(ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханов жайлы үзік әңгіме)
Профессор А.Еспенбетовтің жетекшілігімен алған кандидаттық диссертациямның тақырыбы “Қ.Мұхамедханов – әдебиет зерттеушісі” болып бекітілген соң мән -жайды баяндап, үлкен кісінің үйіне телефон шалып едім, жүздесіп, әңгімелесуге қарсы болмады.
Есікті баласы Бекет ашты. Имене, жасқана табалдырықтан аттап, қарсы бөлмедегі Қайым ағаға көзім түсті. Аппақ болып жаткан осынау қарт адам ұлылықтың, әулиеліктің үлгісіндей көрінді маған.
Жағдайымды айтқан соң, мен: “Аға, батаңызды алайын деп едім”,- дедім. “Бата сұрағаныңа қарағанда Құдайға сенесің ғой, -деді де, жауап күтпестен сөйлей жөнелді.
Балам, Аллаға сенген адамның жан-дүниесі таза, рухы таза болады. Рухы биік адам ешкімнен, ешнәрседен аласармас, -деді де, әлдеқандай ой тұңғиығына еніп кетті.
Қайым аға екі көзін тарс жұмып, әлі ой құшағында отыр. Кей сәтте маңдайы жиырыла түседі де, терең бір күрсініп алады. Заманы бөктерген сонау жылдардағы тән азабын қойшы, жан азабын айтсаңшы дегендей, тағы бір күрсінді. Әлі үнсіз. Сол сәтте есіме ақынның
Жай жүрсем, табалады
ұтылды деп.
Қатты бассам, күндеді
құтырды деп
Орта жүрсем, онда да көре
алмады -ау,
Бұл өзі ақылды адам
сықылды деп
жырлаған сұрқия мезгіл куәсі есіме түсті.
Қайым аға нені көрмеді. Шыр етіп дүниеге келгенде 16 -ның көтерілісіне тап болған жас нәрестені алда талай қатпарлы тарих беттері тосып тұр еді: 32-нің аштығы, 37-нің қуғын-сүргіні, 41-дің соғысы, 51-дің солақай саясаты.
Тағдырына бөліп қойған “еншісіндей” сатқындық пен сайқалдықты да көп көрді. Мұқалмады. Шиырыла түсті. Шыныға түсті. “Туғансыз бидің” тура тартар ұстанымын өз өмірінің өзегіне айналдырған сарабдал жан “еңбегі мен ақылы екі жақтан алып шығар” өзіне сенді. Намыстан ада найсаптан басқаның бәрін тебірентетін Абай сөздеріне сенді. Ұлттық мәдениетіміздің тұғыры кемеңгер М.Әуезов сөздеріне сенді. Қос ғұламаның нәрлі бұлағынан тояттап руханилықтың кемел шыңына жетті. “Адамнан туып, адам ісін етпей, ұялмай не бетіммен көрге барам” (А.Байтұрсынов) деген қағиданы берік ұстанған зерттеуші неге болса да, “терең ой, терең ғылыммен” келді. Қ.Мұхамедханов – абайтанушы. Ұлы ақын Абайдың артында өзін де, өзгені де тануға бағыт сілтейтін сөздер қалды. “Жұмбақ адамның жүрегіне терең бойлау” ниетінен туған абайтану ғылымы “тар жол, тайғақ кешулерді” басынан өткерді. “Социалистік Қазақстан* газетінің 1941 жылғы 118 санында Ж.Жұмақановтың “Абайға ешбір қоқыс жараспайды” атты мақаласы жарияланды. Семейдегі Абай мұражайының жайынан хабар беретін бұл мақала мұражайды “жанды-жансыз қоқыстардың” бәрінен дереу тазарту қажеттігіне арналған. “Қ.Мұхамедханов жолдас Әріп ақын жайында мақала жазып отыр. Бұл еңбегінің – Абайға қаншалықты қатысы бас десеңізші”, дей келе автор ғылыми қызметкерлердің уақытты қалай өткізетіндігін сынайды. Бұл Абайдың ақын шәкірттерін зерттеу тұрғысында Қайым ағаға айтылған сыңаржақ пікірдің басы еді. Қазақстандағы «ұлтшылдық” айыптаулармен байланысты науқан осылайша Абайды зерттеушілерді сынаумен басталады. Ал, 1951 жылғы “Абайдың ақын диссертациясы кеңестік идеологияның құрбаны болғаны белгілі. Заманының илеуіне көніп маркстік-лениндік ілім тұрғысынан “дұрыс” тануға тырысқандар диссертацияны жоққа шығарды. Қайым аға жазықсыз түрменің дәмін татты. Ғалым зерттеген Абайдың ақын шәкірттері араға 42 жыл салып халқымен қайта қауышты.
Қ.Мұхамедханов – текстолог. 1951 жылғы Абай мұраларын тануға қатысты айтыстың негізінде бірнеше тақырыптық мәселелер алға койылғаны белгілі. Соның ең ауқымдысы Абай шығармаларының текстологиясы еді. Бар мақсат -мүддесін абайтану жолына сарп еткен Қайым аға өмірі қыл үстінде тұрғанын біле тұра, түрмеден келе салысымен ақын шығармаларының текстологиясын зерттеуі ерен ерлік белгісі емей немене?! Зерттеушінің 1959 жылы жарық көрген “Абай шығармаларының текстологиясы” еңбегі – аталмыш салада жазылған бірден бір жалғыз туынды. Тестолог пайымдаған Ұлы Абайдың “бөтен сөзбен былғанған” сөз саралары бір жүйеге түсті.
Қ.Мұхамедханов – драматург. Драматург қаламынан туындаған “Толқын”, “Майданнан майданға”, “Комиссар Ғаббасов”, “Ер Білісай” пьесалары облыстық, республикалық театр сахналарына ондаған жылдар қатарынан көрсетілуі-драматургтің ірі табысы. Драматургтің қаламынан туындаған пьесалар халық жүрегіне жол тапты.
Қ.Мұхамедханов – аудармашы. Бұл салада әр түрлі жанрда қалам тартады. Татар жазушысы Ш. Кемалдың “Қажы әпенді үйленеді” комедиясын аэербайжан жазушысы У.Габжибековтың “Аршын мал алан” пьесасын, татар ақыны Ғ.Тоқайдын өлеңдерін, орыс жазушысы Н.Карамзиннің “Сормаңдай Лиза» повесін тәржімалайды. Заманы бөлек ұғымы шалғай, болмысы әр алуан туындыларды ана тілімізде сөйлете білу шеберлікті қажет етеді. Аудармашы тәржімалаған өзге ұлт шығармалары төл туындыларымыздай әдебиетімізбен біте қайнасып кетті.
Қ.Мұхамедханов – ақын. 1938 жылы Жамбылдың әдеби кызметінің 75 жылдығына арналған республикалық ақындар сайысында “Жамбыл” атты толғауы бас жүлдені жеңіп алды, ал 1945 жылы Қаз. ССР Мемлекеттік Гимнің авторы болуы ақынның шыққан биігін әйгілейтін межесі, ірі табысы. Ал, «Ақын сөзі» өлеңіндегі
Жауына жай оғындай тиед
барып,
Жүзіндей алмас қылыш
жарқылдай сөз.
От ауыз, орақ тілді жалынды ақын,
Аузынан шыққан қалқып
шаңқылдай сөз – деген жолдар ақынның өресі биік жан екенін айғақтайды.
Көрген-білгенін әділет пен ақылға сыната білген қайсар жан қайтпас
қажырлығы арқасында халық құрметіне бөленді. Ғалым межесін –
айқындайтын бұдан асқан баға жоқ та шығар. Бұл өмірден көрген
рахаты аз болса да, адамдық қасиетін, асқақ рухын арандатпады.
-“Балам, бүгінде ұйқым тыныш, себебі рухым таза “,- деп еді. Қайым аға бір сөзінде.
Жазмышқа не шара. Мәрттіктің үлгісін бойына жиған ғұлама ғалым ажал жастығына бас қойды. Мәңгілік тыныш ұйқыға кетті. Асқақ рухпен аттанды.
Әй, қап!- деп, өкініп жатар құрым киізді қазақ баласымыз ғой. Бұл фәниден “кешкізген” “соқтықпалы – соқпақсыз” кезеңдер үшін, “жүрегіңізді қанға боялтқан” саясат үшін қазақ халқы асқақ рухыңыз алдында бас иіп кешірім сұрайды. Жаныңыз жәнната болсын дейді.
Ұлылықтың көшбасы атанған Абай, Шәкәрім, Мұхтар, есімдері тұрғанда, Қ.Мұхамедханұлы есімі де әдебиет бетінен, халық жүрегінен жоғалмақ емес. Абай жырларындай ғумырдан -ғұмырға жалғасын таба берері сөзсіз.
Ақмарал Төлеуғазықызы
М.Әуезов атындағы Семей
университетінің оқытушысы.
Төлеуғазықызы А. Рухы биік адам // Семей таңы. – 2004. – 10 қыркүйек. – Б.3.