Рухани құндылығымызға айналған ұлы Абайдың мұраларын тану жолында абайтану сынды ғылым қалыптасты. Бұл саланының негізгі зерттеу нысанасы болып отырған Абай мұрасын тану, бағалау бүгінге дейін үздіксіз зерттеу үстінде. Абайтану ғылымының ең өзекті мәселелерінің бірі – ақын шығармаларының мәтіндік бірізділігі.

Текстология – қазақ әдебиеті тарихының сыни көзқарастарында назарға ілінбеген. Қ.Мұхамадханов негізін салған ғылыми сала. Әрине, ұлы ұстазы Әуезовтің ақыл-кеңесімен туындаған еңбек. Қ.Мұхамадханов негіздеген Абай шығармаларының мәтіндік бірізділігі мәселесі күні бүгінге дейин күн тәртібінен түскен жоқ. З.Ахметов, С.Қирабаев, М.Мырзахметов сынды ғалымдар жалғастырып, тереңдеп із салғанымен де түзеу жұмыстары қайырылып бітті деп те айта алмаймыз. «Тегінде Абай шығармаларының аздығынан кенде боп жүогеніміз жоқ. Барын барша, бажайына барғыза алмаудан, зерттей алмаудан кендеміз» деген ұстаз өсиетіне берік Қ.Мұхамедханов Абайдың бар сөзінің кенеуін кетірмеуге үндейді, өзі осы жолда бар ғұмырын сарп етіп, үзбей еңбектеніп кейінгі ұрпаққа өшпестей өнеге бола білді.

Абай шығармаларының текстологиясы – 1951 жылы Абай мұраларын тану,зерттеуге қатысты әдебиетімізде полемика тудырған күрделі де, іргелі тақырыптардың бірі. Абайтану саласының өсу жолындағы түйіні көп мәселелерден тұратын ақын мұраларының текстологиясын зерттеу осы кезеңнен бастап жаңа белеске, жаңа мазмұндық сапаға көтерілді.

Ақын шығармаларының кезекті бір басылымы 1954 жылы екі томдық болып жарыққа шықты. Бұл ақын шығармаларының алтыншы рет баспа жүзін көрген, әрі ұлттық әдебиеттану ғылымында көп сынға ұшыраған жинағы еді. Жинақтағы қателіктер мен өзгерістерді ортаға салған мақалалар легі де баспасөз беттерінде жариялана бастады.

Қ. Мұхамадханов бұл тұста жалпылай шолған өзге сыншылардан айырмашылығы мәтін түзу мәселесінде ғылыми негізді пікірлерменерекшеленеді. Зерттеуші ғалым: «Ақынның өз қолжазбасы сақталмағандықтан, Абай жинағын баспаға әзірлеуде 1909 жылы шыққан кітапты, Мүрсейітқолжазбаларын текстологиялық негіз ретінде алу дұрыс. Бірақ, ол жеткіліксіз. Оның себебі, ол кезде Қазақстанда полиграфия базасының болмауы, баспасөз мамандарының жоқтығы сапалы болып шығуын қамтамасыз ете алған жоқ – деп Абай шығармаларының мәтінін түзудегі кемшіліктердің орын алу себептерін айқындайды.

1954 жылғы шыққан Абай жинағының текстология мәселесінде кемшіліктердің мол болуына әсер еткен басты себептер:1909 жылы Петербург  қаласында басылып жатқан Абай  шығармалары корректурасының Семейде жүргізілуі,ескі араб әрпімен басылған жинақта қазақ сөздерінің дәл берілмеуі, грамматикалық ережелердің сақталмауы.Сонымен бірге, аталған академиялық жинақта Мүрсейіт қолжазбалары бірден-бір текстологиялық негіз етіп алынады.Анығында,Мүрсейіт қолжазбалары-Абай шығармаларының түпнұсқасы емес,ел аузында жүрген ақын шығармаларының нұсқасы.Ақын мұраларындағы текстологиялық кемшіліктерді тек аталған екі жинақпен салыстыру жеткіліксіз екендігін «біз Абай шығармалар жинағының текстологиялық кемшіліктеріне тоқталмақ болғанда ақынның  алғашқы  өлеңдер жинағымен,Мүрсейіт қолжазбаларымен қатар,Абай шығармаларын көшірген басқа адамдардың да қолжазбаларын пайдаландық(мысалы,Оразке,Р.Жандыбаев т.б.).1954 жылдан бұрынғы шыққан  Абай  жинақтарын баспаға даярлауда істелген текстология жөніндегі еңбектерді еске алдық.Абай өлеңдерінің көпшілігін ертеден жадыдында сақтап келген адамдардың мағұлматтарының (Мәди Әсенов,Әкімәл Мамырбаев,Сапарғали Әлімбетов,Әрхам Ысқақов,Рахымжан Мамырқазов т.б.)бағалы дегенін пайдаландық.Ең ақырында негізгі  шешуші дерек –Абайдың өз шығармалары болады»,-деп Қ.Мұхамедханов өз зертеуінің мақсатын көрсетеді.

Аталған жинақтағы текстология туралы мақаласынан өрбіген ой-пікірлері  ғалымға тереңдеп зерттеуге негіз болып,кейіннен көлемді зерттеу еңбегінде көрініс берді.Соның негізінде,1959 жылы зерттеушінің «Абай шығармаларының текстологиясы жайында»атты еңбегі жарық көрді.

Идеялық  мазмұны, көркемдігі астасып жатқан ақын шығармаларында бөтен сөздің  кездесуі оны мазмұн жағынан да,өлеңдік қисын жағынан да ойсыратып тұрары сөзсіз.Қ.Мұхамедхановтың ақын шығармаларындағы  текстологиялық мәселелерге арналған зерттеуі –аталған саладағы күні бүгінге дейін құнын жоймаған бірден-бір жалғыз туынды.Ғалым айғақты деректерімен ақын өлеңдерінің бұрмаланып берілген тұстарын, арасына енгізілген сөздерін дәлелдеп берді.Сөздің бір әрпі түсіп қалса да,айтылар ойға көлеңке түсіріп,мәтіннің айқындылығын солғындатады.Абай шығармаларындағы осы тәрізді заңсыз өзгертулер Қайым Мұхамедханов назарынан тыс қалмады.Мәселен,Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас»өлеңінің бесінші шумағы 1909,1945,1954 жылдардағы жинақтарында

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй  ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

–деп берілген.Қ.Мұхамедханов: «біз өлең жолын былайша оқысақ,Абайдың өзіндік түп нұсқасын қалпына келтіреміз деп берік сенеміз:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй хақ жолы осы деп ғаділетті»

-деп түзету енгізеді.Себебі өлеңде жаратушы алла тағала туралы сөз болғандықтан «ғаділет» сөзі «әділетті» дегенге қарағанда анағұрлым мағыналық аясы кең.Әрі «ғаділет» сөзі –алланың бірден-бір ақиқат  кітабы болып танылған құран кәрімнің сөзі.Біздіңше, текстолог осы шумаққа өзгеріс енгізуде осындай қисындарды ұстанған.Дәлел ретінде келесі шумақтағы (алтыншы шумақ)

Осы  үш  сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш  деп тахиқ біл

-деген жолдарды негіз етеді. Осы өлеңнің 9-шумағында «дүние» сөзі өлең шумағының мағынасына нұқсан келтіріп тұрғандығын айта келіп: «Бас жоғары жаралған, мойын төмен, Қарашы дене біткен ретімен» нұсқасы дұрыс. Абай бұл арада дүниенің құрылысын айтып отырған жоқ, адамның дене мүшесінің рет бітімін айтып отыр. Бұл пікірімізді осф өлеңнің бірінші жолы тапжылтпай дәлелдеп тұр»,- дейді текстолог. Сонымен қатар, зерттеуші аталған өлеңнің екінші шумағының соңғы жолындағы (Жарлықпен ол сіздерге сызды өлер ме), тоғызыншы шумағының 4-жолындағы (Имн білмей тағаттықабыл деиен) теріс икемдеулерді ақын жинақтарымен (1909, 1945, 1954) салыстыра дәлелдейді.

1954 жылғы жинақта ақынның «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» деген өлеңіне берілген түсінікте: «өлеңнің тексті 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбалары бойынша басылды»,- делінген. Аиалмыш өлең шумақтарының мәтінін анықтауда біресе Мүрсейіт қолжазбасына, біресе 1909 жылғы жинаққа сүйенген. Соның негізінде, ақын шығармаларынегізсіз өзгертілген. Мүрсеіт қолжазбасына сын көзімен қарап, Абай өлеңінің мазмұнын негізге ала отырып, ғылыми түсінік берудің орнына, ешбір негізсіз құрғақ мақұлдай салғандығын текстолог Қ.Мұхамадханов батыл айта отырып, «шынында, «Бұрынғы жақсылардан қалған мирас» (Бұрынғы жақсылардан қалған өрнек» емес) деген жол түркі нұсқаға жақын»,- дейді. Текстологтың пікірінің негізгі дәлелі – ақын айтып отырған халықтың ежелгі ел дәстүріне, тұрмыс салтына байланысты туған өлең-жыр, тақпақ, мақал. Абай ақын «мирас қалған» деп қазақ халқыныңөлең-жрды, шешендік сөзді «өнер – алды қызыл тіл» деп бағалайтынын, жатқан халықтың бай ауыз әдебиетін айтып мәңгілік сапарға аттанар кезге дейінгі адамзат өмірі өлеңмен өрілген. Ұлы ақын: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең»,- дейді. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жалғасып келе жатқан өлең – адам өмірінің мәні. Бұлай деуіміздің тағы бір дәлелі – өлеңнің екінші шумағындағы «өлеңсіз солар қызық бола ма гүл» деген жол.

Аталған өлеңнің оныншы шумағының екінші тармағы бұрынғы басылымдарда:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау

Өлеңі бірі жамау, бірі құрау

-деп басылып келген. 1954 жылғы басылымда институт қызметкерлері қате деп есептеп:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау

Өлеңі бәрі жамау,бәрі құрау

-деп түзеткен.

Абай Шортанбай, Дулат, Бұқарлардың ақындығын жоққа шығарып, өлеңдерінің «бәрі жамау, бәрі құрау» деп олардың ақындығына мүлдем шек қоймайды. Өлеңдерінде кездесетін идеялық және көркемдік кемшіліктерін сынайды. «Кешілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау» деген жолдың өзінен-ақ ақынның барлық шығармаларын жоққа шығармай, тек кездесетін кемшіліктерін ғана сынап отырғанын анық аңғарамыз. Болмаса «кемшілігі бар жерде көрінеу тұр-ау» деген жолдың өзінен-ақ ақынның барлық шығармаларын жоққа шығармай, тек кездесетін кемшіліктерін ғана сынап отырғанын анық аңғарамыз. Болмаса «кемшілігі бар жерде көрінеу тұр-ау» деп үзілді-кесілді айтудан Абай жасқанбаса керек». Бұл ойымыздың келесі бір дәлелі әдебиет зерттеушісі Б.Кенжебаевтың төмендегі пікірі: «Ойымызша, бұл түзету орынсыз, қате. Себебі, Абай институт қызметкерлері ойлағандай, нигилист болмаған, өзінен бұрынғының бәрін жаман, зиянды, керексіз деп білмеген. Қайта тарихта бұрынды-соңды болған әрбір классик ақын секілді, өз халқының бұрынғы мәдениетін, соның ішінде өзінен бұрынғы мәдениетін, соның ішінде өзінен бұрынғы ақындардың өлеңдерін қадірлеген, мұқият тексерген: оның жақсысын да, жаманын да білген, таныған. Жақсысынан үлгі алып, жаманын сынаған. Сондықтан, оның «Бәрі жамау, бәрі құрау» деуі мүмкін емес. Тек « Бірі жамау,бірі құрау» деуі ғана мүмкін».

Ақын өлеңінің бойындағы осы сынды ақаулар өлеңнің көркемдік кестесін, ойлы, күшті әсерлілігін солғындатары сөзсіз.

«Болыс болдым мінеки» өлеңіндегі

Алқыны күшті асулар,

Ноқтаға басы кірілді

-деген жолдардағы «кірілді» сөзін тестолог «керілді» деп түзейді. Яғни,

Алқыны күшті асулар,

Ноқтаға басы керілді

-деп оқысақ, түпнұсқаны қалпына келтірген болар едік деген пікір қорытады Қ. Мұхамедханов. Осы өлеңнің  соңғы жолдары 1945, 1954 жылғы баспаларда:

Көрмей тұрып түсеміз,

Темір көзді сарайды

-деп жарияланған. 1954 жылғы жинақта төмендегідей түсінік берілген: «1909 жылғы жинақта: «Көрмей тұрып құсамын» деп басылған жол Мүрсейіт қолжазбасы бойынша: «Көрмей тұрып түсеміз» деп басылды».

Берілген түсініктің өзі түсініксіз, нақты емес. «Темір көзді сарайды, яғни түрмені көрмей тұрып «құсамын» не болмаса, түрмені көрмей тұрып «түсеміз» деген сөздер ақынның айтпақ ойын бере алмайды, тіпті өрескел мағынасыздыққа соқтырады.

«Біз бұл жөнінде өлеңнің мазмұнына және Абайдың басқа өлеңдеріндегі сөз қолданыстарына сүйене отырып, жорамал жасап «құсамын», «түземіз» деп қате басылып жүрген сөздерді түзеп, былайша оқыр едік:

Көрмей тұрып күсемін

Темір көзді сарайды.

«Күсемін» беземін деген мағынада. Яғни темір көзді сарайды көрмей тұрып-ақ зәрем ұшады, одан беземін деген түсінік береді»,- дейді Қ. Мұхамедханов. Оған дәлел ретінде зерттеуші «күсемін», «күспек» сөзінің ақынның өзге өлеңдерінде де (Соры қалың соққы жеген пышанамыз, Қайтып суып, жалғаннан күсе аламыз) кездесетінін ескереді. Осы контексте де «күсемін» сөзі «беземін» деген мағынада қолданылғандығын айтады. 1909 жылғы басылымда «құсамын» деп басылған, баспа орны «күсемін» сөзінің мағынасын түсінбей, түзеп жіберуі де мүмкін. Ал кейінгі басылымдарда осы «түзетуге» ғылыми мән берілмей мағынасыздыққа әкеліп соқтырған. Текстолог дайындаған бұл дәлелдеу, бұл түзету өлең жолдарына айқын ұғым береді, алғашқы қалпына келтіреді.

Аталған өлеңнің («Болыс болдым мінеки») бір тармағы 1954 жылғы басылымда «Өзі залым, зәкүншік» деп берілген. Осы түзетілудің қате, негізсіз екендігін, тармақтың алдынғы жолында: «Тауып алып жалғанын, Қылмысынды сынайды» болып келетіндігін айта келіп ғалым Б. Кенжебаев: «сынаған қылмысы тек «өзі залым, зәкүншік қана болмай, «ұры залым, зәкүншік» болуға тиісті»,- дегенде ғана, тармақ мағынасы толық ұғынуға негіз болатындығын айтады.

Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» өлеңінде кездесетін «мен қазақтан кегінді әперем деп» деген жолдардағы «әперем деп» тіркесі кейбір жинақтарда «әпперем» болып басылған. Осы етістіктердің қайсы түпнұсқа. Қайсысы дұрыс деген мәселе жөнінде де ғалымдар арасында әр түрлі пікірлер бар. Мәселен, М. Сәрсекеев бұл екі етістіктің мағына жағынан еш айырмасы жоқ екендігін, екеуі де алып беремнің қысқарған түрі екендігін айта келіп: «әперем жымын білдіртпестей, қосылып бірігіп кеткен. Құлаққа естілуі, жетуі жағынан бұл жерде «әперем» әлдеқайда ойнақы. Шумақтың алғашқы жолдарындағы «көп берем деп, тек берем деп» ұйқастарына барып қиюласқанда, «әп» өз алдына мағыналық үнге ие болады»,- деп қорытындылайды.

Ал, осы етістіктердің текстологиясы жөнінде Қ. Мұхамедханов «өлеңнің басқы екі жолында: «көп берем деп», «тек берем деп» келе жатқан өлеңнің екпінді, әсерлі ұйқас, ырғағы соңғы жолға келгенде «әпперем деп» делініп әлсіреп тұр»,- дейді. Сонымен қатар, текстолог осы етістіктің 1909 жылғы жинақта «ап берем» деп басылғандығын айтады. Аталған өлең бойындағы «мал берсем» (ет берсем емес), «жанын сатқан» ( арын сатқан емес), «шертиген» (шіренген емес) сынды ауытқуларды да зерттеуші 1909 жылғы жинақпен, Оразке қолжазбаларымен салыстыра қарап, дәлелдейді. Ақын қаламынан туындаған өлең жолдарындағы осы сындды ауытқулар, өзгерістер шығарма мазмұнына нұқсанын тигізбей қоймайды, әрі оның әсерлілігін де солғындата түсері сөзсіз. Мәселен, біз сөз етіп отырған текстологиялық зерттеуде осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін, 1954 жылғы академиялық толық жинақты алып, 1909 жылғы жинақпен, Мүрсейіт, Оразке, Р. Жандыбаевтардың қолжазбаларымен тікелей салыстырып, дұрыс, бұрыс жақтарын нақты айғақтармен дәлелдеп отырады.

Абай өлеңдеріне түсінік жайында да Қ. Мұхамедханов өз зерттеуін жүргізді. 1977 жылы жарыққа шыққан ақын шығармалары жинағының түсіндірме сөздерге жүргізген тексерулері жайында зерттеуші мынандай толғақты мәселелерді көтереді: кездесетін түсініксіз сөздер, адам есімдері талдап көрсетілуі қажет.

Өз зерттеуін осындай талап негізінде жүзеге асырған зерттеушінің ғылыми тұжырымдары бүгінде де бағасын жойған жоқ. Мәселен, «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңіндегі:

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.

-деген жолдардағы «жыға» сөзіне 1977 жылғы жинақта: «жыға – дулығаның артынан қаптап қоятын зат»-деп түсінік берілген. «Жыға дулығаның артынан қаптап қоятын зат емес, батырлардың дулығасының төбесіне шаншылта қадап қоятын зат болады. Егер жауы жеңіліп қалса, жау жығасы жығылды, не жаудың жолы болмаған шақта, жау жығасы қисайды деп, жау басына түскен істі оның жығасына ауыстырып айтатын қазақтың дәстүрлі сөзі болғаны белгілі. Ал, жыға деген сөздің өзіне келетін болсақ бұл сөзді орыс ғалымы А.З.Будагов былай түсіндіреді: «жыға-пук перьев, султан, носимый на чалме или на шапке, перья на шапке, носимые храбрыми войнами».

Қ.Мұхамедхановтың талдауына сүйенсек, Абай «бастан жыға қисайғанда» деп адамның басынан бағы таюды, басына іс түсуді ақын тілімен бейнелеп беріп отырғанын түсінеміз. Кемеңгер жазушы М.Әуэзовтің «Еңлік-Кебек» пьесасындағы: «Есен батыр бұл күнге дейін Найманның батыры болса, қазірде Тобықтының жығылғын жығасын қайта тұрғызған Найманның бір шіріген жұмыртқасы» – деген жолдар да Қ.Мұхамедханов тұжырымының дәлелі болмақ.

Белгілі әдебиет зерттеушісі Б.Кенжебаев ақын өлеңіндегі «жыға» сөзіне былайша түсінік береді: «Жыға – дулығаның темірден, болаттан жасалған құйрығы. Ол дулыға мен сауыт арасын жалғап, мойынды жауып тұрады. Жыға қисайса, батырдың желкесі жалаңаш қалады. Жау оны желкеден шауып өлтіреді». Яғни, зерттеушінің ойы пайда үшін әркім жолдас, бірақ бірге өлетін дос сирек дегенді айтып отыр деген пікірге саяды. Ақын өлеңдерінің толық жинағының сапасын арттыратын мұндай ғылыми түсініктер жасау – кез-келгеннің қолынан келе бермейтін күрделі дүние.

Шәкәрім шығармаларының текстологиясын бастаған да Қ.Мұхамедханов. Ғалым: «Шәкәрімнің асыл мұрасын мүлтіксіз жариялап, халыққа кіршіксіз жарқыратып жеткізу – біздің аса жауапты, әрі құрметті борышымыз»,- дейді.

Осындай борышты ар алдында, ұрпақ алдында міндет етіп, қойған зерттеуші «Құдай деген сөзден құдай сақтасын» атты мақаласын жариялайды. Мақала 1988 жылы «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан шыққан ақын шығармаларының жариялануы кейпін, 1912 жылғы «Қазақ айнасы» жинағымен салыстыра отырып, әрі текстологиялық, әрі хронологиялық талдау жасауға арналған. Бірер мысал:

Құдайдан жарлыққа деп жәрдем сұра,

Сен талайды қылдың біле тұра.

Аяғыңды аңдап бас өлім таяу,

Қарсы алдыңда дайын қазған ұра.

-дейтін төрт жол өлең «Жазушы» баспасынан шыққан жинаққа еңбей қалған. (Құдай деген сөзден сескенген болу керек).

«Қазақ айнасында» екінші өлең (4-бет).

Көкіректе толған шер, көңіл қаяу,

Ермейсің деп елім жау, досым баяу.

Сүйер кісім, сүйенер жақыным жоқ,

Бір өзіңе сыйындым, бар құдай-ау

-деп басталса, «Жинақта» бұл бір ауыз өлең мүлде жоқ. Бұл өлеңде де «құдай» деген қорқынышты сөз тұр ғой.

Немесе, «Дін» атты өлеңінің (263-264 бет) оныншы шумағын жеке-жеке оқып көрейік:

Жердің (?) жүзін дәл тауып,

Ешбір дін жоқ орныққан –депті.

Бұдан ешнәрсе түсінуге болмайды. Бәрін бүлдіріп тұрған «жердің» деген бөтен сөз. Шәкәрім жазған түпнұсқа мынау:

Жардың жүзін дәл тауып,

Ешбір дін жоқ орныққан

Бәрінде де бар қауып,

Дін көбейді сондықтан

-дейді ақын. Ақынның «Жардың жүзін дәл тауып» деп отырғаны: хақиқаттышындықты дәл тауып дегені» ақын шығармаларын «бөтен сөзбен былғап, өңін айналдырып», шырқын бұзып» алуда кеткен қателіктерге ғалым архив құжаттарын парақтай отырып, аса ыждағаттылықпен, мұқияттылықпен талдау жасайды.

Махамбет өлеңдерінің басылу тәртібі өлеңдердің, жеке сөздерді әр жинақта түрліше берілуі, мәтіндік ьалдаудың дұрыс жүргізілмегендігі жөнінде де ортаға ой салып, зерттеу жүргізген – Қ.Мұхамедханов «Семсер жырға сергек қарайық» атты мақаласында ғалым Махамбеттің 1925 жылдан бері басылып щыққан сегіз жинағындағы өлеңдердің берілу жолдарына талдау жүргізеді. Текстологиялық талдау дұрыс жүргізілмегендіктен ақынның әйгілі деген өлеңдерінің де идеялық мазмұнына, көркемдік сапасына нұқсан келіп тұрғандығын айтады зерттеуші. Бұл жерде зерттеушінің әйгілі деп отырғаны – «Ереулі атқа ер салмай» өлеңі. Ерулі ме, ереулі ме деген сауал зерттеушілердің арасында аз дау тудырған жоқ. Бұл жөнінде Ғ.Мүсірепов: Махмбет жырларының 1925 жылы Ташкентте араб әрпімен шыққан кітабында ереулі деп қате басылған (яғни, емле қатесі) әйтпесе өлеңнің екінші жолындағы  егеулі деген сөзге ұйқасымы үшін қолдан өзгертілген, яғни жасанды сөз деп ұғу қажет. Дұрысы – ерулі атқа ер салмай, «Шайырдың» құрастырушысы оған «ерулі ат мінбей сақталған ат» деп, дұрыс түсінік берген. Бұл- еш талассыз, басы ашық мәселе, кейбіреулер мұны тышқанкөкпарға салып жүрсе басқа кәсіп таппағаны-да»,-дей келе, 1974,1979 жылдарда Б.Аманшин құрастырған ақын жинағында «ерулі» сөзінің дұрыс берілгендігін де ескертеді. Бұл мәселе төңірегінде Қ.Мұхамедханов «Шаир» жинағында (қазақ ақындарының басты жырлары) аталған өлеңнің берілу жолдарымен салыстыра отырып, ыждағаттылықпен зерттеу жүргізеді. «Шаир» жинағында тұңғыш жарияланған Махамбет өлеңіндегі қалың оқырманға түсініксіз болар деп ойлаған сөздерге түсінік берілген. Осы түсініктерді негізге ала отырып, текстолог бұрмалауға түскен ақын өлеңдерінен мынандай сәйкессіздіктерді айқындайды: «Еңкейіңкі жер шалмай(1925 жылғы жинақта), ал «Шаирда» «Еңку-еңку жер шалмай». Қазақ жер туралы еңкейіңкі жер, болмаса шалқайыңқы жер демейді. Немесе, «Тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей» (1925 жылғы жинақта), ал алғашқы жарияланымда («Шаирда») «Тебінгіні терге шірітпей, Терлікті сүттей ірітпей» деп басылған. 1925 жылғы жинақта «Терлігі майдай ерімей» деп ақынның аса нанымды, айқын тұрған сөз образдары ақылға қонбайтындай болып, өрескел бұрмаланған. Шынында да, жабағыдан жасалған терлік (потник) аттың ащы тері сіңе-сіңе сүттің ірігені сияқты іриді. Қалың жабағы терлік еріген май сияқты, сұйық затқа айналып кетпейді, іртік-іртік болып, іріген сүт секілді күйге түседі».

Абай шығармаларының мәтіндік бірізділігін анықтау- абайтану ғылымының үлкен тарауы. Қ.Мұхамедханов негіздеген мәтін ақын мұраларының толық мағынасындағы текстологиялық үлгісі болып табылады. Түлкі деп оқуға толық негіз бар екендігін дәлелді берген. Абай туындыларының төл нұсқасын қалпына келтіру ісінің жүлгесін салып, жүйесін жасауда Қайым Мұхамедханов еңбегі қашанда негізге алар ақиқат.

Смағұлова А. Қайым Мұхамедханов және текстология мәселелері//Шәкәрім.- 2012.- №1.- б.66