Әдебиет тарихшысы, ғалым, абайтанушы, жазушы, драматург, аудармашы Қайым (Ғабдұлқайым) Мұхамедханұлы 1916 жылдың 5 қаңтарында Семей қаласында дүниеге келген. 1924 жылы Жаңасемейдегі бастауыш мектепке оқуға түседі, 1932 жылдан еңбекке араласқан.

1935-1937 жылдары пән мұғалімдерін дайындайтын екі жылдық курста, 1937-1939 жылдары Семей педагогика институтының филология факультетінде оқиды.

Институтты үздік бітіріп, мұғалімдік қызметке сонда қалдырылады. Сол кезеңде Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайын құруға қатысып, оның алғашқы директоры болды.

Қ. Мұхамедханұлының тұңғыш шығармалары баспасөз бетінде 1935 ж. жарияланды. 1935-1939 жылдарда: “Семей облысындағы жас ақындардың шығармашылыгы туралы”, М.Әуезовтың “Шекарада”, Ғ.Мүсіреповтың “Қыз-Жібек”, Ш.Құсайыновтың “Боран”, К.Сагирдың “Ер тарғын” пъесалары бойынша театрдағы қойылымдар жайында, тұңғыш қазақ кинофильмі “Амангелді” туралы, М.Горький, Н.Островский жөнінде жергілікті газеттерде әдеби-сын түрінде сегіз мақала жазды.

1939 ж. республикалық “Әдебиет жөне өнер” (№ 9) журналында “Абай атындағы Семей қазақ театрының шығармашылық жұмысы” туралы Е. Ысмаиловпен бірлесіп мақала жариялады.

1937-1940 жж. Қ. Мұхамедханұлының 13 мақала, 20 өлең, 2 поэмасы басылып шықты. 1940 жылдан Жазушылар Одағының мүшесі Қайым Мұхамедхановты оқырман қауым ақын ретінде жақсы біледі. Оның “Ұстазыма”, “Сүйемін Отан-анамды”, “Туған жерге” өлеңдері – асқақ та асыл сезіммен кестеленген ақындық күш-қуатының шынайы көрінісі. Ол Қазақстан Республикасы тұңғыш әнүранының авторы (1945ж.). 1942-1947 жж. Қазақстан Жазушылар Одағының Семей облыстық өкілі.

Жазушы Мұхамедханұлының драмалық шығармалары бір төбе. Драматургтың “Перне” /1944/, “Майданнан-майданға” /1947/, “Ко­миссар Ғаббасов” /1960/, “Ер Білісай” /1974/ атты туындылары – қоршаған ортадағы түрлі тартыстарды көрермен назарына қалтықсыз жеткізген сүбелі дүниелер. Олар әр кез республикалық, облыстық театрлар сахнасында қойылып келеді.

Қайым Мұхамедханұлы – түпнүсқа иесінің ойын тереңнен танып, тебірене толғайтын шебер аудармашы: әзірбайжан драматургі У.Гаджибековтың “Аршин мал алан” (1941, татар жазушысы Ш. Камалдың “Хажы әпенді үйленеді” (1967) пьесалары, татар поэзиясының классигі Ғ.Тоқайдың өлендері, сондай-ақ Н. Карамзиннің “Сормандай Лиза” хикаятын өлеңмен аударып, әдебиетіміздегі аударма жанрының дамуына үлкен үлес қосты.
Қайым Мұхамедханұлының ғылыми еңбегінің басты бақыты ұлы Абайдың өлмес те өшпес мол мұрасын зерттеумен байланысты.

1939 жылдан бастап, М. Әуезовтің ақыл кеңесімен Абай мұрасын, оның ақын шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеумен айналысып, “Абайдың әдеби мектебі” деген атпен Ақылбай мен Мағауия Абай ұлдары, Әубәкір Ақылбайұлы, Әріп, Әсет жайлы мақалалар сериясын жариялайды, Абайдың бұрын белгісіз болып келген 9 өлеңін тауып, оларға түсінік жазып, ұлы ақынның 1945 жылы шыққан жинағына енгізеді.
1951 жылы “Абайдың әдеби мектебі” деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясы, “Абайдың ақындық айналасы”, “Абай шығармаларының текстологиясы жайында” монографиялары – әдебиеттану ғылымына қосылған маңызды туындылар.
Диссертация қорғалып, 8 ай өткен соң (1951жылы 1 қаңтарда) тұтқындалып, сталиндік қуғын-сүргінге ұшырайды. Жазықсыз жазаға ұшырап, Абайдың ақындық мектебіне “Ұлтшыл ақындарды” енгізгені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылып, артынан төрт жылдан кейін толық ақталып шығады.
1959 жылы “Мағауия Абайұлы Құнанбаев”, “Абай шығармаларының текстологиясының монографиялық зерттеулері жеке-жеке кітап болып басылып шықты.

1968 ж. С.Анисимовпен бірлесіп, Семейдің 250 жылдығына арнап “Жастық шағымның қаласы” атты деректі фильмнің киносценариін жазды.

1991-1995 ж. ҚР ҰҒА М. О. Әуезов атындағы әдебиет жөне өнер институтының Абайтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері.

Қ. Мұхамедханов – абайтанушы. Ұлы ақын Абайдың артында өзін де, өзгені де тануға бағыт сілтетйін сөздер қалды. «Жұмбақ адамның жүрегіне терең бойлау» ниетінен туған абайтану ғылымы «тар жол, тайғақ кешулерді» басынан өткізді.

1955-1959 жылдарда Қайым Мұхамедханов абайтану бойынша он бір мақала, екі жеке басылымдық кітап («Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «Абай шығармаларының текстологиясы») баспадан шығады. 1959 жылғы маусымның 21 күні «Абай заманының ақындары» деген тақырыппен бұрынғы қорғаған диссертациясны қайтадан қорғады.

“Абайдың ақын шәкірттері” атты 4 кітаптан тұратын жинақ Қ. Мұхамедханұлының құрастыруымен 1993-1997 жылы жарық көріп, оған Абайдың ақын-шәкірттері Ақылбай, Мағауия, Тұрағүл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Әубәкір, Иманбазар шығармалары, олар туралы Мұхамедханұлы зерттеулері енді.
Қ. Мұхамедханұлы Абайдың екі томдық академиялық шығармалар жинағының жаңа басылымын шығаруға (1995) үлкен үлес қосып, алғашқы абайтанушылар жайлы “Абай мұрагерлері” зерттеулер жинағын (1995) жарыққа шығарды, Ж. Аймауытов пен М.Әуезов негізін қалаған “Абай” журналының жетпіс жылдан кейін қайтадан жарық көруіне көп еңбек сіңірді.

Абайтану саласындағы қажырлы еңбегі үшін 1996 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

2005 жылы “Алаш” баспасынан Қ. Мұхамедханұлының шығармалар жинағының бірінші томы жарыққа шықты.
Саналы өмірінің жарты ғасырдан астамын ұстаздық еңбекке арнаған Ә. Мұхамедханұлының бұл саладағы атқарған ісі де абыройлы, айрықша жемісті. Шәкірттері ұстаз жолын берік ұстанып, мемлекетіміздің түпкір-түпкірінде жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуда. Олардың ішінде ғылым докторлары мен кандидаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақындар мен жазушылар баршылық..

Қайым Мұхамедханұлының ұзақ жылдар бойы ғылыми, әдеби шығармашылық және ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, ол КСРО медальдарымен, “КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі”, “Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі” белгілерімен, Құрмет грамоталарымен наградталған. Қазақстан жазушылар Одағының Абай атындағы алғашқы Халықаралық сыйлығының, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының, Халықаралық Абай академиясы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының иегері. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақ ССР-нің мемлекттік әнұранының авторы (1945 ж.), КСРО жазу­шылар Одағының мүшесі (1940 ж.). Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің алғашқы құрметті профессоры, Семей, Аягөз қалаларының, Абай, Жаңасемей аудандарының қүрметті азаматы.
Ол өнегелі әке. Жары Фархинүр екеуі он бала тәрбиелеп өсірді: Мүслима, Қазыбек, Роза, Жәнібек, Назым, Бекет, Қанағат, Дина, Дегдар және Қарлығаш.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Сейсенұлы Д. Абайдың аманатын ақтадық па?: Белгілі абайтанушы ғалым, республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ. Мұхамедхановпен сұхбат// Ертіс өңірі.- 2003.- 10 қаңтар.- б.28
Сұлтанбеков М. Жеңіске жету өнері…: Қ. Мұхамедхановтың 90 жылдығына// Семей таңы .- 2005.- 24 маусым.- б.5
Төлеуғазықызы А. Рухы биік адам: ғұлама ғалым Қ. Мұхамедханов жайлы үзік әңгіме// Семей таңы.- 2004.- 10 қыркүйек.- б.3
Шаяхметұлы Қ. Бірегей тұлға: Ғибрат ғұмыр// Ертіс өңірі.- 2006.- 23 ақпан.- б.15