Қайым Мұхамедхановтың 80 толуына орай

 

Сағынамыз жыл өткен сайын біздер,

Толқын  жуып,  қаншама шайылды іздер.

Бұл күндері Семейге келген адам

Ең алдымен елеңдеп Қайымды іздер…

Үңілгеннің өткенге көзі жетпек.

Надан болсаң, кімдерге сөзің өтпек?

Академия бір өзі Семейдегі,

Өзі-музей,

Өзі –архив

Өзі –мектеп,

Деп ақын Несіпбек Айтовтың өлеңмен өрген сыры – көптің көкейінде тоғысып, көмейінде бүлкілдер шындықтың шынайы көрінісі. Сексен жыл өмір сүріп, қуанышы мен реніші, жеңісі мен желісі егіз қатар келіп, алма-кезек ауысқан сәттерді басынан кешірген кемел қария ғұмырнамасының тарам-тарам тараулары бүгінгі ұрпаққа да, келер өркенге де өнеге, ұлағат.

Қайым Мұхамедханов – әдебиеттің түрлі жанрларында қалам қайратын танытқан қаламгер. Оның азаматтық суреткерлік, өнерпаздық мақсат-мұраттары қазақ әдебиетінің соңғы жарты ғасырдан астам тарихымен біртұтас.

Біз бұл мақаламызда Қайым Мұхамедхановтың зерттеудегі қаһармандық еңбегі төңірегінде ой өрбітудегі мақсат тұттық. Әрине, бірден айту шарт, 1938 жылдан бері зерттеулері газет-журналдарда үзбей жарияланып келе  жатқан ғалымның күллі  еңбектеріне назар аударуы мүмкін емес. Сондықтан ғалым шұғылданған  көкейкесті мәселелердің кейбіреулеріне ғана тоқталуды  жөн көрдік.

Әдебиет тарихы – күрделі құбылыс. Сондықтан да болар, жалпы әдебиетші атын иеленген ғалымдар көптен саналғанымен, барша  ғұмырын қиыншылығы көп, азабы бастан асатын әдебиет тарихшысы – әріптестеріміз некенсаяқ.

Қайым ағаның әдебиет тарихын зерттеудегі ұлан-ғайыр тындырған істері М.Әуезов, С. Мұқанов, Б.Кенжнбаев, Ы.Дүйсенбаев, Р.Нұрғалиев, сияқты аса ірі ғалымдар еңбектерінде әркез жоғары бағаланғаны белгілі.

Әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдардың алдынан кескестеп, бөгет жасайтын, қолбайлау болатын тіпті кейде ізденіс нәтижесін тығырыққа тіреп, шырғалаңға салатын жәйт бар.  Ол – қаламгерлер архивтерінің сақталмауы. Яғни, туған жылы  мен айы, күнін айғақтайтын төлқұжаттың жоқтығы, қаламгерлердің өз қолдарымен  жазған өмірбаяндық деректердің тапшылығы,  не мүлдем болмауы, қолжазбаларының сақталып, бізге жетпеуі – зерттеушілердің ізденістерін тек қана қойса бір сәрі ғой, ақын-жазушылардың туған, қайтыс болған жылдары төңірегіндегі жасанды даудамайға тексті жұлмалауға жол ашуы кімді де қынжылтары хақ.  Фактіні көпе-көрінеу бұрмалауға бейім тұру, поэтикалық  тексті дөп басып дұрыс оқуда дәрменсіздік таныту орын алған кезде Қ. Мұхамедханов ымырашылдыққа жол берген емес. Әдеби, тарихи факті  мен көркем текске нұқсан келген шақта  әріптесінің атақ-дәрежесі, қызмет-шені тәріздес ұғымдар  ұмытылып, қалай да, қашан да шындықтың бетін тура қаару – Қ. Мұхамедхановтың зерттеушілік кредосы.

1982 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің екі санында (30 шілде, 6 тамыз) Бұхар жырау Қалқаманұлының өмірі мен шығармашылығына  арналған аса көлемді  зерттеуі жарық көрді.  Шындығына келгенде  бұл әдепкі газет мақаласы емес, қилы-қилы  болжамдар мен пайымдауларға  негізделген, айтатын тиянақты ойы бар нақты деректерге сүйеніп жазылған жаңа пішінді зерттеу еді. Сондықтан да шығар, энциклопедист- ғалым, академик Әлкей Марғұлан іле-шала хат жазып, ризашылығын білдіреді. Шағын ғана хатты тұтас келтірсек, оқушымыз айып етпес:

«Ардақты Қайым!» Көп сәлем бір баланың қайтыс болғанын естімедім. Топырағы торқа болсын, өздеріңе қуанышты өмір берсін.

Бұхар жырау мен Мұхтар туралы жазғандарың зор ақылға келеді, ғылым жолымен жақсы жазылған екені байқалады. Бірақ Бұхар жыраудың  қай жылы өлгені әлі ашық емес. Оны жақсы білетін Қаныштың (Сәтпаевтың –А.Е.) әкесі Имантай еді. Ол кісінің айтуынша, Абылайдан екі жыл кейін өлді деп отыратын. Ол – 1873 жыл. Бұхардың 94-ке келген  жылы болу керек. Осы туралы Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларын қайыра оқып, ашық айтқан жері бар ма екен, білу керек.

Мен үш том етіп жазған қазақ халқының өнері әлі шыққан жоқ. Басқа бір елдің типографиясына істеу үшін кешігіп жатыр. Сал мен серілер туралы бір кішкене кітап  жаздым, ол да шықпақшы, кейін аларсың. Оларға да көз саларсың. Әлкей Марғұлан. (31 қазан, 1982 жыл).

Егер суыртпақтап із қуалап кетсек сан тарапқа ертіп ала жөнелетін ойлар жеткілікті, ондай мақсат ұстанбаймыз. Айтпағымыз, Әлкей Марғұлан тектес ұлы ғалымның Қ. Мұхамедханов зерттеуіне шын жүрегінен қуанып, шексіз алғысын білдіруі тегіннен тегін емес. Ғылыми тереңдік, байсалдылық,  салиқалылық баурап алса керек ғалымды.

Бұхар жырау шығармалары түрлі жинақтарға  еніп,  ал ол туралы пікірлер көптеген ғалымдардың ( Қ. Жұмалиев, Ы. Дүйсенбаев, М. Мағауин) еңбектерінен  лайықты  орынды иеленгенімен, Бұхар қай жылы туды, қайтыс болды, қайда туды, қайда жерленді деген сауалдар  кереғар бір-біріне қарам-қайшы көзқарастардан аяқ алып жүргісіз еді. Қ. Мұхамедханов салмақтай саралап, жұмбақ жәйттердің бетін ашады. Беймағлұм сырларды ашуда Қ. Мұхамедхановтың тірек еткен дүниелері нелер? Алдымен, жыраудың төл шығармалары, онан соң ескілікті шежірелер, қолжазбалар, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының материалдары, атақты тарихшы этнограф Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамса шарқи» («Шығыстың бес елінің тарихы») (қазан 1910) деректі кітабы.

Көптеген фактілерді салыстыра келіп, ғалым төмендегі  түйінге тоқтайды: «Бұхар жыраудың дүниеге келген жері  -Бұхар хандығының жері, Бұхар қаласының маңы (Бұхара қаласы – қазіргі Өзбекстандағы Бұхара  облысының орталығы) болады. Өскен ортасы, көп уақыт өмір сүрген жері – Оңтүстік Қазақстан. Ал Бұхардың қайтыс болған жері туралы әуелде (1931 ж.) Сәкен Сейфуллин айтқан: «Бұхар жыраудың моласы Баянауылда Далба тауының ішінде» деген сөз – тарихи шындық. («Қазақ әдебиеті», 1982. 6 тамыз).

Тағы да тірнектеп жинастырылған деректерді сұрыптау нәтижесінде: «Біздің дәлелдеуіміз бойынша Бұхар 1685 жылы шамасында туып, 1777 жылы 92 жасында өлген» деп ой тұжырады зерттеуші.

Сөйтіп, әрқилы айтылып, жазылып келген Бұхар жыраудың туған, өскен жерін, өмір сүрген ортасын, дүниеге келген, дүниеден көшкен уақыттарын мойын бұрғызбас мағлұматтармен бекітіп, ғылыми өмірбаянға мұрындық боларлық құнды байламдар жасайды.

Бұхар жырау өз шығармаларын ауызша, суырыпсалмашылықпен туғызған. Дер  кезінде  хатқа түспей кейінірек он тоғызыншы ғасырдың ортасынан берірек мерзімде қағаз бетіне біртіндеп ілініп, тек Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларында толығырақ қамтылған Бұхар толғаулары текстологиялық ақауларға толы. Ғалымды толғандырған да – осы мәселе.

Жалпы текстологиялық ізденісті көркем текстің бастапқы қалпына келуін әдебиетті зерттеудегі алғышарт екендігін жан-тәнімен ұғынып, жазылмаған заң дәрежесінде қабылдайтын Қ. Мұхамедханов үшін Бұхар жырау мұрасындағы орын алған олқылықтар – ғылым адам ы үшін  төзбестік хал. Сонымен бірге бәзбіреулердің, тіпті  басқа ақындардың өлең-жырларын Бұхарға таңып, Бұхар атынан жариялап жүруі қазақ әдебиеті ғылымының көсегесін көгертпейтін келеңсіз көрініс екендігін ашынып айтады.

«Бұхар сөздері әр басылымдарда, әртүрлі болып басылып жүр, кейбір толғаулары бір жинаққа кірсе, екінші бір жинаққа кірмей қалған. Жарияланып жүрген жырлардың ішінде  Бұхарға тән емес жырлар да кездеседі». («Қазақ әдебиеті», 1982, 6 тамыз) деп нақтылай көрсетуі ғалымның зерттеу әдіс-тәсілдерінен хабардар етсе керек.

Бір сөзбен айтқанда, Қ. Мұхамедхановтың біз сөз еткен ғылыми еңбегі он сегізінші ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі  аса ірі тұлға – Бұхар жыраудың ғылыми өмірбаянын жазып әдеби мұрасын текстологиялық тұрғыда тиянақты зерттеп, әрбір шығармасына  жан-жақты түсініктеме беріп, әдемі жинақ көлемінде оқырманға ұсынуға жол ашқан, мән-маңызын ешбір жоғалтпайтын шағын да  шымыр зерттеу қалпында тарихта қалары сөзсіз.

Келесі бір фактіге деп қоялық. Ол – Абай шығармаларын алғаш жариялаған абзал адам жөніндегі еңбек. Иә, бәріміз білеміз, ұлы ақын туындылары Кәкітай мен Тұрағұлдың іждағатты ізденісі нәтижесінде 1909 жылы Санктпетербургте жарық көрді. Баспа иесі І.Бораганский екендігі белгісіз, әрі оның кім екендігі беймағлұм сыр еді.

Бұл сұраққа да көп жылдар бойы тапжылмай шаңға бөккен архивтік мұраларды ақтарып, жауап берген де – Қайым Мұхамедханов.

«Бораганский тек қана баспахананың қожасы емес, ол  – өз ісінің маманы, өнерпаз, білімді адам. Ол – өткен ғасырда Петербург Университетінде шығыс тілінен лекция оқыған ғалым-оқытушы, орыс ғалымдары қадірлеп, сыйлаған өз заманындағы көрнекті мәдениет қайраткері» («Қазақ әдебиеті», 1971, 2 маусым) деп біртіндеп әңгіме тиегін ағыта түседі.

Москва, Ленинград, Қазан, Уфа қалаларының ғалымдары мен архив мекемелеріне тынбай хат жазып жүріп Бораганский өмірбаянын айғақтайтын материалды оқырман назарына ұсынады: «Ілияс баба 1852 жылы 22 апрельде Қырым, Бақшасарай шаһарасында дүниеге келіп, 15 жасына дейін Қырымның мектеп, медресесінде оқып және хұсни хат (әдемі жазу)  мұғалімдерінен мағлұмат алған. 1867 жылы Түркияға барып, жеті жыл бойы Стамбулда баспа сурет нақыш, хұсни хат ғылымдарын оқып-үйреніп және тәжірибе жүзінде істеп, жаттығып, ол өнерлерді әдеби меңгеріп, жетілген соң Қырымға қайтқан. Жеті жыл бойы Россияның көп шаһарларын аралап көріп, 1882 жылы Петербургке келген. Онда келген соң да әдемі жазу-сызу өнерімен шұғылданған..» («Семей таңы», 1971, 21 мамыр). Яғни Петербург университетіндегі ұстаздық қызметі басталады.

Ілияс мырза (Бораганский) жөніндегі ғалым мақалалары Абайдың асыл мұрасын бірінші рет басып шығарған аяулы азамат өмірінің анық-қанығына көзіңізді жеткізеді.

Ғалым Қ.Мұхамедхановтың жеке ақын-жазушылар, тарихи қайраткерлер, хандар, батырлар, билер туралы жазған дүниелері өте көп. Олардың барлығына шағын мақал көлемінде тоқталу мүмкін емес.

Біз оқырманға әдебиет ғылымының жанашыры, аса білгір зерттеуші Қайым Мұхамедханов қаламынан кейбір ерекшелік сипаттарын  көрсетуді мақсат еттік.

 

Еспенбетов А. Әдебиет ғылымының жанашыры // Семей таны. – 1996. – 4 қаңтар.- 1-2 б.