Қазақ әдебиетінің, абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы және Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушылардың бірі әрі жарыққа шығарушы, мұхтартанушы ғалым, бір сөзбен айтсақ, нағыз энциклопедист Қайым Мұхамедхановтың туғанына биыл бір ғасыр толып отыр. Ұстаздардың ұстазы болған тау тұлға туралы Тұрсын Жұртбай  «Қайым қинаудың барлық сатысынан өтсе де, Әуезовті сатпады» дейді. Иә, ұлты үшін басынан талай зобалаңды өткізген Қайым Мұхамедханов есімі барша қазаққа ортақ. Жыл бойы қызу талқыға түскен Қайым Мұхамедхановтың есімін Интернационал көшесіне беру жөніндегі мәселе шырқау шегіне жетті. Өткен аптаның жұмасында болған Қоғамдық кеңесте осы мәселе тағы да бір қаралып, оңды шешім қабылданды. Қуан, қазақ! Сүйіншілей айтар жаңалығымыз осы. Бөркімізді аспанға атып қуанар сәт бұл. Қаланың қақ ортасындағы Интернационал көшесі енді Қайым Мұхамедхановтың атымен аталады. Бұл да біздің дер кезінде жұмыла жұдырық бола білгеніміздің нәтижесі, қазақтың бірлігінің көрінісі.

Ұлт мәселесі арқау болған алқалы жиынға қаламыздағы аға буын өкілдері бастап, жастар қауымы да қатысты. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова: «Құрметті жиналған қауым, бірнеше жыл қатарынан абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың атына Семейден көше беру туралы мәселе көтеріліп келеді. Қала әкімінің атына 2003 жылдан бері осы мәселені көтерген 14 ұсыныс түскен. Олардың ішінде жергілікті зиялы қауымдардан өзге Әзілхан Нұршайықов, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Тоқмұхамед Садықов, Сергей Азимов, Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Герольд Бельгер, Мұрат Әуезов, Ғарифолла Есімов, Дидахмет Әшімханұлы, Мәрзия Тұрлыханова сынды ұлтжанды азаматтар мен азаматшалардың атынан ұсыныс хаттар бірінен кейін бірі келіп түсті. Осы күнге дейін атқарылған жұмыстардан хабардарсыздар. Бүгін қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясынан Қайым бабамыздың есімін Интернационал көшесіне беруді қолдауларыңызды сұраймын»-деді.

Келесі кезекте мәслихаттың тұрақты комиссиясының атынан сөз алған Дариға Дайырова, Әсетхан Досқожанов, Юлия Соснина бұл бастаманы қос қолдап қолдайтындықтарын жеткізген еді.

Қоғамдық тыңдалым болғаннан кейін кеңесте пікір білдірем, Қайым атамыз жөнінде сөз қозғаймын дегендерге де кезек ұсынылды.

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқытушысы, ғалымның ұлы Дегдар Мұхамедханов:

—  «Құрметті семейліктер және қала қонақтары, аға буын, орта буын өкілдері мен жастар қауымы, бұл мәселеде ойларыңыздың бір жерден шығып тұрғанына қуаныштымын. Кеше Өскеменде өткен Қоғамдық кеңесте Қайым Мұхамедхановтың есімі облыс орталығындағы көшеге берілді деп сүйінші сұрағым келеді».

Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР халық ағарту саласының озық қызметкері  Арап  Еспенбетов:

— «Мынандай бас қосуға алғаш қатысып отырмын. Толқып та тұрған жайым бар. Мәселенің түйіні шешілгендей болып тұр. Қайым атамыздың жолы өзі ауыр келеді. Негізі көшенің атын бергенде кімге береді, қалай береді? Көшенің атын беру деген сөз — тұлғаға деген ізет, көрсеткен құрмет. Арамызда Қазақ КСР әнұранының авторы бар ма, мемлекеттік сыйлықтың иегері ше? Ұстаздық жетпіс жылдық қызметін, он томдық еңбегін, абайтануға қосқан үлесін айтпай-ақ, осы екі нәрседен-ақ тұлғалық дәрежеге көтерілген адамға көше атын беруді толық қостаймын. Астанада, Алматыда шешілді. Ең аяғы Өскемен көшеге есімін беріп жатқанда біздің қалып қойғанымыз масқара емес пе?! Қайым Мұхамедханов атындағы көшемен жүріп өткенді мен өзіме мәртебе санар едім».

Абайтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төкен Ибрагимов:

— «Қайымның тірі кезінде, Қайым жоқта Семейге есі бар адам келсе, Қайымды іздеп келетін. Өткен Қоғамдық кеңесте көңілім біраз толқып еді, бүгін жайланып, рахаттанып қалдым. Абайтану дегенді алғаш ашқан да Қайым еді ғой. Бүкіл елді тірілткен адам да Қайым. Бүгінгі күн құтты болсын!».

Философия ғылымдарының кандидаты Ерзат Жетібаев:

— «Қайым Мұхамедханов артына сөнбес ілім, ғылым, шәкірт қалдырды. Ол кісінің ерен еңбегін бағалаған үлкен ағаларымыз бастаған жастар осы жерге жиналып, бір жұдырыққа жұмылып отырмыз. Барлығының көздегені де, тілегені де бір. Қайым атамыздың арқасында басымыз тағы да бір бірікті. Қазақтың бірлігін паш еттік. Кейбіреулер қазіргі дағдарыс заманында көше атын өзгертудің не керегі бар деп жатады. Қаржылық дағдарыс түк емес, ең  бастысы, рухани дағдарысқа ұшырамайық!».

Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева:

— «Мұхтар Омарханұлы атындағы колледжде Қайым Мұхамедханов атындағы кабинет 2012 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Ол Қайым ағамыздың өмірі мен шығармашылығын зерттейтін кіші ғылыми орталық ретінде жұмыс жасап отыр.  Шәкірттерімізге ұлы ұстазымыздың еңбегін насихаттаудан еш жалықпаймыз».

Осы жақсылыққа шашу болсын деп Қайым Мұхамедхановтың кабинетінде білім алып жатқан Мұхтар Омарханұлы атындағы педагогикалық колледждің  3-курс студенті Қуаныш Еркінұлы  «Табиғат таланты» атты жүрекжарды арнауын оқыды.

Шыңғыстау мен Шыңғыстайдың арасы,

Ары кетсе, мың шақырым шамасы.

Таланттарды тауып, жалғап жатқандай,

Қасиетті Сарыарқаның даласы.

Көз сүйсініп, көңіл толар көркі бар,

Қасиеті жердің қалай таусылар?

Бірде ақырын, бірде қатты соғатын

Желінде де ұлылықтың даусы бар.

Сол дауыстар таңмен бірге тарайды,

Ақ нұрына бөлеп алып арайлы.

Қарт Семейдің құшағында Қайым бар,

Шыңғыстауға құдай берген Абайды.

Табиғаттың тылсым сырын кім ұққан,

Ұлылығын аямайтын ұлыстан.

Сол ұлылық бізге берді Қайымды

Тағдыр жолы тарихпенен тоғысқан.

Әрбір сөзі әрбір жырға жалғасқан,

Абай үшін, Алаш үшін ой баққан.

Қайым бабам, құзар шыңы өлеңнің

Тіліменен тіліп түсер алдаспан.

Бауырына басып алып қарт таулар,

Мейірленіп жатыр әне асқарлар.

Алаш бүгін Қайым болып күрсініп,

Қайым болып нұр шыңына аспандар.

Шығысымнан шығып жатса көп дарын,

Ол да рас масайратар мақтаным.

Бірлігіңді мықтап ұстап тұратын,

Жалғыз жер мен жалғыз ғана аспаның.

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Тоқтасынқызы А. Тау тұлға есімі туған жері төрінде // Ертіс өңірі. – 2017. – 6 маусым. – Б.