Кезінде ел Тәуелсіздігін аңсап, шежірелі қарт Семейде қазақтың қайта өркендеу дәуірін бастаған Алаш қозғалысының көсемдері – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтер еді. Сол арыстарымыздың арманы аспандағы жалғыз жарық жұлдыздай жол көрсетіп, бүгінгі Тәуелсіздігімізге жеткізді десек артық айтқанымыз болмас.

Міне, бүгін ұрпақтар атынан сол арыстарымыздың соңғы тұяғына арналған монументалды стелла басында «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған!» деп ұлтымыздың ғасырлар бойғы арман-мүддесін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген, «Абайдың ақындық мектебін жазып», қазақ әдебиеті тарихының биігіне көтерілген, жазықсыз 25 жылғас сотталып, КАРЛАГ-тың азабы мен тозағының оты өңешінен өтсе де, қайтпаған қайсар кейпінде өзінің туған қаласы  Семейінің үстінен қасқайып қарап Қайым келбеті тұр!

Қайым-ақын, Қайым-қайсардың биікке көтеріліп, қолаға айналып тұрып қалғандай болған осы ескерткішін ұлтының тәуелсіздігін аңсаған қазақ зиялыларының жиынтық бейнесі деуге де болады!

Ақ стелламен қосақтасып, ақпен қабаттасып, төмен сорғалаған татты темір – ақын өміріне кенедей жабысып, жанын сорған, өз зұлымдығынан өзін тат басып кеткен қатал заманды білдіреді.

77

Стелланың оң қанатында монументтің мазмұнын толығымен ашатын, қордайдың қызыл гранитімен көмкерілген пилондар орналасқан.

Бірінші пилон «Халық жауының әйелі» тақырыбына бағытталған. Көрмегенді көрсе де жұбайынан азбаған, жарынан безбеген, күйеуін сатпаған саяси тұтқын әйелдің ерлігін сипаттайды. Шығармасының бір тілімін де жоғалтпай, балаларын «тар жол, тайғақ кеше жүріп» жеткізген аналарымыздың еңбегін асқақтатады.

Пилон мозайка түрінде жасалып, оның ортасында ұлттық тәрбиедегі, ұлттық киімдегі әйел бейнесінің жайраңдаған жас шағы көрсетілген.

Шетте қара көзілдірікті, қара бет, тайғанақ бейнелер.

Опырылып ортаға түскен шаңырақ сол замандағы талай отбасының қасіретін көрсетеді. Қара қошқыл бояулар композицияға қайғылы реңк береді.

Осы бейнелердің мозаика түрінде жасалуында да мағына бар. Сайқал саясатпен шыныдай быт-шыт болып шағылған ақыиқатты тәуелсіз ұрпақ бір-бірлеп жинап, сынықшаларын құрастырып қойғандай . Алдыдан керілген КАРЛАГ –тың тік сым темірлері тұсауланған арманды білдіреді.

Мозаиканың оң қапталында сөзбен соғылған мүсін – 103 жолдық «Кәрі қыран туралы баллада» Қайым Мұхамедхановтың образын ашып, монументтің еңсесін көтереді.

Орталық пилонда алтын әріптермен «Қайым Мұхамедханов» деп таңбаланған. Жазудың үстіңгі жағында қыран мен қасқыр бейнеленген медальон орналасқан. Қыран мен қасқырдың шайқасы «Кәрі қыран туралы балладаның» мазмұнын ашады, ақ пен қара, ақиқат пен жалған арасындағы мәңгілік күрестің символы ретінде ойластырылған.

Оң қанаттағы үшінші пилонның негізгі элементі – ашулы барыс өзінің бар айбатымен, қайсарлығымен Сталин заманына сес көрсетіп тұр.

Бұл – ел үшін заманға қарсы шыққан Алаш арыстарының бейнесі. Барыстың қасында қазақтың бек буынған бағландары : Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышпаев, Жүсіпбек Аймауытов, жас Мұхтар Әуезов бейнеленген.

 

Қайым Мұхамедахановқа арналған ескерткіштің ашылуына ҚР белгілі ақындары Т. Молдағалиев, Т.Жұртбай, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы

Н. Оразалиндермен қатар ШҚО әкімінің орынбасары Т. Түсіпбеков пен жазушының ұрпақтары қатысты.

 

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

 

Смағұлова Е. «Адам болып жер астына кірдің де, тас мүсін боп шыға келдің үстіне…» : Қ. Мұхамедханов ескерткіші жайында // Семей таңы.- 2010.- 14 қазан.- б.1