Емендей тамыржайған
Асқар тау, ардагерлік бағаны алған,
Ғалымдық іргелі ойы сараланған,
Мүшел той иесінің бүгінгі күн
Өзіндік жолы жатыр дараланған.
Жастығы – «Шаттық толғау» алау арман,
Отты жыр гимн болып жаңаланған.
Ертістің шымырлаған тереңіндей
Сыры көп бейне кеніш салаланған.
Сөз қозғап ұлы Абайдан толғанады,
Әңгіме желіленіп жалғанады.
«Мен бір жұмбақ адммын, оны да ойла»…
Ақынның құпиясы талданады.
Ұстазды Әуезовтай ойға алады,
Биікке қиял-қанат қомданады.
Өмірге қалай келді «Абай жолы»,
Оған бір алуан жай арналады.
Семейдің жүріп өткен өңірінен,
Шоқанның сыр айтады өмірінен.
Осынау ұлағатты сұхбатының,
Әсері ұмытылар ма көңіліңнен.
Шежіре жырау жайлы жазбалары
Ғасырлар қойнауынан сыр қозғады әрі.
Кешегі Білісай менен Сабыржандар,
Жаңаның жаршысы боп сөзді алады.
Ғалым ол –қаламының қарымы бар,
Бірегей дара біткен дарыны бар.
Сөйлесе түптеп қозғап түгел айтар,
Мұқалмас күш-жігердің жалыны бар.
Тарихты таратқанда ұғып біліп,
Бойында парасат пен біліктілік.
Теңіздің тереңінен інжу теріп,
Байқалды қатарынан биік тұрып.
Ұстаз ол- еңбегінің жемісі бар,
Атқарған ұлан ғайыр зор ісі бар.
Білімнің әр жүрекке нұрын төкті,
Кеңейген сол нұрменен өрісі бар.
Алдынан өнеге алып қанаттанып,
Сан маман жарқын жүзбен санаттанып,
Аттанды арман атты дара шыңға,
Кеудеге сөнбейтұғын жаңа от жағып.
Кетті олар оқу бітіп жолдамалы,
Шақырып жарық жұлдыз алда бағы.
Көк Ертіс, қарт Семейді қадір тұтып,
Студент кезін әркім ойға алады.
Жылытқан көңілінің шуағымен,
Қашаннан ұстаз сырын ұға білгем.
Жетпіс жас – емендей боп тамыр жаю,
Көркейіп туған жердің құнарымен.
Аталар Семей десе Қайым аты,
Таралған төңірекке мәлім аты.
Неліктен тойда шәкірт тебіренбес,
Жақсының шуақ шашса шарапаты.
Қырандай биіктерге самғайтұғын,
Ізденді ол ғалым, ұстаз алмай тыным.
Денсаулық әрқашан да мықты болсын,
Ұдайы тілек осы арнайтұғын.
Серікбаев Н. Емендей тамыржайған/ Қайым туралы сөз .- Слово о Каюме.- Астана: Фолиант, 2006.- 241-242 бет
Арнау
Басыңнан не кешпедің Қайым атам
Карлагқа кісендетіп айдатылған.
Еш адам арашаға түсе алмай
Шошынған халқың қорған бола алмаған.
Адамның қайратына қалма қайран
Түрмеден сынбай сағың келдің аман.
Қайсарлы мінезіңнің арқасында
Өзіңдей қайта өрлеген бар ма адам.
Көргенің жанған міне болды шырақ
Айналаң жайнап тұрған ол бір жұмақ
Алдыңнан дәріс алып ұрпақтарың
Басқаның көгалды шөп, жасыл құрақ.
Өмірің ел-жұртыңа болды сабақ
Біліміңді шәкірттерің жалғастырмақ.
Сусындап, шөлдегендей оқыр едік
Жабылып еңбегіңді барлық қазақ.
Жасадым өлеңменен біраз талдау
Жылы лебіз сырласқандай ақтарылды-ау
Ала сап қаламымды жаздым міне
Мәскеуден арнап, ата, осы толғау.
Әмірғазин Қ./Қайым туралы сөз .- Слово о Каюме.- Астана: Фолиант, 2006.- 245-246б.
Сені мен Ұлы ақын деп білемін
(жасы80-ге толғанына)
Мақтайтын ауыз өзіңді жетеді білем,
Жүйріктер қазір алдыңнан өтеді кілең.
Марапат сөздер жасыңнан жақпаған саған,
Көгіңе бүгін көтеріп кетеді білем.
Сексенге келген Семейдің Қайымы едің,
Өнерді сүйген еліңнің пайымы едің.
Жағада қалған жұртыңның жиған-тергенін
Ертістен бері өткізген қайығы едің.
Тыңдайтын құлақ қалды ма сөзін ғалымның?
Тыңдатамын деп соларға «өзің жалындың»!
Талайы отыр осында бозымдарыңның
Түсінген мендей өзіңді ақын бар ма еді,?
Тойыңда мынау сөйлейтін хақым бар менің.
Суыған ақыл сезімді мақұлдар ма еді,
Сусынған көңіл сенімге жақындар ма еді.
Ғалым деп жатыр өзіңді, дарын деп жатыр,
Іштегі дерті сөнбеген жалын деп жатыр.
Тірлікте тартқан сорыңды қалың деп жатыр.
Жазғандарыңды тізімдеп мәлімдеп жатыр.
Сексенге шықты секіріп шалың деп жатыр.
Данышпандардың өмірге келгенін білмей,
Тірліктің дәмін тауықтай тергенін білмей.
Шарайнасынан Абайдың көргенін білмей.
Артында қалған біздерге сенгенін білмей,
Тұсыңнан сенің қиқулап өтіп барамыз,
Кеудеңде сенің Ұлы Ақын өлгенін білмей.
Нұрқасым Қ. Сені мен Ұлы ақын деп білемін/Қайым Мұхамедханов: «Тағдыр және Карлаг».- Алматы, 2008.- 212-213 б.
Қайым ағаға
(Жасы 80-ге толғанына)
Тұрғанда адам да аман,заман да аман,
Мен дағы кәрілікті жамандаман.
Сексенде саптыаяққа сиіп өліп,
Талайлар тоқсан жаққа бара алмаған.
Тұрғанда ұрпақ аман,заман да аман,
Мен дағы кәрілікті жамандаман.
Біреуді сатып,атып жаның үшін,
Сіз емес қара басын амандаған.
Ол рас,жолың ауыр жалын,күйік,
Түлкінің көрген жоқсың тонын киіп.
Жаратқан бір басына “Бартер!”десе,
Берер ем белсендінің жүзін жиып.
Ол Алла көнбей қойса”Бартеріме”,
Барібір сенімдімін ертеңіңе.
Бүгінгі ер қазақтың Қайымы деп,
Ілемін портрет қып ең төріме!
Тұрғанда ұрпақ та ман,заман да аман,
Мен дағы кәрілікті жамандаман.
Мен Сізден дәріс тыңдап,тәмәмдағам,
Қалайша шәкіртің боп жаман болам,
Тек қана сексеніңе алаң болам…
Бәрі артта,артта қалды-ау сағынарың,
Уа,Кәке,ер едің ғой жаны жалын.
Сексенде серілікті және көрсет,
Бәйбіше “кет” дей қоймас сары қарын.
Сағындық анамыздың қою шәйін,
Барушы ек арсалаңдап соғым сайын.
-Үйбой,көтек,әлі тың екен-ау,-деп,
Тамсанып талайы отыр орын сайын.
Ой да көп,сексеніңде уайым да көп,
Алайда қозғалыстан тайынба көп.
Көшеде өткен-кеткен жүргіншілер,
Қарасын “Қайран біздің Қайым ба?!”-деп.
Шәкірттер сарқытыңды өтер ішіп,
Кейбірі көп те ішер-өте пысық!..
Әйтеуір аман-есен отыра гөр,
Бізбенен елу грамм көтерісіп.
Тоқсанды қоя тұрып,аттап өтіп,
Жүзіңді өлең қып ем,мақтан етіп.
-Жүз жасқа дейін әлі талай заман,
Қоя тұр!-деді біреу шақ-шақ етіп.
Тағдыр жоқ,-өлсеңіз де-өле қалмақ,
Сексенде кете қалса сенім алдап.
Еңселі Ескерткіште қарап тұрып,
Оқырман ол өлеңді Еліңе арнап!
Жарылып заман мұзы сеңдей болып,
Жүрмесе бір кесепат өңдей келіп.
Музейдің фондысынан тауып алып,
Болмаса оқыр біреу-мендей болып!
Ибраев М. Қайым ағаға/ Мұхамедханов Қ. Тағдыр және Карлаг.- Алматы,2008.- 208-209 б.
Іздемеске бола ма…
( Қайым Мұхамедхановқа)
Сағынамыз жыл өткен сайын біздер,
Толқын жуып, қаншама шайылды іздер…
Бұл күндері Семейге келген адам
Ең алдымен елеңдеп Қайымды іздер.
Іздемеске бола ма бұл ағаны-
“Бар Семейді жеке алған”ғұламаны.
Қайым десе,кең дала дүбір салып,
Құлағыңа келеді бұлақ әні.
Бірде шарт-шұрт,ал бірде жарқын күліп,
Шартарапқа қиялын талпындырып,
Тарих кенін қазады тыным алмай,
Ауыр жүкті мойынына артып жүріп.
Үңілгеннің өткенге көзі жетпек,
Надан болсаң кімдерге сөзің өтпек.
Академия бір өзі Семейдегі-
Өзі музей,
Өзі архив
Өзі мектеп.
Құмар емес тойларға,жиындарға,
Салады атын үнемі қиындарға.
Отырып-ақ Семейде оймен шарлап,
Көз жіберер Абайша қиырларға.
Онай дейсің азапты ғұмыр кімге,
Тұңғиыққа құлайсың,сүріндің бе?
Турменің де біраз жыл тұрғыны боп,
Көріп қайтқан аязын Сібірдің де.
Дауылынан жаланың ықтамаған,
Білімімен талайды жыққан ағам,
Бар Семейді тапсырып, ие бол деп,
Аманаттап кеткендей Мұхтар оған.
Екі қылмай айтқанын пайғамбардың,
Отыр бәрін тындырып ойға алғанның,
Қылдан тайып көрген жоқ табаны бір,
Қара жолдың үстінде тайғанда әркім.
Саяқ жүрер құландай болған запы,
Кездері көп сан соғып, қалған қапы.
Көкірегінде қаттаулы жатқандай бір,
Келешекке жолдайтын арман-хаты…
Айтов Н. Іздемеске бола ма…/ Мұхамедханов Қ. Тағдыр және Карлаг.- Алматы,2008.-209-211 б.
Жан аға
(жасы 60-қа толғанына)
Әні – Теміржан Базарбаевтікі
Өлеңі Ақылбек Манабаевтікі
Арманы болған талайдың,
Шалқыған шалқар ақ айдын.
Тағылым алған ұстазсың
Сөзінен ұлы Абайдың.
Қайырмасы:
Ақынсың туған жыр үшін,
Даладай дархан тынысың.
Ардақтап елің сыйлаған,
Ертістің ерке ұлысың.
Білімге баулып бар жасты,
Қарлығаш болдың алғашқы.
Мұхиттай терең Мұхтардың,
Ойымен ойың жалғастың
Алпыстың шықтың өріне,
Еңбегің сіңді еліңе.
Жасай бер жаны жаз аға,
Өмірдің шығып төріне.
Қайырмасы.
Манабаев А. Жан аға/ Мұхамедханов Қ. Тағдыр және Карлаг.- Алматы,2008.-206-207 б.
Ағаға арнау
Әні: Т.Базарбаевтікі
Сөзі: К. Ғабдуллиндікі
Шабытты шалқар, дарынды дара данамыз –
Жетпісте жеміс төгетін ұстаз ағамыз.
Шырқалып Гимн жаңғырса қала, даламыз,
Сусындап сенен білімнің нәрін аламыз.
Мұхтардың жақын серігі және тірегі,
Елінің толық ақталған сенім тілегі.
Шәкіртің сансыз сырыңа қанып біледі,
Ардақтап солар жүректе сақтап жүреді.
Орның бар бөлек өлеңде, сында, ғылымда,
Айтамыз айтсақ мақтаныш етіп шынында.
Шыңдалып шымыр шыныққан өмір сынында
Тұрады бейнең қол бұлғап қиял шыңында.
Қайырмасы:
Әлі талай табысқа кенелерсің,
Биіктерден ел жұртың көре берсін!
Шәкірттерің шырқатып әнге қосып,
Жетпістің жемісін тере берсін!
Семей, 1986 ж.
Ғабдуллин К. Ағаға арнау: өлең Әні: Т.Базарбаевтікі /Қайым туралы сөз.-Слово о Каюме. Сб. Воспоминаний.-Астана: Фолиант, 2006.-Б.148-149
Басқаның жетпісінен жөні басқа
Басқаның жетпісінен жөні басқа,
Қуантып келдің, ағай, жетпіс жасқа.
Қатесін дос көңілмен Сіз айтасыз,
«Тік қасық» болғандардың дайын асқа.
Бас иді өзің ашқан сыншыл сырға
«Атағы Алатаудай» талай қасқа,
Шыңыраудан сыр тартқан құдіретіңе
«Білгіштер» таппады лаж табынбасқа.
Елу жыл ұрпағыңа енші бердің,
Келмеді басқаныкін еншілегің.
Ғасырлар қатпарынан таптың олжа,
Жер қойнауын ақтарған кеншідейін.
Мектебің болды Абайдың айналасы,
«Самародный сары алтын», «сөз сарасы».
Біз өзіңдей Мұхаңды ұстаз тұтып,
Жүлде ала алды қазақтың қай баласы?!
Абай десек, Мұхаңды ойға аламыз.
Мұхаңды айтсақ, Сізді ойлап толғанамыз,
Қарт тарихтың кәусі: Шыңғыс, Көкен,
Бұл күнде өскен өлке, болған аңыз.
Мақтаған сізді туған дана халық,
Сырыңа қала халық, дана қанық.
Көкеннің Хан биігі секілденіп,
Қуантып жүре берші, дараланып!
Сабазов Т. Басқаның жетпісінен жөні басқа: өлең/Қайым туралы сөз.-Слово о Каюме. Сб. Воспоминаний.-Астана: Фолиант, 2006.-Б.122
Кәкең дейміз
Кәкең дейміз сұраса – ақын кім деп,
Кәкең дейміз сұраса – батыл кім деп.
Елу жыл ғылым-дүкен көркін басып,
Ой-көмірін жағады,- отын үрлеп.
Жазушы, ғалымымыз терең дейміз,
Енді не жазады деп елеңдейміз.
Жетпісте деп кім айтар сері ағаны,
«Қырық» десе күмәнсіз сенердейміз.
Ол жазғанда кетеді заман сөйлеп,
Ол жазғанда кетеді бабам сөйлеп.
Соны танып, соны оқып Кәкендейін,
Мол бергім кеп тұрады, сараң сөйлеп.
Жоғалтқан өзіңіздей жоқ қарасын,
Архивті мол тарихты ақтарасың.
Кешегі Абай жүрген ұлы жолдың,
Бірі Сіз ғой айырған ақ, қарасын.
Халыққа ұлы Мұхаң көзіндейсің,
Ғылымда ақиқаттың өзіндейсің.
Ақтарып әдебиет шежіресін,
Кей шақта түн баласы көз ілмейсің…
Атқарған жоқ 50 жыл осал міндет,
Мақтанар талай өзен бас алдым деп.
Тұрады Кәкеңдейін «қартайғым» кеп,
Тұрады Кәкеңдейін жасарғым кеп,
Газеттің Бас тілшісі – қиын міндет,
Кәкең дейміз сұраса – «биің» кім деп.
Тұрады Кәкеңдейін таранғым кеп,
Тұрады Кәкеңдейін киінгім кеп.
Жетпісте де Сізбен таласа алмай,
Жабылар қалып жатыр жанаса алмай.
О, менің көңілдегі Көкен тауым,
Тұра бер, тас тұғырың аласармай!
Ибраев М. Кәкең дейміз: өлең/ Қайым туралы сөз.-Слово о Каюме. Сб. Воспоминаний.-Астана: Фолиант, 2006.- Б.104-105
Дос тойының толғауы
Жасыңнан талай зерттеп ғылым жайын,
Үңіліп тереңіне барған сайын,
Тынымсыз осы жолда еңбек етіп,
Алпыстың асқарына шықты Қайым.
Кемел жас осы тұрғы ой толысқан,
Адам бақыт табады бұл қоныстан.
Ақылдың арнасынан ғылым тарап,
Көңілдің жайлауына кеп тоғысқан.
Өмірдің ең бір қымбат қызық шағы,
Өткен кез ел тезінен ер сынағы.
Білімнің жемістері жетік пісіп,
Жайқалған күзгі жемістей жапырағы.
Еліне ер еңбегі бағаланып,
Ұшатын мезгілі осы өрге бағы.
Туған жер ұясынан түлеп ұшқан,
Дүниеге қандай қыран келсе- дағы.
Жер шарын дарынына тәнті қылған,
Тарихтың қайталанбас қос саңлағы,
Қазақтың Абайы мен Мұхтарының
Бұл Семей шыққан қара шаңырағы.
Өкшелес осылардың артындағы
Үлгі алған оқымысты сен де ұрпағы.
Ғалым, ұстаз, қаламгер жазушым-деп,
Құрметтеп отыр бүгін халқың тағы.
Өзіңнен білім алған жан-жақтағы,
Болып тұр сан шәкіртің ел мақтаны
Бағалап ұлан-ғайыр еңбегіңді,
Той жасап туған елің ардақтады.
Орындап алдағы арман-тілектерің,
Сүрінбей басып өтіп сын-өткелін,
Соңына ерген талапты жас ғалымдар,
Ұшырған сенің баулып түлектерің.
Асыл сөздің зерттеуші, тапқырысың,
Ол сенің өмірдегі бақ, ырысың,
«Комиссар Ғаббасов» пен «Ер Білісай»,
Қазақстан гимінінің авторысың.
Сіңіріп еңбегіңді туған елге,
Ұзақ жыл ұстаз болып баттың терге.
Шалқытып шабытыңды шарықтай бер,
Самғатып ой сұңқарын өрден-өрге.
Әміренов Т. Дос тойының толғауы: өлең/ Қайым туралы сөз.-Слово о Каюме. Сб. Воспоминаний.-Астана: Фолиант, 2006.- Б.76-77
Қайым ағаның қазасын естігенде
Мәңгілік сапарына бұрып бетті,-
Дегенде, Қайым ағаң жүріп кетті…
Қабынып жан-жүрегім қара бұлттай,
Жанардан сел-жаңбырын үріп төкті.
Қарадым жалтақ-жалтақ жан-жағыма,
Өкіндім қапы айрылып қалғаныма.
Неліктен сыймай кеттің маңдайыма,
Бұл жалған Ұлыққа тар ма мына?!.
Пір тұтқан ерлігіңді ел боп сенің,
Ұрпағы ең Батыр Баян, Еркөкшенің.
Ажалды айбатыңмен қаймықтырып,
Алашқа қайта айналып келмек пе едің?..
Жатсынбас алысты да, жақынды да
Жан аға, парасатты, ақылды да.
Неліктен тым асығыс атқа қондың,
Қасына Ұлы Мұхаң шақырды ма?
Қасына дос, бауырың шақырғасын,
Бармасаң өзіңіздей батырға сын.
Айта бар бізден сәлем Ұлылыққа
Бақилық енді соның қасындасың…
Жалығып жүрісінен жабылардың,
Сарғайып мен өзіңді сағынармын.
Аспаннан ақ жұлдыздай ағып түсіп
Қасыңнан шақырғанда табылармын.
Бәдешұлы Ж. Қайым ағаның қазасын естігенде: өлең/Мұхамедханов Қ. Тағдыр және Карлаг.-Алматы, 2008.- 237-238 б.
Қайым мен қайың
(Қ.Мұхамедханұлының 80 жылдығында оқылған өлең)
Кәкеңнің жарқын тойында,
Жүргенін жазам ойымда.
Қайым деп атын қойғанмен,
Ұқсатам оны қайыңға.
Қайың да аппақ мәрмәрдай,
Қайым да міне, дәл сондай.
Қалайша өтер қасынан,
Қараған адам тамсанбай.
Қайың да азап көп көрді,
Қайым да азап көп көрді,
Қайыңды – адам отаса,
Қайымды – заман бөктерді.
Бөктерген емей немене,
Таңбасын салса денеге.
Қақаған оттың аузында,
Қайыңдар болды бөрене.
Еске алсақ солай өткенді,
Өткеннен қазір көп белгі.
Қайыңдар қайта бүрлесе,
Қайым да қайта көктеді.
Қайыңдар тосар көктемді,
Қайым да ойлар өткенді.
Қайым мен қайың екеуін,
Әуезов әкеп еккен-ді.
Осылай, оймен теңеймін,
Тойыңда басқа не деймін?
Қайыңы болдың аралдың,
Қайымы болдың Семейдің!
Аралды бүгін ұмыттық,
Бағаңды Кәке, міне, ұқтық.
Егіз боп қатар тұр әне,
Тереңдік пенен биіктік!
Талай жыл талмай Сіз жазған,
Тосып тұр алда «Жұмбақ жан».
Абай мен Мұхтар сөзіне,
Дәл сіздей дәлдеп кім барған?!
Сүрінбей өтіп сындардан,
Сексенге келу бізге арман.
Әлі де жанды шымшылар,
Шындығын ашпас бұл жалған!!!
Оспанов М. Қайым мен қайың: өлең /Қайым туралы сөз.- Слово о Каюме. Сб. Воспоминаний.-Астана: Фолиант, 2006.- Б.162-163
Алаштың дүр ардагері,
Айбыны зор арыстан-шері,
Мәшһүр ғалым, кемел ақын,
Ұлт перзенті, Елдің ері!
Күллі қазақ Көксілдері,
Ұлы Абайдай кемеңгері,
Ризалықпен жебеп, міне,
Сеңгір сексен – келген жері!
Бағыты оң, тура, ілгері,
Күндері ашық, тыныш түндері,
Есендікпен алшаңдасын
Жұрт ұстазы – тәлімгері!
Лайық оған өмір төрі,
Енді алдында ғасыр өрі,
Жүздің өзін жүгендесін,
Жүзеге ассын тілектері!
Шаяхметұлы Қ. Алаштың дүр ардагері: өлең/Қайым туралы сөз.- Слово о Каюме. Сб. Воспоминаний.-Астана: Фолиант, 2006.- 152 б.
Қозғалған еш тоқтаусыз – тірі сынап,
Адамға өмір деген ұлы сынақ.
Көп толқын арасынан көрінесің,
Көзіме сонадайдан жылы ұшырап.
Танимын мың толқынның арасынан,
Қол беріп көріскенше мен асығам.
Басқа емес, Мұхамедханов келе жатыр,
Тоқтамай өте берсін данасынған.
Халықтан сізді қалай алыстатар,
Көшеде бас изесіп орыс-татар:
-Каюм!-деп қошаметтеп жол береді,
Оралған өз ұлындай алыс сапар.
Танимын, тұлғасынан, жүрісінен,
Үнінен, киімінен, күлісінен.
Маскасыз мінезі бар, міні де бар,
Ұқсату мүмкін емес еш кісіге.
Өріне келіп шыққан ұлы асудың,
Кәкең де сынығы ғой бір асылдың.
Айтайық ел алғысын тірісінде,
Өлген соң керегі не жыласудың.
Тұлпардай түсірмейтін қаз мойынын,
Арымас алыс сапар аз ғой ұлың.
Қиса да алпыс жасқа абыройлы,
Қимайды ел, кәрілікке өз Қайымын.
Бұл Кәкең мың жасайтын бәйтеректей,
Беретін ұрпағымен қайта көктей.
Кешегі ұлы Мұхаң көзіндей,
Елі де қоймас және еркелетпей.
Қырық жыл сабақ алған, сабақ берген,
Тарихтан дерек алған, дерек берген.
Қырық жыл тасқа салсаң жүзі қайтпай,
Халықтың қажетіне жарап келген.
Кім екен әз ағаға мін тағатын,
Алпыста алғыр ғалым, ынталы ақын.
Жүз жасты жүзімдейін үзіп берсең,
Ол емес, «кәртайдым» деп бұлтаратын.
Аға!
Күтіңіз, томдарымды асылдаған.
Әзірше кітапшамды жасындаған.
Ұсындым соған қосып жүрегімді,
Жырымды машинкаға басылмаған!
Ибраев М. Қозғалған еш тоқтаусыз – тірі сынап: өлең/Қайым туралы сөз.- Слово о Каюме. Сб. Воспоминаний.-Астана: Фолиант, 2006.- Б.187-188
Біздің Кәкең…
(Қайым Мұхамедхановқа!)
Біздің Кәкең – халықтың каһарманы,
Дей салар біреу емес қатардағы.
Басынан алтын құйсаң артық емес,
Абайшыл жолаушы ол сапардағы.
Терең ой, ерен биік, даңғыл жаны,
Кәкең сынды бола алмас жанның бәрі.
Жол тауып мың – сандардың жүрегіне,
Дарыған тарауықтай тағылымдары.
Жақсылар-ай, жаныңды дауалаған,
Сүрінсе-ақ, Сұрқылтайлар табалаған.
Дарынды емес, қарындылар басқа шығып,
Талайларды көрдік қой абалаған.
Адамсың ба: кім бол сен, ірісің бе,
Қадірлеңдер дарынды тірісінде?!
Жаңа қазақ қолын бер ақындарға,
Қамқорлығың керек қой жыр үшін де.
О, өмір жүрсем болды ендігіңде,
Кел, Мұзам, сайрандайын кеңдігіңде,
Қол берген Олжас пенен Қайым ағам,
Қалайық, енді менің кемдігім не?
Ағайын, ХХІ ғасырды көр
Жасығын, сырын тасып, асылын тер.
Төр ағасы секілді бұл ғасырдың,
Кәкеңе саулық тілеп, бас иіңдер.
Исалин Қ.Біздің Кәкең..: өлең / Қайым туралы сөз.- Слово о Каюме. Сб. Воспоминаний.-Астана: Фолиант, 2006.- Б.195-196
Қайымға арнау
Құлпырып жастық шақта жайнап тұрған,
Аспанда алтын айға құлап ұрған.
Қартайып жас жеткен соң талай жүйрік
Қайтадан келер ме деп арман қылған.
Біреулер өзі сүйген сұлуды айтқан,
Біреулер көппен ойнап, күлуді айтқан.
Біреулер құрыш қанат көк дауылдай,
Біреулер құрыш қанат көк дауылдай,
Аспандап шарқ ұрып жүруді айтқан,
Біреулер құрыш қанат көк дауылдай,
Аспандап шарқ ұрып жүруді айтқан.
Балғындай балаусалы кезін айтқан.
Торғындай үлбіреген ақ маралдың
Гауһардай жалтылдаған көзін айтқан.
Ал, біз айтсақ қызыл гүлдей күнді айтамыз,
Жүректен ақтарылған сырды айтамыз.
Ақыннан Саяділдей толқып шыққан,
Балауыз, шырын дәмді жырды айтамыз.
Семейден Алматыға біз кеткенде,
Сағынар, сағынысар күн жеткенде,
Қайым-ау сен де бізді еске аларсың,
Досыңмен жүрек сырын тербеткенде
Өрен жүйрік Саяділ, ақын Қайым,
Өткізген біз бұл жерде жаздың айын,
Әр кезде сағынышпен ойласын деп
Өлең ғып бір-екі ауыз жазған – Саин.
Саин Ж. Қайымға арану:өлең/ Тағдыр және Карлаг.Алматы,2008.- 202-203 б.
Қайым Мұхамедхановқа
(Арнау)
Басыңнан не кешпедің Қайым атам
Карлагқа кісендетіп айдатылған.
Еш адам арашаға түссе алмай
Шошынған халқың қорған бола алмаған.
Адамның қайратына қалма қайран
Түрмеден сынбай сағың келдің аман.
Қайсарлы мінезіңнің арқасында
Өзіңдей қайта өрлеген бар ма адам.
Көргенің жанған міне болды шырақ
Айналаң жайнап тұрған ол бір жұмақ
Алдыңнан дәріс алып ұрпақтарың
Басқаның көгалды шөп, жасыл құрақ.
Өмірің ел-жұртыңа болды сабақ
Біліміңді шәкірттерің жалғастырмақ.
Сусындап, шөлдегендей оқыр едік
Жабылып еңбегіңді барлық қазақ.
Жасадым өлеңменен біраз талдау
Жылы лебіз сырласқандай ақтарылды-ау
Ала сап қаламымда жаздым міне
Мәскеуден арнап, ата, осы толғау.
Әмірғазин Қ. Қайым Мұхамедхановқа: Арнау/ Мұхамедханов Қ. Тағдыр және Карлаг.- Алматы,2008.- 217 б.
Кеме
(Қайым Мұхамедхановқа)
Жан серігі Мұхаңдай ұлы адамның,
Жастайынан жұрты үшін жылаған кім?
Ол – осы адам, шарболат майырылмайтын,
Көрмегені жоқ шығар бұл ағаңның.
Қара көзден жас емес, қан ағызар,
Тар кезеңге тап болған заман зар.
Қала берген қансырап жаралылар,
Бара берген айдалып жалалылар.
Сүрінсе де, сүйрелеп сүйікті арман,
Қыран қанат қиялмен биікті алған.
Қасиетін халқының қастер тұтып,
Қасыретін кеудеге түйіп қалған.
Найза тисе намысың назаланар,
Жебе тисе жүрегің жараланар.
Найза тимей, жебе өтпей нақақ кетті,
Аманатын тапсырып нар ағалар.
Ағалардың арқалап аманатын,
Қамшылады ол ғылымның қазанатын.
Қазынасын, қазбасын ашып берген,
Хан көтерсін бұл қазақ азаматын.
Менсінбесін ақымақ «Көне ғой» деп,
Кеудесінде халқына берер ой көп.
Аралдағы аштардың бақытына
Аман жеткен тұр бүгін кемедей боп,
Бұл кемеде Абайдың жырлары бар,
Міржақып пен Мағжанның мұңдары бар.
Шәкәрімнің шежіре кеудесі бар,
Жүсіпбектей заманның құрбаны бар.
Бұл кемеде біз білмес сырлар қалың,
Жинап алған жұртының кіл маржанын.
Тауып берген халқының жоқшысы осы,
Ұрланғанын, даулдың жұлғандарын.
Ол – парағы өртелген кітаптардың,
Жапырағы оталған бұтақтардың.
Аянышпен қарайды ол тірлігіне,
Жыбырлаған жәндіктей ұсақтардың.
Қайран Ә. Кеме: өлең/ Мұхамедханов Қ. Тағдыр және Карлаг.-Алматы,2008.- 216-217 б.
Ұлылықты ұғынған адам
(Қазанама)
Зерделі, зерттеуші Абай мұрағатын,
Мектебін, шәкірттерін, жұмағатын.
Ұлы Абай, заңғар Мұхтар, ойшыл, ақын,
Шәкәріммен жалғасыр тұрар атың…
Семейдің Мұхамедхан мырзасы еді,
Алаштың белгілі бір тұлғасы еді.
Шыңғыстың арқар өрсе шың-құзында,
Қайым аға Көкентау құлжасы еді.
Қуғын көрген кәрінен Қызыл кеңес,
Кемел Мұхаң данамен сырлас еді.
Толстоймен пікірлес дұшпанның,
Толғамай терең ойын тынбас еді.
Қазақтың Күн іспетті көсемдері-
Әлихан, Ахмет елге шын бас еді.
Міржақып, Жүсіпбек пен Мағжандарым,
Қиылған қыршынынан тым жас еді.
Елі мен ерлерінің жоғын жоқтап,
Азан, аза бөліскен мұңдас еді.
Ұлылардың ұғынған ұлағатын,
Қайым аты қазаққа қымбат еді!
Ғұмыр кешті жарда тік, құламалы,
Құлағымда, жүректе ұран-әні.
Бағасы: «Бір өзі – академия!»
Қай ғасыр туар енді ғұламаны?
Асырды жарқыратып аршып алған,
Ұлт намысын, санасын қамшылаған.
Қаламынан ақиқат тамшылаған,
Өтті өмірден өрт Қайым – жасын адам!
Шәкенов Ж. Ұлылықты ұғынған адам:Өлең// Ертіс өңірі.- 2004.- 8 шілде
Жалғыз
Сан ғасырға сақтап кеткен мұра бай,
Ұлы Мұхтар – дейміз біздер ұлы Абай.
Ал, солардың сойылын көп соғатын
Бар екенін байқаймыз бір ағай.
Аты да оның аталмайды көп жерде,
Ығай-сығай ығыстырар төрден де.
Аласарып қалғанын да білмейді
Ал олардың сөзге кезек келгенде.
Мықтылықтың мысы басып бір демде,
Білгіштердің тілі қалар күрмеуде.
Атақ, даңқ адыра қап мұндайда,
Атақтының өзі түсер жүндеуге
Ешкімнің де бет-жүзіне қарамай,
Шындық үшін сойыл соғар сол ағай.
Сол бір өртте Сократқа ұқсап ол,
Дара тұрар басқалардан данадай.
Сойыл соқса, содырлық қой демеңдер,
Сотқар емес өлең қамын жегендер.
Жетпес еді еш қатесіз халқыңа,
Жеткізетін ер болмаса кемеңгер!
Жалғыз өзі жағаласып тағдырмен,
Ұлы Мұхтар кең өмірде тар жүрген.
Бар қазақтың басын сүйер жан таппай,
Сенісіпті Семейдегі жалғызбен!
Ол жалғызға Шәкәрім де борыштар,
Ол болмаса Көкбайды кім парақтар?
Ол болмаса тумас еді қайтадан
Тұрағұлдар, Ақылбайлар, Мағыштар.
Ол болмаса көбік ауыз көп шығып,
Білмесе де білетіндей бөстіріп.
Онсыздағы жетесіздік жеп қойған
Ел тарихын кетер ме еді еш қылып.
Құдай бізді сақтап қалды сондайдан,
Жалған жала жармасса да шаужайдан.
Бағымызға жасап келді сол жалғыз,
Бата беріп бабалары қол жайған.
Ол жалғызды керегі жоқ құр мақтап,
Жалған мақтау, жарасына тұз жақпақ.
Академик атанған жоқ ол рас,
Көшін бірақ соларыңның жүр бастап!
Профессор атағын жа біз бердік,
Доктор деуге кей кездері күрмелдік.
Мұның бәрін қимай жүрген – мықтылар,
Мұның бәрін беріп қойған – сүйген жұрт.
Сол жалғызым – соның бүгін шулатып,
Түн сапарға аттаныпты-ау, түн қатып.
Қан жылатып қазағының жүрегін,
Жақсы адамға жақсы өлу де – бір бақыт!
Қайта естіп Алашының ұранын,
Қайта аршып Арыстардың бұлағын,
Қайта көріп көз сүйсінер ұланын,
Қайтадан бір қандырғандай құмарын,
Қайым аға, жапандағы жалғызым,
Қарт теректей міне, бүгін құладың!
Тәнің өлді, жаның бірақ өлмейді,
Атқып мініп алламыздың пырағын.
Тіршіліктің көп көріп ең тозағын,
О дүниенің олжаларсың жұмағын.
Адамдардан сұрамаған едің ештеңе,
Алламыздан соны Сізге сұрадым!
Қош,хош,хош!
Жанғалиев Т. Жалғыз:өлең/Мұхамедханов Қ. Тағдыр және Карлаг.- Алматы,2008.-239- 241 б.
Қайым атама арнау
Әділдікті әрқашанда жырлаған,
Қиын сәтте сағы есте сынбаған.
Ғасырларға жалғасатын сөзіңді,
Алты Алаштың ынта қойып тыңдаған.
Жалғыздықтың уын ішкен ұлы атам,
Жырларыңнан белгілі сырың маған.
Сабырлы нұрға тұнған ойларыңнан.
Киелі бай мұраңды ұғына алам.
Терең ойшыл, әрі ақын атамның,
Қазынасын зерттеп әр кез бағамын.
Алашымның ең соңғы тұяғының,
Шәкірті боп болашаққа барамын!
Айдынұлы А. Қайым атама арнау: Өмір өлең// Семей таңы.-2011.-25 қазан.-3 б
АҒАҒА АРНАУ
Муз.: Т.Базарбаевтікі
Сөзі: К.Ғабдуллиндікі
Шаттық көңілмен
Шабыты шалқар, дарыны дара данамыз –
Жетпісте жеміс төгетін ұстаз ағамыз.
Шырқалып Гимн жаңғырса қала, даламыз,
Сусындап сенен білімнің нәрін аламыз.
Мұхтардың жақын серігі және тірегі,
Еліңнің толық ақталған сенім тілегі.
Шәкіртің сансыз сырыңа қанып біледі,
Ардақтап солар жүректе сақтап жүреді.
Орның бар бөлек өлеңде, сында, ғылымда,
Айтамыз айтсақ мақтаныш етіп шынында.
Шыңдалып шымыр шыныққан өмір сынында
Тұрады бейнең қол бұлғап қиял шыңында.
Қайырмасы:
Әлі талай табысқа кенелерсің,
Биіктерден ел-жұртың көре берсін!
Шәкірттерің шырқатып әнге қосып,
Жетпісіңнің жемісін тере берсін!
Семей, 1986 ж.
ЖАН АҒА
(жасы 60-қа толғанына)
Әні – Теміржан Базарбаевтікі
Өлені – Ақылбек Манабаевтікі
Өндеп, нотаға түсірген – Ләззат Жұманова
Арманы болған талайдың,
Шалқыған шалқар ақ айдын.
Тағылым алған ұстазсың
Сөзінен ұлы Абайдың.
Қайырмасы:
Ақынсың туған жыр үшін,
Даладай дархан тынысың.
Ардақтап елің сыйлаған,
Ертістің ерке ұлысың.
Білімге баулып бар жасты,
Қарлығаш болдың алғашқы.
Мұхиттай терең Мұхтардың,
Ойымен ойың жалғасты.
Алпыстың шықтың өріне,
Еңбегің сіңді еліңе.
Жасай бер жаны жаз аға,
Өмірдің шығып төріне.
Қайырмасы:
Ақынсың туған жыр үшін,
Даладай дархан тынысың.
Ардақтап елің сыйлаған,
Ертістің ерке ұлысың.
Семей, 1976 ж.
СЕМЕЙ СҰЛУЫ
(жасы 80-ге толғанына)
Муз. – Т.Базарбаевтікі
Сөзі – М.Ибраевтікі
Жәй. Қалжындай
– Оянатын үнімен
сыбызғылы сырнайдың.
Тұрушы еді осы үйде
қос сұлуы бір байдың.
Перде жауып бетіне,
пәуескемен шығатын.
Күн тимеген етіне,
күндей күліп тұратын.
Қайырмасы:
Мұхаң ғашық бұл қызға,
Тұрды екеуі мұңдасып.
Жүрді екеуі сырласып.
Сексен жасқа келгенде
Қос сұлуын Семейдің,
Жүріңізші еске алып!
Бір қарауға дұрыстап,
Тұрған кезде елменен.
Ақша қарды уыстап,
Періп кетті қарменен, –
Деді Мұхаң күрсініп,
Қайым жаққа қарап ап.
Жарқырады тіршілік,
Жайнап кетті ғаламат.
Қайырмасы:
Мұхаң ғашық, бұл ғашық,
Тұрды екеуі мұңдасып.
Жүрді екеуі сырласып.
Сексен жасқа келгенде
Қос сұлуын Семейдің,
Жүріңізші еске алып!
Семей, 1996 ж.
ҰСТАЗ ТУРАЛЫ ӘН
Бұл ән Н.К.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының тәлімгер ұстазы, профессор, СССР және Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақ ССР Мемлекеттік гимні авторы, Семей қаласының құрметті азаматы, республикамызға белгілі ғалым, сыншы, драматург, СССР Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ақын, аудармашы Қайым (Ғабдұлқайым) Мұхамедхановқа арналды.
Әні – Темір Тайбековтікі
Өлеңі – Оралбек Жұмаділовтікі
Ұстаз аға, қайырымды, қайратты,
Білімі мол абыройлы, айбатты.
Ар алдында ащы терді аямай,
Еңбек етті керек етпей ғайбатты.
Қайырмасы:
Көрінеді алыстан,
Арындаған тұлпардай.
Желмен жүйрік жарысқан,
Самғап ұшқан сұнқардай.
Туралығы туа біткен қасиет,
Ұға білсең әрбір сөзі өсиет.
Ұлылардан білгің келіп сыр тартсаң,
Айтады ылғи ақиқатты осы деп.
Қайырмасы:
Көрінеді алыстан,
Арындаған тұлпардай.
Желмен жүйрік жарысқан,
Самғап ұшқан сұнқардай.
Ұстаздығы көпке болған ұлылық,
Әділетті мәңгі ұстаған туы ғып,
Жамандықпен жан аямай күресіп,
Адалдықпен бірге есті шынығып.
Қайырмасы:
Көрінеді алыстан,
Арындаған тұлпардай.
Желмен жүйрік жарысқан,
Самғап ұшқан сұнқардай.
Білімпазы, қозғаушысы кең ойдың,
Ол – құрметті азаматы елімнің.
Бақытпенен куанышқа бүгінде,
Бөленуде құшағына мерейдің.
Қайырмасы:
Көрінеді алыстан,
Арындаған тұлпардай.
Желмен жүйрік жарысқан,
Самғап ұшқан сұнқардай.
Алматы, 1988 ж.