1916 –шы жылы Семей қаласында дүниеге келіппін. Әкем Мұхамедхан (1870) көзі ашық, көңілі ояу, сауатты әрі ауқатты адам еді. Сол кезде шығып тұратын газет, журналдарды түгел дерлік алдырыпты. «Дала уалаятының газеті», «Айқап», «Шора», «Абай» журналдарды, «Қазақ», «Сарыарқа», «Уақыт», «Тәржіман» газеттері; Абайдың кітабы (1909), Шаһкәрімнің, А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, М. Жұмабаевтың, Сұлтанмахмұттың тағы басқа қазақ ақын-жазушыларының кітаптары, дастандары үйіміздің бір бөлмесінде лық толып тұратын.
Жоғарыда аты аталған адамдар және Әлихан Бөкейхановтан бастап, белгілі қазақ зиялыларының көбі біздің үйде жатып та жүрген. Жас шағымда Шаһкәрімді де, Көкбайды да көрдім.
Семей семинариясында оқып жүрген кезінен бастап Мұхтар (Әуезов) әкеммен жақсы таныс болып, туған інісіндей боп кеткен. Пьесаларын сахнаға даярлау кезінде репитицияларын үнемі біздің үйде өткізген.
Мұхтармен бірге: Жүсіпбек Аймауытов, Иса ақын, Әміре, Әлмағамбет әншілер де біздің үйде талай болған.
Бала кезімнен бастап көріп өскен шындықты айтуға бұрын аузымыз бармайтын еді. Сол шындықтың шет жағасын ашып айтуға да еркіндік ала бастадық.
Осы айтылғанның бәрі менің әдебиет әлеміне келуіме себеп болды. 1938 жылдан өлең жаза бастадым.
1937 жылы қарашаның 24 күні әкемді НКВД тұтқынға алып қарашаның 27 – і күні тройка НКВД үкім шығарып, желтоқсанның 2 – күні атып өлтірді.
1929-30 жылдардан бастап басымнан кешкен ауыр қайғы қасіреттің бәрін жазып жатпайын.
1940 жылы Абай музейін құру жұмысына ат салыстым.
1944 жылы Қазақстан мемлекеттік гимнін жазып, жабық конкурсқа түстім. Сол гимн 1945 жылы қарашаның 17 – де қабылданды. Гимн жазуға 18 композитор, 34 ақын-жазушы бәйгеге түсті. Бұл мәселенің тарихы өз алдына жеке әңгіме…
1951 жылы сәуірде «Абайдың әдебиет мектебі» атты еңбегім бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Оның арты дау-шарға, пәле-жалаға ұласты.
Ақырында «халық жауы» ретінде бес адам 25 жылға кесіліп айдалдық. Олар: Е. Бекмаханов, Е. Ысмайылов, Б. Сүлейменов, Қ. Жұмалиев және мен – Қ. Мұхамедханов.
Сол бесеудің ішінен қазір жер басып жүрген, тірі қалғаны жалғыз мен.
Мұхамедханов Қ. Өзім туралы бірер дерек.- Алматы, 2008.-20-21 б.
Мұхамедханов Қ. Өзім туралы бірер дерек.- Парасат.- 1992.- №7.- Б.?