kaumҚазақ руханияты ауыр қазаға ұшырады. 90-ға қараған шағында көрнекті қоғам қайраткері, абайтанушы ғалым, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Семей, Аякөз қалаларының, Абай, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы, профессор Ғабдұлкайым (Қайым) Мұхамедханұлы дүниеден өтті.

1916 жылы Семей өңірінде дүниеге келген ол жастайынан өмірдің ауыр тауқыметін тартты. 1937 жылы әкесі халық жауы деп жала жабылып, ату жазасына кесілді. Өзі де шығармашылығын бастамай жатып, темір тордың тұтқыны болды. Себеп – ғылыми жұмысы Абай шығармашылығы жайлы еді. Оған Мұхтардың шәкірті, ұлтшылдық идеяны қолдаушы деген айып тағылған. Сталин өлгеннен кейін бостандыққа шыққан ол туған жері Семейге оралды.

1940 жылдан КСРО жазушылар одағының мүшесі болған Қайым Мұхамедханұлы елімізге кеңінен танымал еді. Ол Қазақ ССР-і Әнұранының авторы болатын. Ұзақ жылдар бойы ғылыми, әдеби шығармашылық және ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, ол КСРО медальдарымен, “КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі”, “Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі” белгілерімен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Халықаралық Абай академиясының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Абай атындағы Халықаралық сыйлығының алғашқы лауреаты болған Қайым Мұхамедханұлы Қазақстан тәуелсіздік алған соң жаңғыра түскен абайтануға үлкен үлес қосып, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің профессоры, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры Қайым Мұхамедханұлының заманның небір ауыртпалығын көрсе де қайыспай, адами болмысын кіршіксіз сақтап, ғүмырын лайықты кешіп өткен өмір жолы -жас ұрпаққа тағлымды жол. Ғұлама ғалым халқының есінде мәңгі сақталады.

2004 жылы маусым айының 30-жұлдызында 89 жасқа қараған шағында аса көрнекті абайтанушы ғалым, жазушы, дра¬матург, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Қайым Мұхамедханұлы дүниеден өтті.

Қазақ әдебиетінің ақсақалы, кейінгі толкын-інілердің ақылшысы бола білген, жас ұрпақтың Абай шығармашылығын танып – білуі үшін өлшеусіз үлес қосқан Қайым аға Мұхамедханұлы 1916 жылдың 5 каңтарында Семей қаласында дүниеге келген.

1924 жылы Жаңасемейдегі бастауыш мектепке окуға түседі. 1932 жылдан еңбекке араласқан.
1935-1937 жылдары пән мұғалімдерін дайындайтын екі жылдық курста, 1938-1941 жылдары Семей педагогика институтының филология факультетінде оқиды.

Институтты үздік бітіріп, мұғалімдік қызметке сонда қалдырылады. Сол кезеңде Абайдың республикалық әдеби-мемеориалдық мұражайын құруға қатысып, оның алғашқы директоры болды. Семейдегі Қазақстан Жазушылар одағы бөлімшесінің жұмысына белсене атсалысады.

Отызыншы жылдардан бері баспасөзде ғылыми-зерттеу және көркем шығармалары жарияланып келеді.
Қайым Мұхамедханұлының ғылыми еңбегінің басты бағыты ұлы Абайдың өлмес те өшпес мол мұрасын зерттеумен байланысты. 1951 жылы қорғаған “Абайдың әдеби мектебі” кандидаттық диссертациясы, (“Абайдың ақындық айналасы”, “Абай шығармаларының текстологаясы жайында” монографиялары – әдебиеттану ғылымына қосылған маңызды туындылар. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арнап республикалық Абай қоры шығарған оның төрт томдық “Абайдың ақын шәкірттері” және “Абай мұрагерлері” жинақтары да абайтанудағы төтенше жаңа құбылысқа айналды.

Жазушы Кайым Мұхамедханұлының драмалық шығармалары бір төбе. Драматургтың “Перне” (1944), “Майданнан майданға” (1947), “Комиссар Ғаббасов” (1960), “Ер Білісай» (1974) атты туындылары
қоғамдық ортадағы түрлі тартыстарды көрермен назарына қалтқысыз жеткізген сүбелі дүниелер. Олар әр кез республикалық, облыстық театр сахналарында қойылып келеді.

Қайым Мұхамедханұлы түпнұсқа иесінің ойын тереңнен танып, тебірене толғайтын шебер аудармашы; У. Гаджибековтың “Аршин мал алан”, Ш. Камалдың “Хажы әпенді үйленеді” пьесаларын, татар поэзиясының классигі Ғ. Тоқайдың өлеңдерін, сондай-ақі Н. Карамзиннің “Сормаңдай Лиза” хикаятын өлеңмен аударып, әдебиетіміздегі аударма жанрының дамуына үлкен үлес қосты.

Саналы өмірінің жарты ғасырдан астамын ұстаздық еңбекке арнаған Қайым Мұхамедханүлының бұл саладағы атқарған ісі де абыройлы, айрықша жемісті. Шәкірттері ұстаз жолын берік ұстанып, мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуда. Олардың ішінде ғылым докторлары мен кандидаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақындар мен жазушылар баршылық.

Қайым Мұхамедханұлының көптеген оқушыларымен және оның талантына табынушылармен бірге біз де ауыр қазаға қабырғамыз қайыса тұрып, марқұмның отбасы мен туған-туысқандарына кайғырып көңіл айтамыз.
Абзал ағаның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады!

Т. АБАЙДІЛДИН,
Ю. ШВАЙЧЕНКО,
II. ОМАРОВ,
Р. АБУЗЯРОВ
В. СУХОРУКОВА,
Д. СЕЛИХАНОВ,
А. ГРЕЧУХИН,

Пайдаланылған әдебиет:

Ғұлама ғалым, профессор Қайым Мұхамедханов// Ертіс өңірі.- 2004.- 8 шлде.-
Б.3