Қазақ халқы тарихы, мәдениеті, руханияты сөз болғанда Абайға соқпай өте алмаймыз. Қазақтың қасиеті, тектілігі жөніндегі байсалды әңгіме Абайға тура бастап әкеледі. 165 жылдық мерейтойында тоқайласып, мәре-сәре күйге бөленген ойлы қазақ ұлы ақынның аруағына мінәжат етуге жиналып, қасиетті Шыңғыстауға аяқ басарда ішінен қайталап айтар түйін қандай? Ол төмендегідей Абай – ұлы ақын, ұлттық мақтанышымыз ғана емес. Абай – әлемдік тұлға, қайталанбас құбылыс, күлліадамзаттық цивилизацияға қосылған аса қомақты үлес. Мұндай толайым табыстың қазақтың пешенесіне жазылуы ұлттық руханият үшін мақтаныш.
Қайым Мұхамедханұлы «Абай және абайтану» ұғымдарын бір-бірінен ажырамас тұтастықты үнемі біздің құлағымызға құйды, жадымызға сіңірді. Абай қазақтың тілі, ділі, әдебиеті, мәдениеті, рухы, ұлттық санасы сияқты тиянақты түсініктерді көз алдымызға әкеледі. Ендеше Абай туралы сөз тұтас қазақ руханияты ұғымына ұласып кетері хақ. 1889 жылдан бері баспасөзде Абай жөнінде жазылған дүниелер қолымызда, мәселе сапалық-ғылымдық тағылымында.
Ұлт көшбасшысының Абай мұрасына қатысты сұңғыла пікірлері – өркениетті қалыпқа түскен жүйелі құбылыс. Президентіміз Абай жөнінде үнемі айтып келе жатыр. «Абайды таныту арқылы әлемге қазақ елін танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс», – деген толғамы біздің құлағымызға жеткелі қашан, тек ұғар құлақ болса. Ұлықбек Есдәулетпен сұхбатында: «Абайдың нақылы, Жамбылдың жырынсыз өскен ұрпақ уызына жари қоя ма, – дей келе, әлі есімде Украинада болған кездерімде Абай өлеңдерінің бір томдығын өзіммен бірге ала жүрдім. Елді сағынған сәттерімде бабамыздың өлеңдерін оқып, сағынышымды басатын едім. Әдебиетіміздің киесі де, иесі де өзі ғой», – дегені кімге ой салмайды, кімді тебірентпейді. Тек ынтамен тыңдап, таза ниетпен қабылдай алсақ, мұнан артық орамды ой айту мүмкін бе?!
Абайтану қазіргі таңда тарам-тарам тараулары бар іргелі ғылымға айналды. Абайтану асқан белес қалса, алар асу мұнартып қол бұлғайды.. Демек, тындырылмақ шаруа баршылық. Осы орайда үлкеніміз бар, кішіміз бар, ғалымымыз бар, студентіміз бар үнемі жадымызда сақтайтын бір сөз бар, ол Міржақып Дулатовтың пайғамбарлық болжамы, осыны жадымыздан шығармауымыз шарт. «Зәредей шүбә етпейміз,- дейді Міржақып Дулатов, – Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қадірлі халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар», – деген. Міржақып сәулегейлікпен айтқан заманға аяқ басқандаймыз. Абайдың қадірін танып, қасиетін ұлықтаған зиялы ұрпақтың қолында толайым табыстардың куәсіндей том-том зерттеулер мен монографиялар жұртшылық игілігіне айналғаны қашан. Сондықтан біз абайтану жоқ, қазақтың ғылымы жоқ демей, барды көрмей, қол жеткенді елемесек онда парасатқа бастайтын жол болмайды. Табысқа масаттану да шынайы ғылымға жат мінез.
Абайтану – Қайым Мұхамедханұлының да, шәкірттердің де сүйікті курсы. Оның себептері де бар. Абай тақырыбы – ғылыми жетекшісі Мұхтар Әуезов ізденістерінің негізгі нысанасы, бас тақырыбы. Ұстазының үлгісімен Абайды,оның ақындық айналасын зерттеуді өмірінің мақсатына айналдырды. Сондай-ақ, ақын музейінің іргетасын құруға қатынасуы, кейінірек директоры қызметін атқаруы, Абайдың туғанына жүз жыл толуына байланысты атқарылған ұлан-ғайыр іс-шаралардың басы-қасында жүруі, институттағы оқытушылық қызметінің алғашқы күндерінен «Абайтану арнайы курсын» оқуы – Кәкеңнің болашақ зерттеулерінің аясын түпкілікті айқындап бергендігі анық. Әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлының көк шатырлы еңселі үйі қазақ зиялылыры Шәкерім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, тағы басқалары жарасымды жиын, мазмұнды мәжіліс, көңілді ойын-сауық өткізетін рухани орталыққа айналуы ескерілетін жәй.
«Абайтану» дәрістерінің кіріспе бөлімінде үш мәселені бөліп, қадағалап айтар еді.
Алдымен, Абай жөнінде әңгіме қозғаудан бұрын текстологиялық зерттеулер жүргізу қажет. Неге десеңіз, ақынның қолжазбалары бізге жетпеген. Ертеректе газет-журналдарда басылған өлеңдері мен 1919 жылы Санкт-Петербургте жарыққа шыққан тұңғыш жинағынан бастап барлық баспа көрген кітаптарының, Мүрсейіт бастаған көшірмелерінің арқасында айтарлықтай айырмашылықтар бар.
Мәтін бір ізге түспей, қалыпқа келмей зерттеулер жүргізу ғалымдарды түрлі қолайсыз жағдайларға қалдыруы ғажап емес. Байсалды талдау қалпына келген, салыстырылған, сұрыпталған мәтіннен басталады. Сол себепті Мұхаңның тікелей тапсырысымен «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» (1959) монографиясын жазғандығын сөз арасында мән беріп айтатын. Қайталап айта беруге, үнемі зерттеушілер көз ауласында болуға тиісті мәселе текстология, мәтінтану. Әбден тексеріліп, қалыпқа түскен мәтінсіз байсалды ғылыми тұжырымға келу қиын. Данышпан Абай қапысыз айтқан: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел». Ақынның биік идеялық-эстетикалық принциптері өрнектелген. Дей тұрғанмен, «сөз түзелді» дегенде бастапқы қалыптағы мәтін ұғымының да есепке алынғандығын жадымыздан шығармайық.
Қайым Мұхамедханұлы өмір бойы Абай текстінің дәлдігін қадағалап, қолынан келгенше бір әріптің бұрмалануына жол бермеуге тырысты. Ал уақыт пен қоршаған орта өз таңбасын қалдырмай қойған жоқ.
Екі томдық шыққаннан соң да өзінің сөзінің өтпегеніне Қайым Мұхамедханов қынжылып, талай айтып еді. «Екі жүз елу сөзді түзеттім, жүз жиырма сөзге түсінік жаздым, бірақ баспаға берген кезде «өздерінше түзеткен», – деп қиналатын.
Мен бұл жерде боссөздікке бармай, «Егемен Қазақстанның» тілшісі, Қайымның шәкірті Дәулет Сейсенұлымен сұхбатын ұсынайын: «Өзі Абайдың артына тастап кеткен өсиет-аманатын орындау үшін, ең алдымен оның сөзін қалың бұқараға ақынның «іші алтын, сырты күміс сөздерінің жақсысын» бұрмаламай жеткізе білуіміз керек. Рас, ақынның ұлы дүбір тойы қарсаңында соған талпыныс жасалғанын жоққа шығаруға болмас. Соған орай, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтында бұрын жабылып қалған абайтану бөлімі қайта ашылды. Осы бөлім ақынның екі томдық академиялық жинағын шығаруға кірісіп кетті. Бұл іске Семейде жатқан мен де шақырылдым. Абайдың бұл жолғы академиялық жинағы екеу емес, төрт томдық болып шығу керек еді. Амалсыз осы екі томмен қанағат етуге тура келді. Ал енді бүгінде соның өзіне көңілім толмайтынын несіне жасырайын!» – деп жүрекжарды шындықты қамығып, қапаланып қайталапты.
«Тегінде біздің академиялық жинақ туралы түсінігіміз қызық», – деп әңгіме өрбітер еді Қайым Мұхамедханов, – бұрын да ұлы ақын шығармаларында қате кеткен сөздер тағы да қайталанып жататын-ды. Сөйтсек, әлгі академиялық жинақтың редакциялық алқасына енгендер шидің басын сындыруға ерініп, бұрынғы жинақтың парақтарың ақ қағазға желімдеп, баспаханаға сол күйі жібере салудан тайынбапты. Кейбір «білгіштер» ақынның 1909 жылы шыққан жинағын қолына ұстап көрмесе де, сенімен ақын өлеңдерінің текстологиясы хақында айтысқысы, салғыласқысы келсе, екіншісі: «Кәке, көз үйренген, қалыптасып кеткен сөзді өзгертіп қайтеміз», – деп сырғақсиды».
Болмаса тағы бір сұхбатында: «… біздің ауылдың ақсақалдары былай айтатын бұл сөзді», – деп қыңырланғанына қатты ренжитін. Кемпір мен шалдың сөзінен ғылым жасалмайды, Абайдың өзі қалай айтып еді, сол текске қарай ұмтылуымыз керек» деуші еді. Ендеше әлі де Абайды зерттеу аяқталмайды. Әуелі дұрыс текст қолымызға тимей, соны түзеп алмай, барлығы салыстырылып зерттелмей, әңгіме шырайы кірмейді.
«Абай щығармаларының текстологиясы жайында» еңбек, бұл – Қ. Мұхамедхановтың күрделі еңбегі. Бұл тектес зерттеу әзір қазақ әдебиетінде жоқ. Ал зерттеу нәтижесінің іске аспауы ғылымға қиянат.
Екіншіден, Абайды тану үшін Әуезовті қайта-қайта ой көзіне салып, конспектілеп оқу керек. Абай да, Әуезов те қатпар-қатпарына үңіліп оқымасаң бойыңа сіңбейді, жүрегіңе ұяламайды.
М.О. Әуезовтен бұрын да Абай жөнінде жазылған, пікірлер айтылған. Олар абайтану ғылымында өзіндік орынға ие маңызды дүниелер. Бірақ, абайтануды ғылыми қалыпқа түсіріп, жүйеге келтірген, негізін салған Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Бұл – тарихи, ғылыми шындық.
Сөз кезегінде, қазақ әдебиетін зерттейтін ғылымның тарихында үлкен дау туғызған, саясаттың ықпалымен бұрмалауға жол берілген Абайдың ақын шәкірттері мәселесіне тоқтала кеткен жөн сияқты. Абайдың ақын шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге Қайым Мұхамедханұлы тікелей М.О.Әуезовтың ақыл-кеңесімен келген. Ұстазының нұсқауымен Абайдың ақындық айналасы төңірегінде қыруар деректер жинақтады. Нәтижесінде, 1993-1997 жылдары баспа көрген «Абайдың ақын шәкірттері» төрт томдығы қолымызда, жариялануы жалғасып жатқан көптомдық шығармалар жинағының (әзірше 8 томы шықты) дені Абай мен оның ізбасарларына арналуы ғалым тындырған еңбектің ұлан-ғайыр екендігіне бұлтартпас дәлел.
Абайтану – қазақ әдебиетін зерттейтін ғылымның құнарлы саласынан. Сондықтан ол әдебиеттанудың қашан да көкейтесті тармағы қатарында ғалымдар көзауласында болмақ. Абайтанудың көрнекті қайраткері Қайым Мұхамедханов мұрасы құндылығын жоймайды.
Еспенбетов А. Абайтанудың көрнекті қайраткері/Абай. –2011. – № 1 –б. 50-52