Қайым Мұхамедханұлының әдеби мұралары жинақталып, бас-аяғы бүтінделіп,бір арнаға түсірілген жоқ. Баспасөз беттерінде жарық көрген, жанұялық қорында сақталған шығармаларын топтап айналымға енгізу- әдебиеттану ғылымындағы кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Қазірде Қайым Мұхамедханұлының кең көлемді екі шығармасы белгілі: Бірі-«Жамбыл» атты толғауы, екіншісі –«Орындалған өсиет» атты поэмасы. «Жамбыл» атты толғауы 1938 жылы «Екпінді» газетінің мамыр айындағы санында жарыққа шықты, ал Абайға арналған «Орындалған өсиет» атты поэмасы баспа жүзінде жарық  көрмеген, Абайдың республикалық мәдени-тарихи, әдеби-мемориалды қорық мұражайының қорында сақтаулы.

1938 жылы жыр алыбы Жамбылдың әдеби қызметінің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған ақындар сайысында Қ. Мұхамедхановтың «Жамбыл» атты поэмасы бас жүлдені жеңіп алды. Одақ көлемінде ұйымдастырылған аталмыш сайыста сөз зергерлерінің арасынан суырылып шығып, жүлделі орын алу да Қайым ақын талантының бір қырын аңдатады.Көне әдебиеттен халық эпосы негізінде тамырын тартып, ауыз әдебиетінде батырлар жырынан өріс алған «поэма- өлеңді повесть, өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипаттағы өлеңмен зерттеу» [1.313]. Кезінде аталған дүниеге «поэма» деп атау берілгенмен тлғауға жақын ба дейміз. Бұл жөнінде автордың өзі де «… шекесіне «поэма» деп айғайлатып, айдар тағып, өзімше бір дүние жазған едім. Сол дүниелігім бірінші орын алғанмен, қазыр де оны поэма деуге аузым бармайды. Өйткені, ішінде ешқандай сюжет жоқ нәрсені қайтіп поэма дерсіз»,- деген ой айтады.[2]. Автордың өзі де туындыны аталмыш жанр қатарына жатқызбауында себеп те жоқ емес. З. Қабдоловтың көрсетуінше, поэма сюжетті де, сюжетсіз де болады. Бейнелері де әр алуан: эпикалық бейне де, реалистік бейне де болады. Ал, белгілі әдебиет зерттеушісі             Ә. Нарымбетовтың пікіріне жүгінсек: «Поэма- өлеңмен жазылған шығарма. Оның басты сипаттары –сюжет. Характер, лиризм, драматизм. Әрине, бұл поэма біткеннің бәрін қамтып тұр деп үзілді-кесілді айта алмаймыз. Және бұл айтылған сипаттар бір поэманың бойынан түгел табылуы да мүмкін емес. Бір поэмада бірнешеуі ұшырап, бір сыпат жетпей, не жоқ болып шығуы да ықтимал. Поэманың даму жолында аталған компоненттің біреуі алдыңғы планға шығып, кейбірі көмескіленуі де ғажап емес. Бұл жай басқа халықтармен қатар, қазақ поэмаларының даму процесінде жиі байқалады». [3.16]. Ал әдебиет зерттеушісі Ө. Күмісбаев: « Поэма- оқиғаны өлеңмен баяндап айтатын, кейде жыр толғау түрінде келетін көлемді шығарма»,- деп аталған жанр жайлы ой топшылайды. [4.274]. Толғауда «Әдебиеттану терминдер сөздігінде» мынандай түсінік берілген: «Толғау- қазақ, сондай-ақ, қарақалпақ, ноғай секілді басқа да халықтардың ауызша поэзиясында кең тараған қоғамдық-саяси лириканың бір түрі. Әрбір даму кезеңінде толғау мазмұны жағынан да, бірталай өзгеріп, жаңаша сипат алды. Тоғау кейде күрделі, лирикалық туынды, тіпті сюжетсіз поэма дерліктей сипат алады.» [4.328]. Сайып келгенде, жеті буыеды тармаққа негізделген аталған туындының стильдік-тілдік ерекшелігі, тақырыптық мәселесін талдай келіп аңғарғанымыз, поэма жанрының табиғатынан гөрі толғаулық-поэмаға жақын ба деген ойдамыз.

Толғаудың басты кейіпкері- қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаев. Туынды тақырыптық мазмұны жағынан, негізгі идеясы, көркемдік мақсаты жағынан өнер адамын ашып көрсету, оған деген халық құрметін паш ету. Одақ көлемінде аталып өткен бұл дүбірлі шараға қатысқанда Қ.Мұхамедханов студент еді. Сол толғаудың кейбір шумақтарына көз жүгіртіп өтейік.

Жұлдыздай ақ, қаламым,

Төгілт жүрек шаттық жыр.

Заманға сай талабым,

Бөгелме сайра, сайра тіл!..[5]- деп қанаттанып алған ақын:

Жүзге жасың келгенде,

Бұл заманды көргенде,

Домбырасын қолға алып,

Қырандайын қомданып,

Нөсерлетіп шаттық күй

Кәрі саусақ маймаңдар

Перне үстінде билеп би,- деп жыр алыбына арнауын төгілдіреді де,өткен заманға шегініс жасап, жырға қосады:

Заманы кеше тарылып,

Елді кезіп сарылып,

Бақыт таппай жырлаған

Елдің мұңын жыр қылып,

Елдің жырын жыр қылып,

Ел үмітін жырлаған.

Күннің көзін көре алмай,

Өрістеп өлең өсе алмай

Құшағын кең жая алмай,

Шаршаған дауыс баяулай.

Шарықтап көкке шыға алмай,

Шіркін дүлдүл сыналмай,

Топтан озып жүлде алмай,

Жайық жырлап зар толғай,

Еркін өмір сүре алмай,

Өмірден ләззат ала алмай,

Шаттық тауып күле алмай,

Сән салтанат құра алмай,

Көкті бұлт торлаған,

Бал тамған тілі бұлбұлдың

Басынан өткен сол заман- деп ақын патша заманындағы ел жайын, «қолына домбыра орнына таяқ алған, кең даланы кезе алмай қалған» Жамбыл баба жайын суреттейді. Саяси ұғымдар, толғаулық түйіндер көркем поэзия тілімен бедерленеді. Қазан төңкерісінен кейін елге енген өзгерістерді қуана жырға қосып:

Жаңа өмір жаңа түрге еніп,

Тоты құстай түрленіп,

Жазы шығып жадырап,

Бәйшешектей гүлденіп…

Жібек шапан кигені,

Қара жорға мінгені,

Өмірден ләззат алады.

Дауысы көкке өрледі,

Күш қайнап, жігері кернеді,- деп ежелден ауыз әдебиетінде қолднып келе жатқан айшықтаулармен бедерлейді. «Сұңқардайын түлеген, тұлпардайын үдеген» Жамбылдың асыл сөз кестелері халқына тарап, ел аузында жатталып қалатындығын баса айтады. Бұл заманға кете алмай, не дарынды талаптар қайғымен кімдер өтпеді деп ақын былайша толғайды:

Жүрегін мұңлы шер кернеп,

Домбыра зарлап, күй тербеп,

Таппай бақыт қалғанда,

Домбыра болып серігі,

Өмірдің болмай көрігі,

Өтті Қорқыт арманда.

Жерұйық іздеп жер шарлап,

Өмірден ләззат ала алмай,

Іздеп бақыт таба алмай,

Батқан қалың қайғыға

Бейнесі мұңлы көңілдің,

Бейнесі сұм өмірдің,

Өтті Асан қайғы да.

Қазақ халқының басынан кешкен тарихы жалпы панорама түрде сабақтастық ізімен берілген. Жамбылдың ақындық тұлғасын бейнелеу үшін халық поэзиясындағы шұрайлы көркем сөздерді (асыл сөзді кестелеу, сұңқылдаған көмей, сыбызғыдай сызылу т.б.) таңдап, талғап қолданады. Бүкіл халықтың сүйіспеншілігімен қамқорлығына бөленген қарт Жамбыл, «халыққ ақыны» деген атқа ие болады.

Жырдан маржан дестелеп,

Асыл сөзден кестелеп,

Өнерін Жамбыл өрнектеп,

Шашу қып шашты халқына

Тоқсанға тақап, тойтарып

Жиырма бесін қайтарып,

Қарлыққан дауыс асырып,

Кәрілікті жасырып,

Сыбызғыдай сызылып,

Сұңқылдаған көмейі.

Халқымен «қайта жасарған» қарт жыршының асқақтаған бейнесін Қайым ақын осылайша жырға қосады. Жеті буынды өлең жолымен жазылған бұл туынды бір оқиға төңірегінде, яғни Жамбыл жырауға арналған. Сонымен қатар, жоғарыда көрсеткеніміздей, патша заманы, қазан оқиғасы, кеңес өкіметінің орнауы- осынау кезеңдердегі Жамбыл ақынның, қазақ халқының басынан кешкен тарихи оқиғаларды да, түйдек-түйдегімен астарлап, жеткізіп отырады.

Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының қорында Абайға арналған шығармалар арнайы топтастырылып, жинақталған [6].Осы топтама жинақтан Қ.Мұхамедхановтың «Орындалған  өсиет» аттыэмасын кездестірдік. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл туындықазақ халқының ұлы ақыны Абайға арналған. Шығарма 1940 жылы жазылған, тақырыптық мазмұны жағынан, негізгі идеясы, көркемдік ерекшелігі жағынан өнер адамын дәріптеу, халқының ақынға деген құрмет-мерейін жеткізу.

«Әу» деп басталған бетте өзі ұстаз тұтып, асыл сөздерін көкірегіне жаттап өскен ұлы ақынға ерекше тағзым етуімен басталады:

Алтайдың ақ иығы шықты шыңға,

Алдағы көз жіберді мың-мың жылға.

Алтын туын өлеңнің тігіп құзға,

Артқыға үлгі- деді- қыз бен ұлға.

Атасы ақындардың Абай еді,

Алғыр ойлы, ардагер асыл тұлға.

Осылайша ұлы сөз зергерінің ақындығына, даналығына бас изеп алғаннан кейін, ұрпағына берген үлгі өнегесін, Абайдың өзі аузынан айтылған өсиет арқылы сөйлетеді, яғни Абай ақын сөз алды:

  • Аманат, сен куәсің,- деді туға!

Кейінгі ұрпақтарым қанаттанып,

Қырандай шықсын құзға қанат қағып,

Талабы тасығанда ұлы өмірде,

Жырласын тіккен туды қолына алып.

Қаламымды қалдырдым тот баспасын,

Асыл сөз мұхитына кеттім малып.

Болат қалам сенімді қолға тисін,

Қаламымен жыр жазсын қаруланып!

Жыр тасып тас бұлақтай тасқындасын

Қарасын барлық әлем қайран қалып,- деп ақын артына қалған «сөз мммұмұмұрагерлеріне»

мұрагерлеріне» сенім артады. Сөз мұхитына малып кеткен қаламының тот баспауын тілеген Абай ақынның «сөзінде» астарлы мағына бар. Сөз асылын, сөз маржанын теріп тас бұлақтың суындай келісімді жолдар тудыратын ұрпағына сенім артады. « Арттағыға сөзің мен ісің қалсын»  деген ұлы ақын, «болат қалам сенімді қолға тисін»- деп те шәкірттерінің асқақ болуын тілейді.

Бәйгіге шаба алмадым бойым тасып,

Бәйгіге түс, жеткіншек жас тұлпарлар,

Бәйгімді бересіңдер сендер алып,

Өкінішті өмірім бұлдыр болды,

Сендердің өмірлерің болар жарық.

Ұрпақтар, енді маған кінә қойма,

Өмірден соққы көріп кеттім налып.

Өмірдің төріне шық, шыңына өрле,

Даңғыл жол алдарыңда кеттім салып.- деп «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» өсіп, өмірден соққы көріп налып өткен, «алды үміт, арты өкініште» өмір сүрген ақын өзі өмір сүрген заман жайын айтып өтеді. Поэма ішінде Абайдың «Пайданы көрсең бас ұрып» атты өлеңінің төрт жолы кірістірілген. Соның негізінде, Ұлы Абай өсиетін кейінгі жас ұрпақтың қалай орындағандығы жөнінде ақпар береді:

Пайда көріп, бас ұрып бұрылмадық,

Мақтан іздеп қайғыға ұрылмадық.

Мінді ұрлап, жасырып жасқанбады,

Майданға түсіп, бәйгіні бұрын алдық.

Құрыштай асыл сөзбен қаруландық,

Қан майданда жауға аттық, ойран салдық.

Қас жаудың қақыратып қабырғасын,

Қайрадық қаламыңды миллион сан ғып…

Ғылымның дариясына жүзіп қандық,

Қалың елің қазағың қайта туып,

Өмірдің ең төрінен орын алдық.

Сен көксеген өмірге жетті ұрпағың,

Бұрынғы ескі өмірден қалмай қалдық.

Өлеңге өзің салған даңғыл жолмен,

Маржандай тізілдіріп жыр жырладық ,- деп Қайым ақын «қолына қалам алып, өлең жазса, алдында ақын Абай – Темір қазық» екендігін айтады. Мұраға қалдырған сөз асылының қаламын «миллион сан» қайрап, асыл сөзбен қаруланып, қас жаудың қабырғасын қақыратар ойран салғанын паш етеді. Поэмада Абайдың мәңгі өлмес, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер сөздерінің мәні, ерекшелігі дәріптеледі.Ақынның сөздері күн-түн сөнбей мәңгі халқымен жасара беретіндігі айтылады.

«Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегендей тілі көркем, сөз саптаулары соны, өресі биік, дарыны ерен, кестелі сөз өрнектерін тізе білген Қ. Мұхамедхановты ақын ретінде арнайы зерттеуіміздің де бір себебі осында. Мұндай ой қорытуымызға әйгілі орыс жазушысы Н.М.Карамзиннің қара сөзбен жазылған «Сормаңдай Лиза» («Бедная Лиза) повесін қазақ тіліне өлеңмен аударуы да себепші болды. Біз Қ.Мұхамедхановты ақын ретінде қарастырғанымызда поэзия жұлдыздары шоғырына жатқызамыз деуден аулақпыз. Бірақ оның жүрегіндегі мұң-шерін, асыл сөздерін, сезімін, ой –қиялын көркем жыр жолдарымен кестелей алғандығын да атап айтуымыз қажет.

«Лириканың күші әсерлілігінде; әсерлік әр нәрсені әншейін ауызекі әңгіме қылғандай сылдыратып айтып беруде емес, айтайын деген сырлы суретке айналдыруда, демек, лириканың күші – баяндауда емес, суреттеуде  жатады»[1.323]. Ана тілінің уызын қанып ішіп, рухани ұстаздарының ұлағатын сарқып ұға білген Қайым ақын лирикасының күші осы әсерлікте жатқандай…

Жалпы, Қ.Мұхамедхановтың өлеңдеріндегі ерекшелік нені жырласа да қарапайым сөздермен өз ойын бейнелі, әсерлі, мәнерлі жеткізуінде. Өлеңдерінен асыра шектен шыққан теңеу, қою боямалылық кездеспейді. «Тас бұлақтың суындай келісімді»жолдар тудыра білген ақын шығармалары – Абай талап қойған сөз патшасының қыры мен сырын жетік меңгерген, халық жүрегіне жол тапқан туындылар.

 Смағұлова А.  Қайым шығармаларының ерекшеліктері // Ақиқат.-2005.-№11.-б.71-74.