Қайымның қағидалары
Адамның бойындағы қасиеттерге берілген ғұламалардың анықтамалары көп. Соның ішінде «талант дегеніміз – мінез» деген қисын Қайым Мұхаметхановтың жеке басына да, оның өмірлік жолына да, ғылыми-шығармашылық еңбектеріне де қаратыла айтылған сияқты. Шындығында да, мінезсіз талант – қанатсыз қыран. Жер бауырлап көтеріле алмайды. Ал шабытты қолдан жасай алмайсың. Бұл реттен алғанда азамат Қайымның, оқымысты Қайымның тұтастық табатын тұсы – шындық. Осы шындық үшін басын бәйгеге де тікті. Түрменің торлы терезесі, ыстық-суық карцердің қинаулары, достардың сатқындығы, жалған жала көрген бейнет пен зейнет те оның бойындағы бұл қасиетті қайсарлыққа сызат түсірген жоқ.
Алған бетінен қайтпайтын, жақынының өзін жалғандығы үшінжек көретін, ұнатса – қырындысыз құлай ұнататын осынау адамға таң қалумен келе жатқаныма да ширек ғасыр болып қалыпты. Ол, Абай айтқандай, әуелі «өзіне сенеді», өйткені қандай тауқыметтен де «еңбегі мен қайратының екі жақтап» демеп шығатынын біледі. Бұл мінезі – қиын-қыстау күндерде жанына медет беріп, сатпайтын, сатылмайтын азамат деген атын шығарса да, кәдімгі етек басты тіршілікте өзіне көп кедергісін келтіріп, кесірін тигізді. Сәл ғана езу тартып, қас-қабағын дұрыс керіп, басын бір изей салса бітіп-ақ кететін іске келгенде тасырқап қалатынына кейде іштей налып та қалған кезіміз болды. Өзегі қатқан емендей қасарысқан күйінен танбайды-ау, танбайды.
Қаншама жылы қабақ танытып, бауырына тартып, кейде еркелеткенімен де өз басым Қайым ғұламаның алдында үнемі сескеніп тұрамын. Қай жерден қапы жіберіп аламын деп қылпылдайсың. Өзінен басқа кез келген адамды мақтай бер – үндемейді, сынай бер үндемейді, өзін қоса сынап, өмірге бейімсіздігін айт – күліп қойып отыра береді. Ал енді Абай мен Әуезов туралы сөз қозғап, сәл ғана жалған сөйлеші, онда шаруаңның біткені! Өйткені, өмір сүру мен ғылыми пікір тұжырымдауды тек сол екеуінің ілімі мен тәлімінен үйренген. Олардан басқа ешкімді тағы мойындамайды, мойындата да алмайсың. Қайымның бірінші қағидасы осы. Бұған оның жеке өмірі де, ғылыми-зерттеушілік қызметі де толық дәлел. Осы екі ұстазы үшін жиырма бес жылға сотталды. Әуезовтің сағын сындырып, санаттан шығару үшін елуінші жылдары ең әуелі ұлы жазушының айналасын тазалады. Жалғыз емендей өзі қалған соң оны құлату оңай деп ойлады. Барлық жаланы үйіп-төгіп:
«… Жоғарыда келтірілген дәлелдер М.Әуезовтің әдебиеттанушы ретіндегі ұсқынын толық әшкерелеп береді, бұл оның 30 жыл бойғы әдебиеттану саласындағы әрекетінің саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтан құралатындығын көрсетеді… Өзінің қастандық идеялық позициясын нығайта түсу үшін М.Әуезовқазақ әдебиеттану ғылымына өзінің ғылымға қарсы «концепциясын» сіңіруге тырысты. Осы мақсатқа жету үшін ол «Абайдың әдеби мектебі» туралы Қ. Мұхаметхановтың диссертациясын сондай ұқыптылықпен дайындады, мұнда Әуезовтің өткендегі қателіктері мен қасақана бұрмалаушылық көзқарастары тұжырымды түрде түйінделіп берілген. Диссертация ашық және бүркемеленіп берілген антимарксистік материалдарға сықап тұрған боп шықты. Алайда бұл жолы Әуезовтің жолы болмады. Мұхаметхановқа ғылыми дәреже беру туралы шешім қабылдаған ғылыми кеңестің ұйғарымы бұзылды, ал оның иесі халық жауы ретінде әшкереленді. Осы диссертацияның тарихы төңірегінде ұстанған Әуезовтің позициясы оның бет-бейнесін ашып береді. Ол мұндай зиянды жұмыстың идеялық шабыттандырушысы мен жетекшісі ғана болып сөйлеген жоқ, оның нағыз қорғаушысы да болды. М.Әуезов диссертанттың әрі жетекшісі, әрі оппоненті міндетін бірдей атқарды. Ол оны (Қ. Мұхамедхановты – Т. Ж.) әдебиет және өнер институтының секторында да, институттың ғылыми кеңесінде де және ҚазССР Ғылым Академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің біріккен ғылыми кеңесінде диссертация қорғаған кезінде де жақтап сөйледі. Міне, бұл М. Әуезовтің дәл осы жаулық пиғылдағы диссертацияны дайындағаны және оны сүйреп алып шыққандығы оның жеке басының бұған аса мүдделі болғандығын айтпай-ақ байқатады. М. Әуезов тек қана аса ауыр қателіктері мен бүлдірушілігі үшін ғана айыпты емес, сонымен қатар, дәл осы пиғылының насихатшысы болғандығы үшін де айыпты. Өйткені ол өзінің айналасына ылғи да идеялық тұрғыдан тұрақсыз, саяси көзқарасы соқыр адамдарды топтастырып келді және қазір де топтастырып жүр», – деп байбалам салды.
Оқымысты, ұлтының адал азаматы Қайым Мұхаметхановты мына сексенге келген жасында әр нәрседен ілік тауып, кінәсіз кінәлауға болар, бірақ – «идеясы тұрақсыз, саяси көзқарасы таяз» деп айта алмайсыз. Өзі туғаннанбергі тәрбиесі мен өскен өмірінде бір ғана идеяны ұстанды, бір ғана «саяси көзқарасы» болды. Ол – Абайдың идеясы, Абайдың көзқарасы, Абайдың Мұхтар Әуезов бағдарлап берген саясаты. Бұдан ешқашанда айныған да емес және оны жасырған да емес. Жаңағы С.Нұрышевтің пікірі – ғылыми пікір емес, соттың үкімі болатын. Араңдатушылар М. Әуезов «ұқыптылықпен тәрбиелеген» Қайым Мұхаметхановтың сағын сындырып, еңсесін езіп, рухын түсіріп дегенімізге көндіреміз деп ойлады. Бірақ көндіре алмады. Бұдан сұрағаны жалғыз-ақ: «Маған бұл тақырыпты Әуезов зорлап зерттетті» – деген сөз. Соны жазып берсе бостандықта жүреді, ғылыми атағын да қайтып берер еді. Бұлай етсе Қайым – Қайым болмас еді. Абайдан да, оның алашордашыл шәкірттерінен де, алашордашыл Әуезовтен де бас тартпады. Сөйтіп, жиырма бес жыл түрменің «төріндегі құтты қонағы» болуға «ризалық білдіріп», маршал Жуковтың штабында болған генералдармен бірге «сыбаға» бөлісіп шыға келді.
Қайымды «халық жауы» етіп көрсеткендердің қазір бірі бар, бірі жоқ, ғалым оларға өкпе де артпайды. Бірақ та сол кезде Абай мен Әуезовке жала жапқандарды кешпейді. Өзінің жеке басына қиянат жасағандарға түсіністікпен қарап: «Оларда не жазық бар. Қысымға шыдамады. Бала-шағасы бар, тіршілікті қимады. Алатын атағы бар… және Қайымды кім біліп жатыр. Ал Әуезовті аранға жығу деген сөз – қазақ ұлтын арандату деген сөз. Менің өз басым, әйтеуір, Әуезов еркіндікте аман-есен жүрсе, түбі бәріміздің бостандыққа шығатынымызға кәміл сендім. Сондықтан екіжүзділерді жек көрдім. Әуелі Мұхаңды мұқатамын дегендердің өзі ұшынып кетті ғой. Адалдығың, арыңның тазалығы – адамдығыңның белгісі. Қазір соларды көрсем, мен күліп қараймын, ал олар қипыжықтап, бет-аузы тыржиып қашқақтай береді. Түн ішінде көрпесін басына жамылып алса да әруақтар көз алдына елестеп, тыныштық бермейтін болуы керек. Менің ұйқым тыныш, ойым орнында», – дейді оқымысты ұстаз.
Шындықты бетіне тура айту үшін Қайым Мұхаметханов кісі таңдамайды. Үлкен бе, кіші ме, ұстазы ма, шәкірті ме, тіпті дана Мұхтар Әуезов пе, Қайым сескенбейді. Үндемей, қабағын түйіп отырып қалатын, не шығып кететін мінез жетпіс бес жастан кейін ғана қылаң берді. Сол шыншыл мінезді Қайым түрмеден шығып келген бетте Мұхаңа да көрсетіпті. Абақтыдан Алматыға тартқан шәкірт бірден Мұхаңның үйіне тартады. Онда да вокзалдан күтеді. Бұл үш жылдың ішінде Әуезов Мәскеуге баспаналап жүріп, бұрынғы пікірлерінің кейбіріне баспасөз бетінде басқаша баға беріпті…
Осыған қитығы ұстаған Қайым Мұхаңа:
-Сіз де сенімсіз екенсіз ғой, – дегендей сөз айтыпты. Сонда:
-Әй Қайым-ай, сен нені түсінесің? Түрме саған ештеңе үйретпеді ме? Олардың аңдығаны сендер емес, менмін ғой. Мен өзім үшін емес, сендер үшін осындай әрекетке бардым. Сендерді сөйтіп қорғадым. Егер мен қасарыса берсем, сендерді қысады. Мен жұмсарсам – сендерге де жұмсарады. Мұны тактика дейді!, – деп әуеліде қату, соңынан тату сөзін айтыпты.
Шындығында да, Мұхтар Әуезовтің бүкіл саналы өмірі түрменің тактикасы мен стратегиясын зерттеуден тұрады. Әйтпесе, аман қалу мүмкін емес еді. Есін білгеннен бері қуғын мен қысымнан көз ашпаған ұлы Мұхтар Әуезов қиын-қыстау кезінде де амалын тауып ғылымның жас буындарын осылай қорғай білді және қадір тұтты.
Тағдыр талқысына түскен Қайым Мұхаметхановтың бұдан кейінгі тағдыры да тақтақ жолға түсті деуге болмайды. «Халық жауынан» сескеніп қалған ел-жұрт, ғылыми орта, партия-әкімшілік орындары оны бауырына баса қоймады. Ғылыми жұмыстарын тұжырымды негізге түсіріп, жүйеледі кандидаттық дәрежесін қайта алу үшін жүргізілген кеңестер мен пікір айтушылардың тексеруінен өткен тар жол, тайғақ кешулер, ақыры «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» жаңа еңбек жазуға алып келді. Қаншама рухы күшті болғанмен де сергелдеңмен өткен он жыл өзінің салқынын тигізді. Қайымның әрбір пікірінен кілтипан іздеп, әр мақаласына қарауыл қойып қарады. Сөйтіп, «Семейдегі Абай музейін алашордашылардың ұясына айналдырған», «идеясы тұрақсыз, саяси көзқарасы таяз», «дұшпандық пен бүлдірушілікке ұқыпты түрде дайындалған Қ. Мұхаметханов деген әлдебір ғалымсымақ» туған қаласында өз бетімен тыныш өмір сүріп жатты. Мұхтар Омарханұлы дүниеден қайтқаннан кейін Алматыда айлап жүруді де қойды. Бірақ та ұстаздық ете жүріп ғылыми ізденістерін тереңдете берді. Соның нәтижесінде, жоғарыдағыдай менменсіп, менсінбей сөйлейтін, ғылыммен емес, ғылымның төңірегіндегі дау-дамаймен, даңғазамен аты шыққандардың өзі ғалымсымаққа айналып, есімдері ұмытылып тынды да Қайымның жұлдызы жана берді. Әдебиеттану мен абайтану ғылымында өзіндік дербес пікір, тұжырымы бар қазақтың оқымыстысы дәрежесіне көтерілді.
Ал ғалым ретінде Қайым Мұхаметханов қандай қағидалар мен қисындарды қалыптастырды?
Бірінші: ол ұстазы Мұхтар Әуезовтің өсиетіне адал бола отырып «Абайдың ақындық мектебі» деген аты-шулы тақырыпты түбегейлі зерттеп, ақыры дәлелдеп шықты. Оны қазақ әдебиетінің тарихындағы бел-белесті кезеңнің бірі ретінде бағалауға Қайымдай еңбек сіңірген адам жоқ. Демек, абайтанудағы жаңа бағыттың, ғылыми тұжырымның негізін қалады. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тынысы ашылып, өрісі кеңіген Қайым Мұхаметханов Мұхтар Әуезовтің орындай алмай кеткен арманын, «қазақтың әдебиеттану ғылымының ішіне дұшпандық әрі бүлдірушілік әрекет ретінде сіңіруге тырысқан» мақсатын жүзеге асырды. Соңғы жылдары Семейдегі Абай қорының көмегімен және «Атамұра» баспасының азаматтық әрекетімен жарыққа шыққан «Абайдың ақын шәкірттері» атты үш томдық монография мен «Абай мұрагерлері» деген көлемді еңбегі – Қайымның бұл саладағы елу жыл жүргізген ғылыми еңбегінің қорытындысы. Абайдың ақындық мектебі деген ұғым Қайымның есімімен тікелей байланысты. Сондықтан да бұл еңбектің қадір-қасиеті жылдар өткен сайын арта бермек. Оған еш күмән жоқ.
Қайымның қазақ әдебиеті тарихындағы екінші үлкен еңбегі – Абай шығармаларын текстологиялық тұрғыдан зерттеуі. Бұл бұрын қазақ сыни көзқарастарында назарға ілінбеген, Қайым негізін салған ғылыми сала. Әрине, Мұхтар Әуезовтің ақылымен жүзеге асқан, сол дегдардың шапағатымен жарыққа шыққан еңбек. Бұдан бұрын текстологиялық зерттеу жүргізуге қазақ әдебиеті тарихы ғылымының мүмкіндігі де келмеп еді. Дәл қазір де бұл сала жеке дара дамып кеткен жоқ. Әр ғалымның монографияларының соңғы бөліміндегі түсініктер дәрежесінде ғана көшке ілесіп келеді. Ал Қайымның Абай өлеңдерінің текстологиясы жөніндегі пікірлері мен көкейкесті мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ. Қайым Мұхаметханов негізін қалап, Әбіш Жиреншин үн қосып, З. Ахметов пен С. Қирабаев, М. Мырзахметов сияқты ғалымдар тереңдеп із салғанымен де Абайдың «сөзі түзеліп» біткен жоқ. Түзеу үшін емес, түзу сөзді орнына қою үшін жүргізілетін түзеу жұмыстарының басы қайырылып бітті деуге әлі ерте. Абай шығармаларының соңғы толық басылымына Қайым Мұхаметханов та қатысты. Бірақ сол тұста көзі ауырып, қағаз оқуы қиындап кеткендіктенде белсеніп кірісуге мүмкіндігі болмады. Алайда, ең әуелі Кәкітай мен Тұрағұлдың өзі «Абайдың тұңғыш жинағында жіберілген қате көп болды» – дегенде нені айтты, Абайдың қай сөзі жаңсақ басылды, соны анықтау керек деген пікірінің жаны бар. Оған біздің де көзіміз жетті. Әрине, бұл басқа мәселе. Алайда Абайдың текстологиялық тұрғыдан зерттелуінің жүлгесін салып, жүйесін жасауда Қайымның еңбегі қашанда бірінші назарда тұратыны ақиқат.
Қайымның әдебиет тарихына қосқан үлесі де салмақты. Соның ішіндегі жыраулар әдебиеті жөніндегі өмірбаяндық зерттеулер мен текстологиялық салыстырулары бұл саладағы көптеген көмескі жайлардың бетін ашып, тың деректер мен соны пікірлер түйіндеуге негіз қалады. Әсіресе, Бұқар жырау, Үмбетей жырау, Махамбет туралы еңбектері ғылыми дәлелімен құнды. Бір өкініштісі, ғалымның бұл саладағы ғылыми мақалаларының басы қосылып, дербес жинақ ретінде басылған жоқ.
Қайым Мұхаметхановтың төртінші бір түбегейлі зерттеген тақырыбы – XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген жазба ақындардың өмір тарихы мен шығармашылығы. Кезінде, «кітаби ақындар», «діншіл ақындар», «байшыл ақындар» деп шетке қақпайланған осынау талант иелерінің мұралары енді ғана зерттеле бастады. Заманның әртүрлі қақпа-қылына түскен олардың біраз еңбектері жоғалып тынды. Қайым Мұхаметханов қилы-қилы қысымға қарамастан Әріп, Көкбай, Әділқан, Бейсембай, Әсет, Әубәкір, Ақылбек, Уәйіс, Шәкерім, Шәкерімнің Қабышы туралы деректерді елу жыл бойы жиып, рухани мұрамыздың ауқымды саласын құрып кетуден сақтап қалды.
Әрине, қадірменді Қайым Мұхаметхановтың ғалымдық, ақындық, драматургтік қасиеттері жөнінде кеңінен талдап айтуға да болар еді. Бірақ та, «Біз қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» – деген әнұранның сөзін жасынан жаттап өскен ұрпақ үшін мұның барлығы да белгілі. Әттең, ең өкініштісісол, ғалымның тартпасында әлі де қаншама асыл қазыналар жарық көрмей жатыр десеңізші. Оған да қамқор адамның табылып, демеуші боларына сенеміз.
Қайсар мінезді ғалым қандай құрметке де болса лайық.
Тұрсын Жұртбаев.
Жұртбаев Т. Сыншы, ғалым Қайым Мұхаметханов 80 жаста// Қазақ әдебиеті. – 1996 ж. – 26 наурыз. – 13 бет