Президент Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа ескерткіш ашты.

Мемлекет басшысы шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде екі тұлғаның төл тарихымызда ерекше орын алатынын атап өтті.

  • Бұл – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы рухани бірліктің символы. Шын мәнінде, қос алыпты бөле-жарып қарау мүмкін емес. Олар Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Мұхтар Әуезов – әлем әдебиетінің шыңына көтерілген қаламгер. Ал Қайым Мұхамедханов – ұлы жазушының жақын серігі әрі шәкірті. Ол бүкіл ғұмырын Абайтану, Шәкәрімтану және Алаштану ғылымына арнады. Қуғын-сүргінге ұшыраса да, тағдырдың сынағына қарсы тұрып, еліне адал қызмет етті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ұлт тарихындағы біртуар тұлғаларымызды ұлықтау парыз екенін және бұл ескерткіш Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық тойына тарту болғанын айтты.

Ескерткіштің авторы мүсінші Нұрбол Қалиев. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 4 метр. Ескерткіш демеушілер қаражатына салынды.

 

 

Президент Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа ескерткіш ашты // Ертіс өңірі. – 2022. – 5 қазан. – Б.2