Бүгін жасым жетпістің бесеуіне жетіп, «шал» атанып отырмын. Бұдан 40 жыл бұрын, 1951 жылы, «халық жауы» атанып, 25 жылға сотталып, Карлагтың тар қапас, тас қамауында жатқанда бір ғана тілегім болушы еді. Ол тілегім:
Туған ел – алтын бесік, ұшқан ұям,
Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?!
Тарта гөр, Семейімнің топырағы,
Төстіктей жеріңе мен еркін сыям! – деген тілек болатын.
Адал ниетпен тілеген ақ тілеуім қабыл болып, туған жер, өскен еліме аман-есен оралдым. Құдайға шүкір, әзірге адам қатарлы өмір сүріп, жер басып жүріп жатырмыз.
Мен айдалып кеткенде, тірі жетім болып алты балам қалып еді. Ең үлкені он төрт жаста, одан кейінгілері: он екі, тоғыз, алты, төрт және бір жаста болатын. Енді бір балам іште қалған.
Қарағанды лагерлерінің қиын-қыспағында, ауыр азап тартып, жадап-жүдеп, арып-ашып, бір үміт, бір қауіпте, тағдыр таразысының үстінде қасірет шегіп жүрген шағымда, әсіресе шымбайыма батып, жанымды күйзелтетін өз қара басымның қайғысы емес, шиеттей жас қалған балаларымынң тағдыры, олардың анасының басына түскен тағдырдың талқысы еді.
Бүгін жарық дүниеге келгеніме жетпіс бес жыл толған шағыма шүкіршілік етумен бірге, бастан кешкен өмірімнің ең бір қиын, ұмытылмайтын кезеңін еске алуды мақұл көрдім. Өйткені, өткен күнді еске алып, ескермесек, бүгінгі өміріңнің қадір-қасиетін терең түсіне алмайсың. Бұл туралы естелік әңгімемді кейінірек жарияламақпан.
Лагерьде жүрген кездегі сезім-сырымды, көңіл-күйімді білдіретін, бұдан 40 жыл бұрын жазылған «Балаларыма» атты өлеңімді тұңғыш жариялап отырмын.
Балаларыма
Сағындым да, сарғайдым да жүдедім,
Қайғы отынан өртенгендей жүрегім.
Көңіл қаяу, жүрек баяу соққанда,
Осы өлеңім-дұғам менің тілегім.
Құлындарым, сендерді ойлап сағынып,
Қалғандаймын кейде есімнен жаңылып.
Ұзақ түнде кірпік қақпай жатқаным,
Көкірегім қарс айырылып, аһ ұрып.
Нені ойлаймын кірпік қақпай жатқанда,
Байлық атақ, мансап пен бақ, мақтан ба?!
Қаным қайнап, қапаланып күйем бе,
Дүние үшін ар, ұятын сатқанға?
Оларды ойлап;жанбаймын да, күймеймін,
Байлық, атақ, мансапқа бас имеймін.
Қайғы бұлтын серпіп тастар сендер ең,
Басқа менің сүйерім жоқ, сүймеймін!
Бір күндерде сағым қуып, сандалдым,
Бала көңіл, алдамшы өмір, алдандым.
Табасына тап болғандай тағдырдың,
Шырмауына түстім келіп жалғанның.
Тастүлектей құлаш ұрдым қияға,
Өткен өмір өкінішке сия ма,
Торға түстім қанатымнан қайырылып,
Сендер қалдың, темірқанат ұяда.
Құлындарым есен-аман жүр ме екен,
Әкесінің бар-жоғы бір ме екен?
Мүсілимәм, жасын төгіп, мұңайып,
Суретіме көзін сатып тұр ма екен?
Қазыбегім, түстің екен не халға,
Араласып жүрсің бе әлде жанжалға?
Тірі жетім секілденіп, қарағым,
Сенің дағы үсті-басың дал-дал ма?
Розочкам-ау, екі көзің мөлдіреп.
Қағылса есік: «Әне, аға келді» деп.
Есік ашсаң: ағаң емес, бөтен боп,
Жүр ме екенсің қашан келер енді деп?
Қайран дүние-ай, өзегімді өртедің,
Жайнам-күйем, шердің күйін шертемін.
Ойыма алсам, көзіме жас келеді,
Жәнібегім, айналайын, тентегім.
Көгершіннің баласындай Назымым,
Тірі жанға жоқ қой сенің жазығың.
Тар дүние-ай қыспағында тарығып,
Тыныс бітіп, тұншыққандай қажыдым.
Бекет жаным, тампаң қағып жүгіріп,
Кейде жылап, кейде құлап сүрініп,
Шаршап келіп: алдыма алып сүйгенде,
Қайғы бұлты кетуші еді түріліп.
Тасқа тиіп тасырқады табаным,
Жүрегіме тұр қадалып қаламым.
Дүниеге жаңа келген нәрестем,
Мейірімсіз деме әкеңді, қарағым.
Жүрген күнде еркін басып өмірде,
Қолмен соқтым көріксіз көк темірді.
Күнім түн боп, жігер құм боп жасыдым,
Жалғыздығым енді ғана көрінді.
Жүрек жара аяқ ақсақ, бел жауыр,
Амалың не сұм тағдырға тас бауыр.
Құлындарым, көріскенше күн жақсы,
Бәрінен де сорлы анаңның күні ауыр.
Тіршілікте не көрмейді ғазиз бас,
Кейде шаттық, кейде қайғы, көзде жас.
Шаттығыңа әркім ортақ, дос та көп,
Қайғыңа ортақ шын адал дос табылмас.
Қайғы отына бірдей жанып, күйетін,
Ыстық жүрек, ақ көңілмен сүйетін,
Адал ана, асыл жарым, ардақтым,
Қағыбамдай алдыңда бас иетін.
Жарым болып, жаман атақ тақпадың,
Ана болдың, Ана атыңды ақтадың.
Айнымайтын адал досым, бір өзің:
Фархинұрым, сенсің менің мақтанышым!
Мақтанамын сенің биік жаныңа,
Мақтанамын адамшылық арыңа.
Отқа, суға түссең-дағы қажымай,
Жүрегіңде мені сақтағаныңа.
Қайғы бұлты төнсе дағы басыма,
Жасым жетпей ақ кірсе да шашыма,
Жалын сөнбес, жаным жас боп қайтармын,
Сүйген жарым, жабырқама, жасыма!
Ит боп үріп, мен ешкімді қаппадым,
Қастық жасап, кісіге оқ атпадым,
Алтын көріп, адал жолдан таймадым,
Сұғанақ боп, арам астан татпадым.
Мен кісінің қол созбадым бағына,
Мен ешкімнің таласпадым тағына.
Кең дүниеде жолым даңғыл деп жүріп,
Кез болыппын сүрінетін шағыма.
Карлаг, Теміртау лагері
Шілде 1952 жыл.
Мұхамедханов Қ. Өмір өткелдерінде:Үзінді /Тағдыр және Карлаг.- Алматы, 2008.- 72-74 б.