Белгілі ғалым, «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбаймен сұхбат
Тұрсын аға, абайтанушылардын бірегейі, ғұлама ғалым Қайым Мұхамедхановтың дүниеден озғанына бір жылға толып қалды. Көзі тірісінде өзіңізді он бірінші балам деп бауырына басқан халқымыздың тұлғалы азаматының өмірі сіздің есіңізде қандай жағдайлар арқылы сақталып қалды?
-Ол кісінің жеке басы өте тұйық-тын. Білгенін жинақы ұстайтын адам еді. Оның қолындағы аса сирек құпия деректер туралы бала кезімнен еститінмін. Ұлы Абай мен Мұхаңның тағдырына қатысты әңгімелерді біліп өскендіктен де Қайым аға маған керемет бір жұмбақ, сонымен қатар мінезді адам сияқты болып көрінетін.
“Қайымға шындықты айтқызу қиын, онда сандық бар, сол сандықтың ішінде алтын көмбе бар, сол көмбедегі бүкіл дүние сыртқа шықса, бізде талай-талай шындыққа жауап табылар еді” деген әңгімелер сол кезде-ақ көңіліме қатты ұялаған. Осы ынтызарлық кейін ес біліп, етек жапқан соң ақсақалға таныстыруға алып келді. 1976 жылы мені Қайым ақсақалмен Семейдегі Абай мұражайының директоры Төкен Ибрагимов жүздестірді. Сондағы үш-төрт сағаттық әңгімеден кейін ол кісі жүр деп сыртқа алып шықты. Сол сәтте Төкен аға құлағыма: “Әй, сен қара шалдың шартына толған екенсің. Бар, енді айрылма”, -деп сыбыр ете түсті. Содан, Семей шаһарын аралап жүріп сырласқан ұзақ әңгімеден соң, әкелі-балалы адамдардай боп табысып кеттік қой.
Бірден кесіп айтайын, алған бетінен қайтпайтын, жақынының
Өзінен жалғандықты байқап қалса жауынан бетер жек көретін, ұнаса – қырындысыз құлай ұнататын осынау адамға сонан бергі отыз жыл бойына таңқалумен келемін. Қаншама жылы қабақ танытып, бауырына баса еркелеткенімен де, өз басым Қайым ғүламаның ал-дында үнемі сескеніп тұратынмын. Ол сырты жуас, іші ашуға толы адам еді. Кез-келген адамды мақтай бер, үндемейтін, өзін коса мінеп, өмірге бейімсіздігін айт, күліп койып отыра беретін. Ал енді Абай мен Мұхаң туралы сөз қозғап, сәл ғана жалған сөйлеші, онда шаруаңның біткені! Онда Қайым – арыстан! Атылады да кетеді. Өйткені, өмір сүру мен ғылыми пікір тұжырымдауы тек сол екеуінің ілімі мен тәлімінен үйренген. Ол бұл алыптардан басқа ешкімді мойындамайтын, мойындата да алмайтынсың.
Шындықты бетіне тура айту үшін Қайым Мұхамедханов кісі тандамады. Үлкен бе, кіші ме, шәкірті ме, тіпті дана Мұхтар Әуезов пе, ол ешкімнен сескенбеді. Сол мінезін түрмеден шығып келген бетте Мұхаңа да көрсетіпті. Бұл Мұхтар Әуезовтің бұрынғы пікірлерінен қайтқан бір мақаласындағы мынадай сөйлемдерге байланысты еді. “Мәселе, – депті ол материалында жазушы, – баяғыда 1933 жылы- абайтану жөніндегі менің қате, біржақты пікірімнен басталды.
Істің жайы былай: Абайдың бұрынғы жарияланбаған өлеңдері мен өмірбаяндық деректерін кешігіп барып жинақтағандықтан да (түрмеде
отырғандықтан да) ауызекі тілде айтқан куәлік сөздер мен
естеліктерді сын көзбен қарамай, олардың мәліметтеріне қалтқысыз сеніммен қарадым. Мен олардың маған жеткізген деректеріне дер кезінде қатал сыншылдыкпен қарамадым. Көкбайдың және Абайдың өзге де замандастарының мұрасын халық мүддесіне қарсы және бізге жат екендігін анықтай алмадым. Көкбай сияқты адамдарды бағалаудағы теріс бағыттарым 1939 жылы 30 каңтардағы “Правда” газетінде жарияланған мақалада дұрыс көрсетілгендей, Абайдың жалған шәкірттері туралы пікірлерім Абайдың орысша шыққан шығармалар жинағында да жағымды пікір айтуға итермеледі. Сол сияқты, бұл тақырып туралы менің соңғы жазған рецензияларым да теріс пікір білдіруге ықпал жасады”. Осыған қитығы ұстаған Қайым Мұхаңа:
-Сізде сенімсіз екенсіз ғой, – дегендей ауыр сөз айтыпты. Сонда: “Әй, Қайым-ай, сен нені түсінесің? Түрме саған ештеңе үйретпеді ме? Олардың аңдығаны – сендер емес, сендер үшін осындай әрекетке бардым. Сендерді сөйтіп қорғадым. Егер мен қасарыса берсем сендерді қысады. Мен жұмсарсам – сендерге де жұмсарады. Мұны тактика дейді”,-деп айдаудан келген інісіне әуелде қату, соңынан тату сөзін айтыпты.
-Ғылым үшін, шындық үшін басын бәйгеге тіккен қайсар ғалымның төл туындыларына нақты тоқталсаңыз.
-Қайым ағаның ғылымға арнаған елу жыл ғүмырындағы індете зерттеп, иін қандырған да тақырыбы, бәлкім, ең арналы өмірлік мақсаты мен мұраты да Абай поэзиясының қатпарлы құбылстары шығар. Ол қай кезде болсын ұлы ақын творчествосының барлық саласына атсалысып, тың тұжырымдар, соны пікірлер ұсынып келді. Атап айтсақ: Қайым Мұхамедханов – ұлы ақын өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылуы, басылуы тарихын зерттеген историограф, үш-төрт басылымына түсініктеме жазған библиограф, Абай шығармаларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақындағы монографиялық еңбек бітірген теоретик, сол дәуірдегі әдеби нұсқаларды, ел аузындағы жыр-өлеңді, әңгіме-аңызды қағазға түсірген фольклорист. Егер жоғарыда аталған әр еңбекті жеке сұрыптап, сала-салаға бөлсек, салмағын бағаласақ, бір ғалымның ел, қоғам алдындағы парызын өтеуге осы дүниелерінің өзі артығымен жетіп артылар еді. Алайда,білімге марқаю, ізденіссіз шиырға бой алдыру Қайым ағаға тән мінез емес-тін. Ол сонау ежелгі әдебиет тарихынан бастап, бүгінгі күнгі Мұхтар Әуезов шығармаларының толық басылымына дейін өзінің зертгеу объектісіне айналдырды. Сегіз серінің әндері, Әлиханның, Ахметтің, Мағжанның, Жүсіпбектің қайраткерлігі, Көкбай, Әріп, Мағауия, Ақылбайдың ғұмырнамалары – бәрі-бәрі де назарында болды. Тіпті жоғарыдай сан-салалы зерттеумен шектеліп қалмай, “Ер Білісай”,”Комиссар Ғаббасов” атты пьеса да жазды. Соның барлығында да Қайым Мұхамедхановқа тән ғылыми дәлдік өлшемі, ойтерендігі белгі беріп тұратын.
-Жазықсызда жазықсыз істі болған Қайым аға түрмеде не үшін, кім үшін отырды? Оның сол тұстағы жанкешті ғұмырының өтеуі кейін өтелді ме?
-Тектінің аты – текті, дегдардың аты – дегдар дейміз ғой.? Бірақ кейде сол дегдарымыдың өзі дел-сал күйге қалдырып кететіні өкінішті. Мұхтар Әуезовтің сағын сындырып, санаттан шығару үшін 50-ші жылдары ең әуелі ұлы жазушының төңірегін тықырлай тазалап, содан кейін қара емендей қасқайып өзі қалған соң оны құлату оңай деп ойлаған адамның бірі және белсендісі – “қазақ зиялыларының тектісіне” саналып жүрген Қажым Жұмалиев маркұм еді.Ол Мұхаң шәкірті диссертациясының қорғалуы кезінде: “Абайдың ақындық мектебі деген жоқ. Ол – Әуезовтің тапқаны. Қайым Мұхамедхановтың жазғаны сандырақ. Арандатушы, халық жауы ретінде әшкереленсін» деп екі рет қатарынан үкім шығарады. Қ. Жұмалиев пен С. Нұрышевтің пікірлерінен диссертанттың сескенбеуін өтінген профессор Усанович: “Жас жігіт, бұл сіздің өміріңіздегі ең жауапты бақытты сәт. Күндердің күнінде ондаған ғылым кандидатын дайындаған қарт ғалым – менің осы сөзімді есіңізге алып жүргейсіз. Мен сіздің диссертацияңызбен танысып шығып, мынадай ағалық пікір айтамын: зерттеуіңіз өте құнды, ғылымға қосылған үлкен үлес болып табылады. Тек жасымаңыз, қайтпаңыз”, – деп сол айтыс үстінде батасын береді.
Міне, интеллигент деп осыны айт. Қандай жүрек жылытар сөз! Осындай лебізді сөзді Қайым көзі жұмылғанша өз қандастарының бірінен естімей кетті. Жала жабушылар мен жалған айқайшылар ақыры дегеніне жетіп тынды. Қазақ ССР Ғылым академиясының гуманитарлық Ғылымдар жөніндегі кеңесі мен Қазақстан Жазушылар одағының төралқасы Қ. Мұхамедхановтың “Абайдың әдеби мектебі туралы” атты диссертациясын жоққа шығарып, одан ғылым кандидаты атағын алды және ісі тергеуге берілді. Мұның ақыры немен аяқталғаны белгілі. Ұлы жазушы Қазакстаннан кетіп, уақытша Мәскеуді паналады. Қайым 25 жыл түрменің төріндегі “құтты қонағы» болуға “ризалық білдіріп”, дәл сол уақытта өкіметке жақпай қалған маршал Жуковтың штабындағы генералдармен бірге “сыбаға бөлісіп” шыға келді. Бірақ… Қ. Жұмалиев те жетіскен жоқ. Кейін ол да Сібірге 25 жылды арқалап кете барды. Арада біраз уақыт өткен соң жағдай түзеліп, ақиқат қалпына келтірілді. Қайым аға да түрмеден шығып, ұстазының құшағына қайтып оралды. Алайда, қайсар ғалым қашан көзі жұмылғанша өзіне Мұхтар Әуезовтің жазған елуге тарта хаттарының сол күйі жоғалып кеткеніне қатты өкінумен өтті. Бұл «саяси көзі ашық, алысқа көз жіберетін Нұрышевтердің әрекеті еді.
-Осы сөздің астарында ашылмаған ақиқат бар сияқты. Ғалымның күрмеуі көп күрделі ғұмырын зерттей келе қандай ақиқатқа көз жеткіздіңіз?
-Адам жақсылықты да, жамандықты да өзінің мінезінен табады» деп Абай айтпақшы Қ. Мұүхамедханов та өзінің жеке және ғылыми өміріндегі «алғыс пен қарғысты! Сол турашыл, адал мінезінен тапқан. Мүмкін, оның бұлай қалыптасуына үй-ішінің тәрбиесі де әсер еткен шығар. Семейдегі қазақтардың игі жақсыларының басы қосылып, Мұамедханның шатырлы үйінде Ахмет Бйатұрсынов, Әлихан Бөкейханов, М. Дулатов, Х. Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов Мәннән Тұрғанбаев секілді ағалары дәм татып. талай сұхбат құрған. Шәбасов, Жүсіпбек Аймауытов Мәннан Тұрғанбаев секілді ел ағалары дәм татып. талай-талай сұхбат құрған. Шәкәрім, Көкбай, Иса, Әміре, Мұхтар, Мағжан, Сәбит Дөнентаев ол үйдің өз адамындай болған. Бұлардың ішінде Мұхтар, Әміре, Исадан баскаларының барлығы да кейін «халық жауы” боп ұсталып кетті. Қайымды өкімет әкесінің үйінен қуып шыққан соң да “шәкірт бала” алаш ардақтыларынан ат-тонын ала қашкан жоқ. Керісінше, олардың мұрасын тірнектей жинап, сенімді жерге жасырумен болды. Қандай қиыншылықты басынан кешсе де сол үшін түрмеге қамалса да, осынау халық көсемдері жөнінде бір ауыз қиянат сөз айтпады. Менің ең басты көз жеткізген нәрсем осы. Қалғаны кейін айтыла жатар әңгіме.
-Халқына адал қызмет еткен кайраткердің асыл мұралары енді ұрпақ игілігіне айналары аық. Соның бір жарқын дәлелі – өзіңіз басқаратын “Отырар” ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Қайым Мұхамедхановтың 9 томдық шығармаларжинағының баспаға әзірленіп жатқандығы. Ол ғалымның қандай шығармаларын қамтиды? Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.
-1976 жылы Қайым аға мені бауырым деп, кейін 1990 жылдан бастап “Сен менің ең бірінші баламсың” деді. Өзінің өміріндегі қызығын да, құпиясын да жеке адамдармен қарым-қатынасын да, тағдырын да сол жылдарда маған жасырмай айтты. Оның барлығын баяндап жату қазір шарт емес шығар. Бір адамның бір-ақ адам білетін құпиясы болады. Ол кісі маған соны айтты деп ойлаймын.
Барлық мұраларымды жиып, бастыратын мына Тұрсын болады. Бұған сеніңдер”, – деп бала-шағасына айтып та кетті. Қайтыс боларының алдында да осы мәселені жиі айтты. Енді қазір Қайымның тоғыз баласы әкелерінің барлық материалдарын “Отырар” ғылы ми кітапханасына әкеліп жатыр. Жиналған дүниелер әуелде 6 томдық болады ғой деп ойлап едік. Жоқ қазірдің өзінде Қайым Мұхамедхановтың шығармалары 9 томның айналасына жетіп қалды. Көп томдық осы шығармалар жинағының 1-ші томына 1947-1951 жылдар аралығында жазылып, 1951 жылы қорғалған “Абайдың ақындық мектебі” тақырыбындағы кандидаттық диссертациясынын текстік қолжазбасын беріп отырмыз. Мұндағы айтылған пікірлердің барлығы бүгінгікүнмен астасып жатыр. Еңбектің бірінші тарауында Шортанбай, Дулат, Әубәкір, Мұрат туралы айтылған жерлер бар. Соның ішіңдегі бұлар “ұлтшылдар, діншілдер,діншілдік поэзия” деген пікірді біз сол күйінше қалдырдық. Өйткені, ол өзі солай ғой. Менің таң қалғаным, бұл диссертацияда “Сталин, компартия” деген сөз жоқ. “Қаулысына орай” деген қазір де, болашақта да айтылатын сөздер бар. Біз осы диссертацияны баспаға бере отырып, оған ешқандай өзгеріс енгізбедік. Басында осы ғылыми жұмысқа стенограмманы қоса жариялау ойымызда бар-ды. Бірақ, мына көп томдык ғылыми емес басылым болғандықтан, ол пікірімізді кейінге қалдырдық.
Қайым шығармаларының негізгі бағыттарының бірі -“Абайдың ақындық мектебі” туралы жазған дүниелері 1-ші, 2-ші томға кіреді. Ал, 3-ші, 4-ші томға “Абайдың мұрагерлері” атгы алашордашылар жөнінде жазылған материалдар енгізіледі. Сонымен бірге, Абайдың текстологиясы, Абайдың өмірі, жыраулар текстологиясы мен жыраулардың өмірбаяны, содан кейін сол тұста өмір сүрген казақтың белгілі қайраткерлері Тайыр Жомартбаев, Сейітов, Бороганский, Абайдың кітабын шығарған ағайынды Каримовтар сияқты сирек тағдыр иелері туралы деректер қоса енеді. Бұдан соң Мұхтар Әуезов туралы еңбектер бар. Бұл 5-ші томды қамтиды. Өзінің жеке шығармалары 6-шы томға кіргізіледі. Ал, мұның сыртында іріктеп алғанның өзінде біздің қолымызда қазір 2 томға жететін тағы басқа құнды материаддар бар.
Бұл басылымның жариялануына “Алаш” баспасының директоры Әшімхан Тұяқбаев үлкен белсенділік танытып отыр. Бастапқы 1-ші, 2-ші том Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің бағдарламасымен шығады. Одан кейінгі 3-4-ші томға Шығыс Қазакстан облысының іскерлері колдау көрсетпек. Қалғанын: “Таңғы нәсіп тәңірден” демекші, тағы көре жатармыз.
-Әңгіменізге рахмет.
Т. Жұртбай
Әңгімелескен
Лаура БЕКЖІГІТ,
“Егемен Қазақспган”,
27сәуір, 2005 жыл
Пайдаланылған әдебиет:
Жұртбай Т. Абайдың інісі, Алаштың ірісі // Ертіс өңірі.- 2005.- 12 мамыр.- б.28