени-ағарту, мекемелерін, музей және көпшілік кітапханасын ұйымдастыру ісіне жол ашады.
Халық ағарту ісіне берілген алдыңғы қатарлы мәдениетті адамдардың ынта-жігерінің арқасында 1883 жылы Семей облыстық
музейі мен қоғамдық кітапхана ашылды. Бұл мәдени-ағарту мекемелерін ұйымдастыруға негізгі ұйткы болғандар, атақ-даңқ немесе бас пайдасы үшін, емес, халык игілігі үшін қалтқысыз еңбек етуді -адамгершілік борышым деп білген адал азаматтар еді. Олар орыстың саяси жер ауып келген интеллигенттері, Абайдың достары Е.П.Михаэлис, А.А. Леонтьев, П. Лобановский, С.С.Гросс, Н.И. Долгополов т.б. Ал, музейдің этнографиялық бөлімін бастап кұрастырушылар Абай мен Н.И.Долгополов болды. Біз арада музей мен кітапхананың жалпы құрылу тарихына тереңдемей, мақаламыздың тақырыбына тікелей көшіп, Абайдың музей ұйымдастыру жұмысына іс жүзінде қосқан үлесіне токталамыз.
Семейдің облыстық музейі мен қоғамдық кітапхананың
1883 жылдың 14 сентябрінен 1886 жылдың 1 январына
дейінгі істеген жұмысы жайындағы статистика комитетінің газетте жарияланған (“Семипалатинские областные Ведомости” N 19, 10 май 1886 жыл) есебінде: өткен жылы (1885) жаз айында қазақ ауылында болып қайтқан Н.И.Долгополов музейдің, қазақ елінің тұрмыс-салтына арналған бөліміне көп заттар әкеліп қосты.(жасау-жабдығымен қазақтың киіз үйі, музыка аспаптары, егін, шаруашылық құралы т.б. заттар) делінген. Бұл заттардың бәрін Н.И. Долгополов музейге тапсырғанда сатып, ақша алмаған, текке сый ретінде берген. Сонда сол заманда өзі жер ауып, айдауда жүрген қаражаты жоқ Долгополовқа: «Мыналарды музейге апарып тапсырыңыз» деп қай қазақ соншама мүлікті тектен-текке бере қойды екен? Алдымен осы мәселенің басын ашып алайық. Ол үшін 1885 жылы жаз айында Долголопов кімнің аулына барып қайтқанын анықтайық. Архив документтерін атқарғанда бәрі де айқындалады. Полициймейстр Семей облысының губернаторында жазған өзінің құпия рапортында (10 август 1885 жыл, N 251); осы жылдың 15 августіне дейін. Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Құнанбай Өскенбаев ауылында болып қайтуға рұхсат алып кеткен, айдаудағы Нифонт Долгополов бүгін Семей қаласына қайтып келді. Сіздің 11 июньдегі N 260-м бұйрығыңызды орындап, осыны мәлімдеймін,- деген. Және денсаулығын түзеу үшін Құнанбай ауылында екі ай болып қайтуға Семей губернаторынан өзінің жазған өтініші де арх-вте сақтаулы.
Сонымен Долголопов 1885 жылдың 11 июнінде Құнанбай ауылына кетіп, сол жылы 10 августа Семейге кайтып келген. Әрине, ол Құнанбайға барған жоқ өзінің досы Абайға барды. Бұл сапарында Долголопов тек демалу үшін емес, Абаймен ақылдасып, музейдін қазақ еліне арналған этнография бөліміне экспонаттар жинау мақсатымен де барған болды.
Сонда жоғарыда айтылған Долгополов музейге тапсырған заттарды берген анық Абай екендігі даусыз деп білеміз.
- Музей үшін соншама бағалы заттар сыйлаған Абайдың Долгополовпен бірге Семейге келіп қайтуының жөні де, жағдайы да бар емес пе? – деген де ой туады. Ол ойымызды шешетін дәлел тағы бар. Дәл сол 1885 жылы август айында 81 жасында Құнанбай қайтыс болыпты. Әкесінің қазасы үсінде Абайдың жолаушылап кетуі мүмкін емес еді.
Біз осыдан жеті жыл бұрын музейдің азып-тозып жатқан архив документтерінің ішінен экспонаттар тіркейтін ерте уакыттағы кіріс журналының бір бөлегін (“Губернаторский научный музей Этнографический отдел”) кездестірген едік. Ол журналда тіркелген экспонаттардың ішінде Абай мен Долголопов тапсырған заттардың тізімі бар. Олар көшпелі ауылдың тұрмыс-шаруашылық, кәсіп-қаракет, үй-ішінің жабдықтары: төсек аяқ, асадал, кебеже, саба, сүйретпе, жезмойнақты торсық, піспек, табақ, әшекейлі құтылар, бесік, ұршықтар т.б. қару-жарақтар: айбалта, найза, шоқпар, ұста : саймандарынан көркі, төс, қышқаш сияқтылар. Музыка, сауық аспаптарынан: қобыз, сыбызғы, домбыра, тоғыз құмалақ. Қазақ ауылында сүттен даярланатын тағам түрлері, қара сабын, ең аяғы бақсының асасына шейін бар. Бұлардың бәрі – көшпелі қазақ елінің тұрмыс-салтын, шаруашылық күй-жайын, ұсталық, зергерлік өнерін, өзіне тән мәдениетін, қысқасы бір елдің этнографиялық бейнесін көрсетуді көздеп, ғылыми тұрғыдан қарап, жүйелі түрде жинақталған экспонаттар.
Осындай экспонаттардан құрылған музейдін этнографиялық бөлімі Ұлы Отан соғысынан бұрынғы жылдары қаз-қалпында тұратын. Бірақ ол заттар қай елден, қашан әкелінген кім бергендері көрсетілмейтін еді. Музейдің бұл бөліміне Абайдың өнегесімен. Семей облысының әр жерінен, әркімдер
(А.Жексенаев, Т.Нуркенов, Жетгпісбаев, А.Д.Айтбакин, Қ.Берменов, Ш.Айманов, Н.Құлжанов т.б.) көптеген әр түрлі заттар берген. Қазір ол
заттарды кейбіреулері музейдің экспозициясында жүйесіз, әр жерде тұр. Көпшілігі тозғындаған, жоғалған. Музейдің этнографиялық бөлімі жойылып кеткен. Енді Абай ауылынан келген заттардың тағдырына тоқталайық. Жоғарыда ол заттардың жайын қағаз бетінен ғана көрдік. Ал, осы заттар сақталды ма екен, оларды жоғарыда аталған документтерге сүйеніп музей экспозициясынан қоймадан іздеп тауып, Абай мен Долголопов тапсырған нәрселерді анықтауға болар ма екен?- деген оймен, музей қызметкерлерінің көмегімен жақын арада іздестіруге кірістік. Экспонаттар тізімі бір журналдан, бір журналға бірнеше мәртебе көшіріліпті. Онда музейге түскен заттардың қай елден, кім тапсырғаны, толық сипаттамасы ұқыпты жазылған. Абай мен Долголопов музейге елуден астам нәрсе тапсырыпты. Олардың дәл Абай ауылынан келген заттар екені нақтылы анықталып, кейбіреуі күтімсіздіктен тозғындаған. Бір талайы із-тозсыз жоғалған. Көзі барлары: сүйекпен оюланып қақталған асадал, кішкене кебеже, үлкен ет табақ, жезмойнақты торсық, піспек, шебер ұстаның қалпынан шыққан күміспен әшекейленген құты (қалмақбас), кіселі күміс белбеу, айбалта, шоқпар, аса, тоғыз құмалақ, қобыз, домбыра, сыбызғы т.б.
Осы заттар анық Абай ауылынан келгенін қалай анықтағанымыз жөнінде бір ғана дәлел келтірейік. Кіріс журналындағы белбеуге қосып тұрған қайыстың ұзындығы қандай екеніне дейін жазылған.
Әрбір заттың сипаттамасы, түсі-түсі дегендей. толық жазылып отырған. Осындай сипаттамаларымен нәрселердің өзін зер салып зерттеп, салыстырып, өлшеп көріп, белгілеріне үңіле қарап отырып, Абай ауылынан музейге түскен заттарды, экспонаттарды шүбәсіз анықтадық деген қорытындыға келдік.
Абайлардың 1893 жылы 15 ноябрьде (тегі Абай бір-ақ рет емес, әр кезде әр түрлі зат әкеліп, музей қорын байытып отырған сияқты) музейге табыс еткен бір нәрсені күміс шабылып, әшекейленген жақсы айбалта. Ол қолды болған. Сол айбалтаның бір жақ бетінде қару иесі Оралбаев Барлыбай деген, екінші жағында ұстаның аты аталған: “Қорғанбай соққан” деген жазулары бар екен. Бұл із-тізсыз жойылып кететін нәрсе емес. Бір кезде көрсеқызарлық жасаған, жеңіл ойлы біреудің қолына түсіп кеткен болса, бұл экспонат музейге қайтарылуы керек. Абай ауылынан музейге түскен заттардың ішінен, қазір экспозицияда тұрған, оюлы сүйек қақталған әдемі кішкене кебеже жиырманшы жылдардың аяғында Қазақстан астанасында көрмеде көрсетіліп, қайтадан Семей музейіне әкелінген. Сол жылы астана шеберлері, XIX ғасырдың аяғында Абай ауылынан келген кебежені өздерінің қолөнерінен шыққан деп, көрушілердің көзін бояған. Кебеженің іші-тысын қызыл жібекпен, барқытпен сәндеп, сыртына Алматы шеберлерінің қолынан шыққан деген жалған үғым беретін сөз жазған.
Музейде тұрған әрбір экспонаттың кайдан, қашан, кімнен алынғаны, қай замандікі екені туралы толық тарихы жазылмаса, ол экспонаттың ғылыми құндылығы да төмендейді.
Абай және басқа адамдар тапсырған экспонаттардың көзі барларын тәртіптеп, мүмкіншілігінше қалпына келтіріп, этнография бөлімін қайта құру – музей қызметкерлерінің борышы.
Сексен жыл өмір сүріп отырған, Қазақстандағы тұңғыш мәдени-ағарту мекемелерінің бірі – Семей облыстық музейінің тарихын таза сактау кажет.
Ертеде патша үкіметі музейге жарытып қаржы бермеген. Музей, негізінен халық ағарту ісіне берілген Абай сияқты адамдардың қамқорлығында болған.
Музей 1893 жылы бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасау үшін құрылған қоғамның қарамағына көшеді. Ол қоғам мүшелері мүшелік жарна төлеп, содан жиналған ақшамен халық ағарту ісіне атсалысқан. Сол қоғам музейге мүшелік жарнадан қаражат бөліп отырған. Абай екі баласымен (Ақылбай, Мағауия) осы қоғамға толық мүше болып кіріп (“отчет совета общества попечения о начальном образовании в г. Семипалатинске за 1893-94 г.”), үшеуі де мүшелік жарна төлеп тұрған.
Абайды ағартушы дегенде, ақынның халықты өнер-білімге шақырған өлеңдерін, насихат сөздерін ғана айтып жүрміз. Абайдың музей құруға белсене қатысқанын, статистика комитетінің және бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын қоғамның толық мүшесі болып, ол ұйымдардың жұмысына араласқанын анықтап, зерттеп еске алғанда ағартушы – Абайдың іс жүзіне еткен еңбегін айқын көреміз.
Қайым МұХАМЕдХАНОВ.
(Абай мұражайы қорынан ),
1963 жыл.
Мұхамедханов Қ. Абайдың қосқан үлесі// Ертіс өңірі.- 2005.- 11 тамыз.- б.12