Қайым Мұхамедханов – Абайдың інісі, Алаштың ірісі.
Т. Жұртбай
«Бүкіл ғұмырын Абай әлемі мен Абай айналасына бағыштаған алтын көпір, асыл ағамыз, алыптар шоғырының көзі тірі куәсі де, кемеңгері де. Сол себептен де ақын ініміз Несіпбек Айтовтың тілімен айтсақ, әрі тарих, әрі музей, әрі шежіре қордалы ойдың ордасы».
А. Дүйсенбекұлы
Ол – өзінің жерлес ұлы ұстаздарының қара шаңырағында табан аудармай ұлан-ғайыр еңбек еткен ұстаз.
К. Оразалин
…Халқымыздың Хакеңдей, Қайым Мұхамедхановтай өз ұлының, аяулы азаматының, айтулы ғалымының, ақылымен ұстазымның атын асқақтатып, келесі ұрпақтарға үлгі-өнеге етіп ұсына берсек, еңбектерін әлсін-әлсін жариялап, көпшілік қолына ұстата түссек, аруағына бас иіп, тәу етіп жүрсек деймін.
Р. Сыздық
Қайым ағаның алмас қылыштай жарқ етіп, кейбірінің көкейінде, кейбірінің көмейінде тұрған сөзді іркілмей айтып, ақиқатты жайып салып сөйлейтіні бар еді ғой. Өте-мөте сондай мінезіне, өткірлігіне сүйінетінбіз.
Ы. Мұсаұлы
… Әдебиет тарихшылары алған тәрбиесіне, көрген өнегесіне, көздеген мақсатына орай қалыптасады. Осы тұрғыдан алып қарағанда көрнекті әдебиет тарихшысы Қайым Мұхамедхановты Алаш әдебиеті рухында тәрбиеленген қайраткер деп танимыз.
Р. Бердібай
Қайым аға ғұлама адам еді, ар ұяты таза, өтірікті білмейтін, ұлылығы айқын, сирек кездесетін адамның бірі еді-ау!
М. Орынбаев
Абай – Шаһкәрім – Мұхтар – Қайым – біртұтас және әрқайсысының орны да, жөні де бөлек.
С. Қожакелдинов
Қахаң – Халқын сүйген, халқының рухани қазынасы Абайға бар ғұмырын арнаған қайсар ғалым, отты ақын, драматург.
М. Мырзахметұлы
Ойы биік, жаны таза ғалымның тарихымызға қосқан ең үлкен үлесі – ол кісі үзеңгілестерімен бірге, ол заман мен бұл заманның арасына салынған алтын көпір бола білді.
Шота Уәлиханов
Абай өнерін, оның даналық ой өнегесін өміріне мұрат еткен, Абайды жүрегімен ұғып, соған бар ғұмырын арнаған Мұхтардың жолын қуған дос інісі, ғалым шәкірті Қайым Мұхамедхановтың өмірде жалғыз қастерлер қасиетті дүниесі болса, ол – Абай есімі, абайтану ілімі болса керек.
Т. Ибрагимов
Мен білетін Қайым Мұхамедханов – жарты ғасырда қазақ әдебиеті пәнінің мыңдаған мұғалімдерін даярлап шығарған ұстаздардың ұстазы, ғалымдардың нағыз ғұламасы.
У. Тоқпатаев
Қайым аға – үлкен жүректі әдебиетші-ғалым, мейірімді әке, ата, ұлағатты ұстаз, қадірін білер келешек ұрпаққа жақсы табылмайтын із қалдырған асыл азамат.
М. Тұрлыханова
Кәкең – Алаштың асыл арыстарының, алыптар тобының өміршең, нұрлы шоғырының өкілі. Сүйікті Отанына орасан зор еңбек сіңірген, туған хылқының қаһармандық рухын жасытпау жолында жанын сала күрескен, табиғи дарын қуатымен ақын болған, ғұламалыққа жеткен адам.
Қ.Шаяхметұлы
Қайым Мұхамедхановты халқымыз сұңғыла талант, әсерлі ғалым, жазушы, драматург, аудармашы, табанды қайраткер деп біледі.
Х. Матаев
88 жасаған Қайым ағамыз – феникс! 80 жастан асқанымен 4 жылда бес том аса құнды кітап жазған Қайым ағамыз – феномен!
Х. Матаев