Қайым Мұхамедханов 85 жаста.
Дүниеден өткен соң аты аңызға айналып жатқан тұлғалар аз емес. Көзі тірісінде аңызға лайық мәртебеге ие жандардың бірі – Қайым ақсақал. Талғамы зор, парасаты мол Абай, Мұхтар елінде ақын болу, ғұламалыққа ұмтылудың қандайлық қиын іс екендігін осы елдің қалам ұстаған зиялылары –ақ айтсын. Өзінің саналы ғұмырында атақ үшін емес, ұлылар үшін қатал заманның қағидаларына мойынсұнбай азаматтығын сақтай білген, өткен ғасырдың ары, бүгінгінің аңызына айналған адам. «Нағыз ер тар жерде сыналады» деген пайымдауды халқымыз Қайым ақсақалдай біртуар ұлдарына қолданса керек-ті. Дүрбелеңі мол 1916 жылмен түйдей құрдас Қайым ақсақалға тағдыр тым қатыгез болды. Өткен ғасырдың әр сұрапыл соққысы Кәкеңді айналып өтпепті. Әлихан мен Міржақып бастатқан Алаш арыстары бас қосар Мұхамедханның (Қайымның әкесі) киелі шаңырағы қызыл қырғыннан аман қалмады. Халық жауының ұлы панасыздықтаң, қорлық пен аштықтың кермек дәмін татып өсті. Абай мұражайының директоры Төкен аға Ибрагимовтың естелігіне ұйысақ, Қайым ақсақалды сонау 31-жылдың ашаршылығы-ақ жалмап қояр еді… Алыс ауылдағы ана жүрегі сезіп, арашашы болмағанда… Жеткіншектің көрер жарығы бар екен… Ес жиған шағында Мұхтар Әуезов қамқорлығына алып абайтанудың әліппесін үйретеғді. 1951 жылы Әуезов жетекшілігімен Абайдың ақын шәкірттері турасында кандидаттық диссертация қорғайды. Сол жылы Қайым Мұхамедханов сол кезеңдегі Абай ұрпақтарын, ақынды насихаттаушыларды қуғындаған солақай саясаттың кесірінен 30 жылға сотталып кете барады. Бұл Қайым ақсақалдың алғашқы да соңғы рет ғылыми атақ қорғауы болатын. Сол кездегі ғылымға көңілі қалғаннан емес, атаққа құмартпағанынан. Кейінгі саналы ғұмырында жазылған еңбектеріне ғылыми атақ іздемеді. Керісінше енді атақ атаулысы Қайым ақсақалды өзі іздеді. Ғылымның ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі еш кетпеді. Оны түрлеп, түстеп, санамалап жатудың қажеті шамалы. Әсілі еңбектің бағасын ел берері сөзсіз. Әр адам көзі тірісінде өзінің игілікті істері үшін жылы сөз естуге хақылы. Бірақ әр жылы сөз асыра мақтау мен жалған жалпақтау емес, жүректен шыққан шынайы болғаны абзал. Ғылымның әр жылдардағы мерейтойларына байланысты оған жақын жүрген сырластары, шәкерттері, туыс-тумалары тіл қатып, Қайым ақсақал жайында жүрек тебірентер дүниелер айтып жатыр. Алдынан дәріс алу бақытына ие болмағанмен, Қайым ақсақалдың әр кездесуінен, әр сұхбатынан үлкен бір жаңалық алып қалатын біз сияқты немере-ұрпақтар үшін ол кісі – ақын айтқандай өзі архив, өзі мұрағат. Әдебиетшімен әр кездесу, пікірлесу жаңалықсыз емес. Және де жадағай көлгірсу жоқ, ақсақал тақылдатып фактімен сөйлейді. Абай өлеңдерінің текстологиясы жайында ғылымның әлі жаңалықтары жетерлік. Бүгіндегі ұлы ақын өлендері басылымының көңілден шықпайтын жерлерін айтып, дәлелді дәйектерді жайып тастағаны талай жерде айтылып та, жазылып тажүр. Жай сұхбаттарының өзінде қаншама ғылыми тұжырым жатыр. Қоғамымыз жаңарып, елдігіміз қолға тиген шақта Қайым ақсақалдың қажықайраты қайта жанданып, рухани дүниесі дүр етіп тұтанғандай-ақ. Асыра айтқандық емес, Қайым Мұхамедхановтың кеңестік кезенде тұмшаланған ғылыми еңбектері – «Абай мұрагерлері», төрт кітаптан тұратын «Абайдың ақын шәкірттері еңбегінің әр кітабы атақ іздеген адамға бір-бір докторлық диссертация. Қарт ғалым сексеннен астым деп қайраты кеміп тұрған жоқ. Қайта Алматыдан үлкен мақсатты жоспармен оралды. Тұрсын Жұртбайға айтқан сөзіне құлақ түрсек, Қайым ағаның әлі ғылымға белгісіз Шоқанның қолжазбасын көшіріп, жарыққа шығару; Шәкәрім мен Көкбайдың қолжазбаларын; Абайдың әлі жарияланбаған, кезінде Мұхтар Әуезов мақұлдаған өлендерін түсінік жазып, жариялау; IX ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларды ретке келтіру сияқты жоспарлары бар. Бұл ғылымның ауызша айтқандары ғана. Осыншама үлкен дүниелерді қолға алу үшін қаншалықты қайрат-жігер, ықылас-ниет керек десеңізші! Лайым, осы тың дүниелерді ғылыми айналымға түсіруге Қайым ағамызға Алла жар болып, зор денсаулық бергей. Жасы сексеннің бесеуіне келіп, үшінші мыңжылдықтың табалдырығын осындай мағыналы мұрағаттармен аттап отырған абайтану ілімінің білгірі – Қайым ақсақалдың болашақта – 90 жылдығында том-том еңбектерімен торқалы тойында кездесуге жазсын!
Ердембеков Б.Абайтану ілімінің білгірі Қ.Мұхамедханов 85 жаста.//Үш Анық.-2001.-№ 4.-Б.1б.