Қайым Мұхамедханов!
Бар қазақтың жүрегіне жол тапқан осы бір қастерлі есімге бәріміз де құрметпен қарауга тиістіміз. Оның себебін, маңызын түсіндіріп жату басы артық нәрсе. Сондықтан, төл әдебиетімізде абайтанудың негізін салған, күрделі тағдырды бастан өткерсе де ғылыми ұстанымына қаяу түсірмеген
Бір жағынан ойлайсың: Алаштың 90 жылдығын ауыз толтырып айтарлық деңгейде атап өте алмай, қайраткерлеріне ескерткіш орнатудың «ауы мен бауы» әлі бітпей кешеуілдеп жатқанда Қайымның жайына қайта оралу нәтижелі болар ма екен деп… Алайда, осыдан төрт жыл бұрын (2005 ж.) сол кездегі облыс басшысы В. Храпуновтың, сол кездегі Семей каласының әкімі Н.Омаровтың атына еліміздің өнер мәдениет және ғылым кайраткерлерінің Қайым Мұхамедхановты есте қалдыру жөніндс жазған Ашық хатын ойға оралтқанда, тағы да жаның жай таппасы хақ. Тіпті, одан да бір жыл бұрын 2004 жылдың 25 тамызында (ол кезде облыс басшысы Т. Абайділдин) Әзілхан Нұршайықов, Бибігул Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Зейнолла Қабдолов (марқұм) бастаған зиялы қауым өкілдерінің өтінішіне де содан бері кұлақ түріп, іске білек сыбана кіріскен жан болмады.
Сөйтіп жүргенде зырылдаған уақыт ағымы төрт-бес жылды артқа тастады. Тірісінде Мұхтардай ұлы ұстазының өсиетін өмірінің өзегіне айналдырып, Абай шығармашылығын зерттеуге бүкіл ғүмырын арнаған, сол үшін 25 жылға сотталса да түрме қабырғасы жігерін мұқалта алмаған Қайым туралы сөз ешқашан таусылмақ емес. Кемел ойлы кемеңгер ғалымның соңына қалдырған ұшан-теңіз еңбектері бұл күңде қазақ әдебиетінің сарқылмас қазынасына айналғаны аян. Ал, бірақ бұл қаншама ауыр азап пен заман зұлматын бастан өткере жүріп, қажымас қайсарлықпен жүзеге асқанын ғалыммен жақын араласқан тағдырлас адал достары мен ұлтының туған тіл-әдебиетін сүйген жанашыр зиялы қауым ғана жақсы біледі.
2006 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан Қайым Мұхамедханұлының отбасы кұрастырып шығарған «Қайым туралы сөз» атты естелік кітапты жай ғана парақтап шықсаңыз-ақ төбе құйқаңыз шымырлай жөнелетін талай шындық пен оның болмыс-бітімі, адамдық қасиеті, ғалымға тән ерекшелігі бірінен кейін бірі менмұңдалап қоя береді.
Оның тағдыр талқысы туралы айтқан мына бір мысалына қараңызшы:
«Біз атақты Ермұхан Бекмаханов, Есмағамбет Ысмайылов, Бекежан Сүлейменов төртеуміз айдалдық. Артымыздан Қажым Жұмалиев сотталды, – деді оқыс басын көтеріп, селт етіп, сергек қалпына келген Қайым ақсақал. – Сегіз ай тергеуде жатқанда жеті тергеушіні ауыстырдым. Алған бетімнен қайтпай койдым. «Мұхтарды сат, ол саған диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт, жазаң жеңілдейді»,- дейді олар. Одан да өлгенім артық емес пе, жалған айтып, қайтіп жер басып жүремін. Олар мені сындырғысы келді. Бір күні ыстық карцерге қамады. Жалаңаш күйімде оймақтай тесіктен сәуле себезгілеген қаратүнек камераға енгізді. Тас еденнің суығы миыңа жетеді. Ортада жез табақ қағылған діңгек-орындықтан басқа ештеңе жоқ. Бір сәтте табаным жылына бастады. Жылу күшейді, табаның күйгенде шыдай алмай, билейсің. Жанымды коярға жер таба алмай, діңгек-орындыққа атып шықтым. Жез табағың одан бетер жалындап тұр екен.
Қабырғаның бәрі жалын шашады. Тынысым тарылып, тамағым құрғады тілім аузыма сыймайды. Осы сәт темір есік сықырлай ашылды да екі езуі екі
құлағына жеткен күзетші жыртык аяққа құйылған су ұсынды. Бір ұрттам суды жөнді іше алмадым, алып кетті. О дүниедегі нағыз тамұқ осы екен ғой деп ойладым. Арғы жағын білмеймін. Бұл менің басымнан кешірген қорлық-зорлықтың бір-ақ көрінісі ғой, қарағым».
Осындай жантөзгісіз азаптардың талайын көріп, маңдайы тасқа соғылса да рухы жасымаған Қайым Мұхамедханұлы туралы әңгіме мұнымен бітпейді. Және қай қырынан сөз қозғасақ та жарқырап, жандана түсері хақ. Оның есімінің қазақ тарихында ерекше аталуының тағы бір ерекшелігі – Қазақстанның тұңғыш Әнұранын жазған бірегей тұлға екендігі. Кеңестік дәуірдегі сол Әнұранды бәріміз де : «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Бостандық өмірге ар үшін қиған жан» деп жаттағанымыз белгілі. Ал, шын мәнінде оның Қайым жазған алғашқы нұсқасы: «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған болып шыққанын ел енді ғана ептеп біле бастады. Ал, «Ердің», «Бізге» айналуына сол кезде Гимннің қосалқы авторлары болған Ғабит Мүсірепов пен Әбділда Тәжібаев себепкер. Ең сорақысы сол, мәтінді негізінен Қайым жазса да, Мәскеу саясатының ықпалымен Мүсірепов пен Тәжібаевтің есімдері бірге аталады. Өйткені, жарқ етіп әлі көзге түсе қоймаған жас ақынның есімі жалғыз тұрғаннан гөрі, әдебиеттің белді өкілдерінің аты-жөндері қосамжарланып тұруы тиіс болатын. Тағы бір «ғажабы» Ғабеңнің Мәскеуге барған сапарында Әнұранға бөлінген 100 мың сом қаламақыдан негізгі авторға бір тиын да бұйырмаған. Бірақ, бұл арадағы әңгіме маңызы қаламақыда емес, Қайымның нағыз ұлт перзенті екендігін танытатын «Ер қазақ» деген сөзінде жатқандығы түсінікті болса керек. Жалпы, Қайым Мұхамедханұлының басына төнген қара бұлт тәуелсіздік орнаған жылдардан кейін ғана ыдырағандығы шындық. Абайтану аясындағы зерттеу еңбектері мемлекет тарапынан қолдау тауып, әсіресе, Абайдың 150 жылдық мерейтойы карсаңында ғалым шығармашылығына баса назар аударылды. 1990-1995 жылдар аралығында ҚР Үкіметінің Абайдың 150 жылдық мерейтойына әзірлік барысында ақын шығармаларының академиялық басылымын шығару үшін М.Әуезов атындағы Ғылым Академиясы жанындағы Әдебиет және өнер институтына аға ғылыми қызметкер болып арнайы шақырылды. 1992 жылы «Абай» журналының оқырманмен қайта қауышуына үлкен үлес қосты. 1993-97 жылдар аралығында басылған «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт томдық еңбек әдебиетсүйер қауымның таусылмас қазынасына айналып отыр. Қайым құлашын қайта жайған сол шабытты шақтар оның азапты күндерін артқа қалдырып қана қоймай, ұзақ жылғы бейнетінің жемісін көруге септігін тигізді. 1996 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қайым Мұхамедханұлына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Сонымен бірге ол халықа¬ралық Абай академиясы алтын медалінің, халықаралық Абай сыйлығының иегері. Бұл сөз жоқ ғалымның ұзақ жылғы еңбегіне берілген әділ баға болатын.
Сонымен, мақаламыздың басында айтылған мәселеге қайта оралайық. Қалай десек те, Қайымдай ғұлама ғалымның, рухы мықт ы ұлт перзентінің есімін мәңгі есте қалдыру қанша уакыт өтсе дс бәрімізге парыз болып тұра бермек. Қаламыздың орталығындағы Интернационал көшесін Қайым Мұхамедханұлының атына беру ғалым дүниеден өткелі бері еліміздің зиялы қауым өкілдерінің ұсынысымен үсті-үстіне қозғалып келе жатса да әлі күнге дейін мемлекет тарапынан бұл мәселеге нүкте қойылмай келе жатқаны қынжылтады-ақ. Қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымға ескерткіш қою да күн тәртібінен түсетін емес.
Қайым Мұхамедханұлын есте қалдыру жөнінде мәселе көтергенде әзірге ауыз толтырып айтар нәтиже санаулы-ақ, «Махат» студиясынан «Алаш-Кайым Мүхамедханов» атты фильм көрерменге жол тартты. 2006 жылы АҚШ-тың Кали-форния штатында ғалымның 90-жылдық құрмстіне арнайы почта маркасы шығарылыпты.
Ал, уақыт болса, сырғып өтіп жатыр… Азапты ғұмыр кешсе де қазақтың қайсарлығын ғылыми ұстанымына тірек етіп, Абай мен Мұхтарға деген адалдығына дақ түсірмеген Қайым Мұхамедханұлын есте қалдыру халыққа қанша кажет болып тұрса да, оны жүзеге асыруға асығар басшы көрінбейді.
Қасымжанұлы С. Қазақтың қайсар ғалымы: Қайым Мұхамедхановтың өмірден өткеніне 5 жыл// Ертіс өңірі.- 2009.- 24 маусым.- б.12