Өткен аптада абайтанудың абызы атанған Қайым Мұхамедхановтың сызат түскен ескерткіш тақтасы жаңартылып, тақтатас басына гүл шоқтарын қойылып, соңынан Семей мемлекеттік педагогикалық институтында биылғы жылы ғалымның туғанына  95 жыл толуына орай «Қайым Мұхамедханов және абайтану мәселелері» деген  тақырыппен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Қазақтың қайсар ұлының қара шаңырағы  болған Ибраев көшесіндегі  155 үйге 2004  жылы ғалымға арналған  тақтатас  ашылған болатын. Әлдекімдердің тақтатас бетін бүлдіріп, күллі қазақтың жүрегіне сызат салғаны да баспасөз беттерінде үздіксіз жарияланды. Өткен аптада қаламыздағы зиялы қауым өкілдері тақтатас бетін жаңартып, қайтадан қалпына келтірді. Тарланның тағдыры, тауқыметі, тура жолдан таймағандығы туралы тың пікірлер тағы да айтылып өтті.

Конференцияда Қ. Мұхамедхановтың абайтанушы ретіндегі еңбектері сараланып, қазақ әдебиетінде абайдың ақындық мектебі ғылыми конференциясын қалыптастырудағы еңбегі жайлы айтылды. Сондай-ақ, конференция барысында абайтанушы ғалымның ғұмырбаянына қатысты мұрағат деректері қарастырылып, ғалымның Абай  мұрасының мәтінтану мәселеріне байланысты ойлары ортаға салынды. Қ. Мұхамедханов еңбектері болашақта «Қайым Мұхамедхановтану» таңдау курсының негізгі зерттеу нысаны болатындығы жайлы жаңалық та конференция барысында жария етілді.

 

 Сағимұрат Е.  Қайым рухына құрмет: Ғибрат// Семей таңы.-2011.-25 қазан.-1 б